Осыдан үш ай бұрын астанадағы тергеу изоляторында көз жұмған азаматтық белсенді Дулат Ағаділдің өліміне қатысты іс тоқтатылды. Қоғамдық резонанс тудырып, көпті ашындырған "жұмбағы көп" қаза күтпеген жерден неге тоқтады? 

Астана прокуратурасы істе қылмыстық құқық бұзушылық оқиғасы анықталмағанын хабарлады.

"Оған ешқайда шықпау туралы бұлтартпау шарасын бұзғаны және тергеу органынан жалтарғаны үшін іздеу жарияланған. Осы себептерге байланысты Ағаділге қатысты бұлтартпау шарасы қамауға ауыстырылды. Осылайша, сот үкімінің міндетті түрде орындалуы туралы заң талабы бойынша полиция оны ұстап, қамауға алды. Ағаділді ұстау және оны қамауға алу заң аясында жүзеге асырылды. Өлімнің себептері мен мән-жайларын тәжірибелі мамандар мен арнайы кардиологтар комиссиясы мұқият зерттеді. Олардың арасында марқұмның жақын туыстарының өтініші бойынша тартылған сарапшылар да болды", – делінген хабарламада.

Прокуратураның мәлімдеуінше, сарапшылар Ағаділдің денесінде дене жарақаттарын таппаған.

"Ағаділдің өліміне асқынған миокард инфаркты диагнозы себеп болды. Ауруының салдарынан қан ұйығыштығы бұзылып, сол жақ жүрек қарыншасында қан жеткіліксіздігі байқалған. Сондай-ақ сарапшылар Ағаділдің денесінен жарақат белгілерін таппаған. Осыған орай, ағымдағы жылдың 25 мамырында Ағаділдің өлімі туралы қылмыстық іс қылмыстық құқық бұзушылықтың болмауына байланысты тоқтатылды».

Бұған дейін 24 ақпан кешкісін сағат 20:48-де формасыз келген бір топ полицей "сотқа тіл тигізді" деген айыппен  Дулат Ағаділді "ешқайда кетпеу" шарасы ретінде үйінен алып кеткен еді. Бірақ небәрі 30 шақырымға жетер-жетпес қашықтықтағы изоляторға түнгі сағат 00:00 шамасында жеткізіліп, ертеңіне, яғни ақпанның 25-і күні қайтыс болған. Құзырлы органдар сол күні-ақ азаматтық құқық пен демократиялық құндылықтардың орындалуын талап етіп, бірнеше рет сотталған белсендінің өлім себебін "жүрек қан тамырларының жетіспеушілігі" деп атаған.

Әлеуметтік желі қолданушылары мен Дулат Ағаділдің қазасын аза тұтқан астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Орал, Тараз қалаларына жиналған белсенділер оны жүректен қайтты деген «ресми нұсқаға» сенбейтінін, бұрын-соңды денсаулығына қатысты шағымы болмағанын айтып еді. Ағаділдің рухын жоқтаған, істің әділ әрі ашық жүруін талап еткен жұрт бірнеше күн бойы жиналып президент Тоқаевтың, ішкі істер министрі Тұрғымбаевтың атына талап-арыз жолдаған. Алайда ешқандай ресми жауап берілмеді.

Дулат Ағаділдің «...сотталуға да дайынмын. Өлтіріп те, ұрып та, пышақтап та кетуі мүмкін. Мұны істесе, арнайы қызметтер ғана істейді. Көшедегі біреу істемейді. Өйткені мен көшеде беталды жүрмеймін, арақ ішпеймін, темекі шекпеймін, басқа біреудің ала жібін аттаған емеспін, ұрлық жасмаймын. Сондықтан мұндай әңгімелер болып жатса, сабырлық сақтап сенбеңіздер» деп биліктің арнайы күштік құрылымынан сезіктенетін әрі қастандық жасалуы ықтимал екенін айтқан бейнеүндеуі интернетте тараған.

Артында 6 бірдей баласы қалған Дулат Ағаділ – әлеуметтік проблемалар және азаматтық құқықты сақтау мәселесін көтеріп жүрген белсенді. Биыл тамыз айынан бері бірнеше әкімшілік жазаға тартылып, кем дегенде 60 тәулік қамауда отырған.

"The Qazaq Times"