Бүгінге дейін түп тамыры Қытайдан басталған COVID-19 вирусы 2 млн 892 мың адамға жұғып, 202 мың 500-ге тарта адамның ажалына себепкер болды. Әлемнің экономикасы, технологиясы, медицинасы дамыған алпауыт елдерінің өзінің шаңырағын шайқалтып тұрған вирус онсызда ішкі қақтығыстар мен азаматтық соғыстың зардабынан көз ашпай толассыз босқан босқындарына тосқауыл қоя алмай отырған Таяу Шығыстың халін тіптен ауырлатып барады.

Коронавирустің кеңінен тарқалуына қосанжарлап бар тағдырын қара алтынға байлаған Таяу Шығыс елдері үшін соңғы кездердегі мұнай бағасының шектен тыс құлдырауы тіптен жығылғанға жұдырық болып тиіп жатыр.

Ирак, Ливан секілді кей елдердегі өткен күзден бері үдеп кеткен үкіметке наразылықтар эпидемия себебімен бәсеңдегенімен экономика үшін үлкен соққы болып тиіп жатыр. Айталық халықаралық валюта қорының мәліметінше Таяу Шығыс, Ауғанстан, Пәкістан, Африка экономикасы 3,1 пайызға кеміген. Бұл көрсеткіш алдағы уақтта үдей түсуі бек мүмкін.

Осы ретте гуманитарлық ұйымдар осы өлкеде орналасқан босқындар лагеріндегі  ең берісі су тапшылығының өзі эпидемиялық жағдайдың аса ауыр екенін хабарлап отыр.

Ал ресми деректерде пандемия әлі Таяу Шығыста таралмаған.  Денсаулық сақтау жүйелерін түгелге жуық күйреткен қанша уақыттан бергі қанды соғыс аймақ тұрғындарын ауруханаға барғаннан гөрі үйінде жатып көз жұмуына мәжбүрлейтіні, тіпті сол аймақтарда эпидемиялық тестілеудің қол жетімсіздігі ресми мәліметтің өтірік екенін көрсетеді.

Коронавирустың алғашқы ошағы болған Қытаймен жақын араласып, елге келгендерге тосқауыл қоймай, вирустың алғашқы тарқалу кезеңдерін жасырған. Соның салдарынан Қытай әлемдік вирус ошағы болса, Иран Парсы шығанағының вирус ошағына айналды. Шығанақтағы елдерге негізінен Ираннан тарқай бастады.

Наурыздың басында коменданттық сағат енгізіп, базарлар мен мектептерді жауып, аймақтар аралық транспортты тоқтатқан Сүрияда айдың аяғында алғашқы вирус жұқтырған адамды жариялады. Соңғы он жылдан бергі толассыз соғыс салдарынан сансырап денсаулық сақтау жүйелері түгелге дерлік күйреген Дамасктің де анық ақпарат бермей, иә болмаса бере алмай отырғаны анық.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Сүрияның солтүстігі пандемияның келесі ошағы болуы мүмкін деп ескертті.

Вирустың таралуына Иранды жазғырған Ливандағы шиттердің «Хезболла» тобы осы эпидемияны пайдаланып еріктілерді және медбикелер мен дәрігерді жалдап көшпелі аурухана құрып ел сеніміне кіруге тірісып жатқаныда айтылып жатыр. Бұл елдің экономикасы биыл 12 пайызға қысқаруы мүмкін дейді халықаралық валюта қоры.

Мұнай бағасының құлауы Ливан, Сүрия, Ирак үкіметтерінің күнкөрісінен айырылғандарға төлейтін қаражатының жоқтығынан коронавирустан бұрын ашаршылық қатты қыспаққа алуы мүмкіндігі айтылуда.

Парсы шығанағындағы көп ел енді ғана шұғыл шаралар қабылдап, халықты жаппай тестлеуге көшіп жатыр.

Соңғыы дерек. COVID-19: Иранда - 89 328, көз жұмған 5 650, Сауд Арабиясында - 16299, көз жұмған 136, Біріккен Араб әмірліктерінде - 9813, көз жұмған 71, Иракта - 1763, көз жұмған 86,  Оманда - 1905, көз жұмған 10, Бахрейнде - 2588, көз жұмған 8, Сүрияда - 42 адам, көз жұмған 3, Ливанда 704, көз жұмған 24 адам деп көрсетілген.

"The Qazaq Times-