Қазақстан елшісі Дархан Кәлетаев Украина президенті Владимир Зеленскийге сенім грамоталарын тапсырды.

ҚР СІМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, елші рәсім аясында өткен сұхбат барысында Қазақстанның Украинамен кең ауқымды мәселелер бойынша прагматикалық ынтымақтастықты дамытуды талқылаған.

Сонымен бірге ол екі ел халықтарының тығыз тарихи байланысы мен екі мемлекет арасындағы сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың маңызды әлеуетін атап өтті.

Украина — Қазақстанның Шығыс Еуропадағы ірі серіктес мемлекеті. 2018 жылы Қазақстаннан Украинаға тасымалданатын сұйытылған газдың көлемі рекордық көрсеткішті жаңартты. Өткен жылы тікелей келісім арқылы тасымал көлемі 260 мың тоннаны құраған. Осылайша қазақстандық өнім Украинадағы авто-газ дағдарысын еңсеріп, баға саясатын тұрақты ұстап тұруға мүмкіндік беріп тұр. Украинада сұйытылған газға сұраныс жыл сайын артып келеді, сондықтан екі ел арасындағы газ сауда айналымының көлемі осы жылы да көбейе түспек. 2018 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 1,5 млрд долларға жеткен.

"The Qazaq Times"