Әлеуметтік маңызды тауарлардың бағасын бақылау мақсатында Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Талдықорған қаласы Рақышев көшесінің бойында орналасқан «Magnum» сауда желісінің дүкеніне барды. Бұл жерде 19 әлеуметтік маңызды тауардың 18-і бар  және олардың барлығы да төмен бағада. Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. 

«Magnum» сауда желісі филиалының директоры Лаура Ыдырысованың айтуынша, сауда нүктесінде жалпы барлық тауарлар жеткілікті көлемде, мұндағы азық-түліктің 50%-і - отандықөнім, соның ішінде сүт, сүт өнімдері, нан, нан өнімдері, макарон және кондитер өнімдері бар. Облыстық басмемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес сауда нүктелерінде барлық санитарлық талаптар мен ұйғарымдар сақталып отыр. Дезинфекциялау шаралары тұрақты жүргізіліп, қолды жууға арналған санитайзерлер қойылған. Кіреберісте тепловизормен барлық келушілердің дене қызуы өлшенеді.

Талдықорғанда «Magnum» сауда желісінің екі дүкені бар. Амандық Баталов қаланың оңтүстік-батыстағы жаңа тұрғын ауданынан тағы бір дүкен ашу мүмкіндіктерін қарастыруды тапсырды:

-  Жұмыстарыңызды жалғастыра беріңіздер, біз өз тарапымыздан барлық қолдауды көрсетеміз. Ең бастысы, тұрғындар барлық қажеттіліктермен толық көлемде қамтамасыз етілуі керек. Сауда нүктелерінде әлеуметтік маңызды тауарлардың бағасы мен олардың бар болуына тұрақты бақылау жасаймыз. Әлеуметтік маңызды тауарлардың бағасы мен олардың болуын қамтамасыз етуге бағытталған шаралар қабылдадық. Қазір «Жетісу» ӘКК арқылы облыстағы ірі сауда нүктелерімен және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен келісімшарт жасалуда, соның негізінде кәсіпкерлер банк кепілдігіне айналым қаражатын ала алады. Бұл қатарда«Magnum» сауда нүктелерінің дүкендерінен басқа да нарықта бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан ірі және орта дүкендер бар. Бүгінгі күні бұл мақсатқа облыс бюджетінен біз 1 млрд. теңге бөлдік. Қосымша тағы 1 млрд. теңге бөлуді жоспарлап отырмыз, - деді А. Баталов. Сол сияқты кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы мен «Жетісу» ӘКК басшыларына әлеуметтік маңызды тауарлардың бағасын тұрақты қадағалауды тапсырды.

Сақбек Майя

"The Qazaq Times"