Қазір адамзат үлкен дағдарысты бастан кешіруде. Израилдік тарихшы, "Sapiens: Адамзаттың қысқаша тарихы" (Sapiens: A Breif History of Humankind), "ХХІ ғасырға -21 сабақ" (21 lessons for the 21st century), "Homo Deus: Болашақтың қысқаша тарихы" (Homo Deus: A brief History of Tomorrow кітаптарының авторы Юваль Хараридің айтуынша, бұл біздің ұрпақ үшін дағдарыстың ең үлкені болуы мүмкін. Алдағы бірнеше аптада билік пен адамдар қабылдаған шешім адамзаттың болашағы мен әлемді өзгертеді. Тек денсаулық сақтау жүйесін ғана емес, сонымен бірге экономикаға, саясатқа және мәдинетке де бірқатар өзгеріс әкелмек. "Біз індеттен құтыламыз, көбіміз аман қаламыз, бірақ біз мүлдем басқа әлемде өмір сүреміз", – деп жазады Ю.Харари "Financial Times" басылымында.

Тарихшының сөзінше, әшейінде талқылауға бірнеше жыл кететін шешімдер бірнеше сағатта қабылданады. "Әлі аяқталмаған, тіпті қауіпті технологияларды іске қоса бастайды, себебі қазіргі төтенше жағдайда ештеңе жасамау қаупі бұдан да жоғары. Әлемдегі барлық ел түрлі әлеуметтік эксперименттер жасау үстінде. Бәрі үйден жұмыс істеп, тек алыстан сөйлесіп, қарым-қатынас жасағанда не болады? Барлық мектептер мен университеттер қашықтан оқу форматына көшкенде не болмақ?", – деп сауал тастайды.

Дағдарыс кезеңінде адамзаттың алдында екі маңызды таңдау тұр. Біріншісі, жеке адамның үстінен бақылау жасау (totalitarian surveillance) мен азаматтардың құқығы мен мүмкіндіктерін кеңейту. Екіншісі, ұлттық оқшаулануды енгізу мен жаһандық ынтымақтастықты орнату.

Індеттің таралуын тоқтату үшін бүкіл халық белгілі бір ережелерге бағынуы тиіс. Тарихшының айтуынша, бұған қол жеткізудің екі жолы бар. "Оның біріншісі, билік үшін тұрғындарды бақылауға алып, ережелерді орындамағандарды жазалау. Бүгінгі күні адамзат тарихында технология алғаш рет адамдарды 24 сағат бойына бақылауға мүмкіндік беріп отыр. Осыдан елу жыл бұрын, ҰҚК-нің кеңес азаматтарын 24 сағат бойына бақылауда ұстауға мүмкіндігі болған жоқ. Сондай-ақ комитет жиналған ақпаратты тиімді түрде өңдей алмады. Кеңес үкіметінің Ұлттық қауіпсіздік комитеті сарапшылар мен азаматтарды бақылайтын агенттерге арқа сүйеді. Ал қазір билік не үкімет ет пен сүйектен жаралған адамдарға емес, қуатты алгоритмдер мен датчиктерге сүйеніп отыр", – деп қауіптенген автор коронавирус індетімен күрес кезінде кейбір мемлекеттер бақылаудың жаңа құрылғыларын орнатқанын айтып, Қытайды мысалға келтіреді. "Азаматтарының смартфондарын мұқият қадағалап, жүздеген миллион адамдардың бет-әлпетін танитын камераларды қолданып, тұрғындарға дене температурасы мен медициналық жағдайын тексеріп, есеп беруге міндеттеу арқылы Қытай билігі коронавирус инфекциясын тасымалдауы мүмкін дегендерді тез анықтап қана қоймай, азаматтардың әр қозғалысы мен байланысқа түскен адамдарды лезде анықтап, бақылау жасай алады. Көптеген мобильді бағдарлама (mobile apps) азаматтарға жанында коронавирус індетін жұқтырған науқастардың барын ескертуге мүмкіндік береді".

Оның айтуынша, соңғы жылдары үкімет, ірі корпорациялар адамдарды бақылауға алу, манипуляция жасау және басқару үшін күрделі технологияларды қолдана бастады. Мысал ретінде биометриялық білезікті алайық. Ол азаматтардың дене температурасы мен жүрек соғысын 24 сағат бойына қадағалайды. Алынған мәліметтер мемлекеттік алгоритмдер арқылы өңделеді және талдау жасалады. Бұл алгоритмдер сіздің науқас екенінізді сізден бұрын біледі, әрі кіммен кездесіп, қайда болғаныңызға дейін хабардар болып отырады. Бұл індетті бірнеше күнде тоқтатуға мүмкіндік береді, дегенмен, кемшілігі де жоқ емес.

Уақытша бақылау тұрақты бақылауға айналуы мүмкін. Бұл туралы автор былай деп жазады: "Әлем коронавирус инфекциясынан сауыққан кезде де төтенше жағдайда қолға алынған түрлі бақылау жүйесінен билік өкілдері бас тартпауы мүмкін. Оны инфекцияның қайта шығып кетуімен немесе Африкадағы эбола вирусының жаңа түрі дамуда екені секілді себептермен байланыстыруы мүмкін. Ал адамдарға жеке мәліметі мен денсаулығын таңдау керек болса, әлбетте, азаматтар денсаулығын таңдайды. Азаматтардан денсаулығы мен жеке мәліметінің құпиялылығын таңдауды сұрау - үлкен проблема. Себебі бұл – жалған таңдау. Біз денсаулығымызды да, жеке мәліметтерімізді де құпия сақтауға құқылымыз".

Бұдан басқа оның сөзінше, адамзаттың алдында тұрған екінші маңызды мәселе – ұлттық оқшаулану мен жаҺандық ынтымақтастықтың бірін таңдау. "Бұл вирустың таралуы мен оның экономикалық салдары әлемдік проблема. Оны тек тиімді ынтымақтасу арқылы жеңуге мүмкіндік бар. Халықаралық пойыздар мен ұшақтарды бірнеше айға тоқтату үлкен қиындықтарға әкеп соқтырады, әрі індетпен күресті одан әрі әлсіретеді. Ғалымдарға, дәрігерлерге, журналистерге, саясаткерлерге, бизнесмендерге шекарадан өтуге мүмкіндік беру үшін әлем елдері бірлесіп жұмыс істеуі керек", – деп жазады. Қазіргі кезде мемлекеттер бірігіп әрекет етіп жатқан жоқ. Бірнеше апта бұрын жаһандық көшбасшылар ортақ іс-қимыл жоспарын дайындау үшін жиналыс өткізеді деп күтілген еді. Бірақ, G7 көшбасшылары ұйымдастырған онлайн конференция ешқандай нәтиже берген жоқ.

Хараридің пайымдауынша, қазір әлемге жаһандық көшбасшы керек. "Бұған дейінгі әлемдік дағдарыстарда, атап айтсақ, 2008 жылғы қаржы дағдарысы және 2014 жылғы Эбола індеті кезінде АҚШ жаһандық көшбасшы рөлін өз мойнына алған еді. Алайда АҚШ-тың қазіргі әкімшілігі көшбасшы қызметінен бас тартты. Бұл әрекеті арқылы адамзаттың болашағынан гөрі, Американың болашағы маңызды екенін көрсетті". Автор өз сөзін "Адамзатқа таңдау жасау керек. Біз әрқайсысымыз бөлек-бөлек жүреміз бе, әлде жаһандық ынтымақтастыққа ұмтыламыз ба? Егер ұлттық оқшаулануды таңдасақ, ол бұл дағдарысты ұзартып қана қоймай, болашақта одан да ауыр апаттарға әкелуі мүмкін. Ал егер біз жаһандық ынтымақтастықты таңдайтын болсақ, тек коронавирусты ғана емес, ХХІ ғасырда адамзатқа қауіп төндіруі мүмкін барлық эпидемия мен дағдарыстың бәрін жеңеміз", – деп түйіндейді.

"The Qazaq Times"