Қазір әлем елдерінде, ірі ақпарат құралдарының бәрінде де бір ғана басты тақырып бар, ол болса – Covid-19 індеті. Әлемде тіршілік тоқтап қалғандай. Күллі дүние халқының төрттен бірінен астамы карантинде. Індеттің әлем экономикасына салған зияны мен шығыны толық есептеліп болған жоқ. Бірақ, сарапшылардың пікіріне сенсек коронавирустан кейін әлем экономикасының шығыны бұған дейінгі дүние жүзілік соғыстардан да асып түсуі мүмкін екен. Сондықтан да Батыс елдері болашақ экономиканы демеуші салаларға қазірден бастап қыруар қаржы бөле бастаған.

Дамыған елдердің көбінде төтенше жағдай жарияланып, карантин режимі бірнеше айға жалғасуы мүмкін екені байқалды. Қазірше осы елдердің нақты қаншалық экономикалық шығынға батқанын есептеп шығу қиын. Дегенмен, олардың шығының көлемін экономиканы қолдау үшін бөліп жатқан қаражаттарына қарап-ақ байқауға болады.

Ең үлкен қауіптену Америка Құрама Штаттарында, олар экономиканы қолдау үшін антикризис салымы ретінде 2 триллион доллар қаржы бөлді. Бұл АҚШ тарихындағы экономиканы қолдауға салынған ең үлкен сома. Ал, Еуропа Одағы жарым трлн доллар көлемінде қаржы бөлді. Бірақ, бұл тек бастпақысы, алда бұдан да қомақты қаржы бөлінуі мүмкін. Жалпы көрсеткішті айтар болсақ, «Үлкен жиырмалыққа» (G20) кіретін елдер наурыздың соңына қарай дағдарысқа қарсы салған қаржысы 5 триллион долларды құрайды.

Осы тақырыптағы бірқатар сараптамалық материалдардан білгеніміздей, бұл реткі дағдарыстың бұрынғылардан айырмашылығы көп. Айталық, бұрынғы дағдарыстарда орталық банктер жаңа ақша бірлігін басып шығаратын, бұл жолы мәселе онымен шешілмейді. Әңгіме айналымдағы ақшаны қайда жұмсауда. Алдағы механизмнің түрі зардап шеккендерді қолдауды күшейту. Себебі, дағдарыстан жеңгендер мен жеңілгендердің болмайтындықтан, бір-біріне көмектесуден басқа жол жоқ.

Кезекті дағдарыстың 2009 жылғы экономикалық дағдарыстан кем болмайтынын, тіпті одан да ауыр болуы мүмкін екенін Халықаралық Валюта қорының жетекшісі Кристалина Георгиева да растайды. Оның пікірінше, індетті тез арада тізгіндеп, одан зардап шеккен тармақтарды қалпына келтірген жағдайда 2021 жылы экономикада алға ілгерілеу пайда болуы мүмкін.

Бірақ, бұл дамуды қамтамасыз ету үшін бір ғана экономика саласында ғана салым салу жеткіліксіз. Банкрот жағдайын, жұмыс орындардың қысқаруын тоқтатуға күш жұмсау керек болады, бірақ бұл айтқанға ғана оңай. Соңғы кезде барлық ел үкіметтері антикризистік шаралары туралы мәлімдеме жасап жатыр, қатарында Қазақстан да бар. Бәрінде де айтылатын ортақ уәделер негізінен бизнесті жебеу, қайтарымсыз немесе төмен өсімді несиелер, кәсіпкерлердің шығынын жауып беруб т.б.

Кімдер не істеп жатыр?

Әлемде дағдарысқа қарсы және әлеуметтік қолдау шаралары бойынша алда тұрған Құрама Штаттар. Әлемнің ең бай елі АҚШ дағдарысқа қарсы 2 трлн доллар бөлуден тыс, әлеуметтік жәрдемді де күшейтті. Ал, орта-шағын бизнес 500 млрд доллар көлемінде қолдауға ие болады, шағын кәсіпкерлерді қолдаушы несие ретінде 380 млрд доллар бөлді. Дәл осындай сомада індет себебінен жұмыссыз қалған азаматтарға әлеуметтік қолдау ретінде бөлініп отыр.

Еуропа Одағы болса әлі толық соңғы шешім шығарып болмады. Бірақ, жекелеген еуропалық елдер өз ішінде қолдау қаржысын аямай бөліп жатыр. Германия дағдарысқа қарсы 150 млрд евро бөлген. Бұл елдің ЖІӨ-нің 4,5 пайызын құрайды. Алдағы уақытта бұл соманы алты еседен көбірек арттыратынын айтты. Еуропада дағдарысқа қарсы бөлінген қаржы бойынша алда тұрған француздар, бұл ел коронавирустан ең көп зардап шеккен ел қатарында тұр. Франция 350 млрд евро жұмсамақ, бұл елдің жалпы ішкі өнімінің 15 пайызын құрайды.

 

“The Qazaq Times”