Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі наурыздың 28-і 78, кеше 55 науқас анықталғанын хабарлады. Түркістан және Қостанай облыстарынан басқа барлық өңірде індет фактісі тіркеліп үлгерді.

15 өңірде тіркелген COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар саны 284-ке жетті. Олар:

  • астанада – 167,
  • Алматыда – 70,
  • Атырау облысында – 12,
  • Қарағанды облысында – 7,
  • Ақмола облысында – 6,
  • Алматы облысында – 6,
  • Жамбыл облысында – 3,
  • Шымкентте – 2,
  • Шығыс Қазақстан облысы – 2,
  • Батыс Қазақстан облысында – 2,
  • Қызылорда облысында – 2,
  • Ақтөбе облысында – 2,
  • Маңғыстау облысы – 1,
  • Алматы облысында – 1,
  • Павлодар облысында – 1,
  • Солтүстік Қазақстан облысында бір адам емделіп жатыр.

Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, Алматыдағы екі науқас ауруынан айығып шықты. Біріншісі Франкфурттан оралған әйел, ал екіншісі Мәскеуден келген. Енді екеуі де 14 күн үй карантинінде бақылауда болады. Осы уақытқа дейін сауығып шыққан 20 адам үйіне жіберілді. Бірақ министр Дәурен Абаев пен жауапты ведомство науқастар нақты қандай емшарамен, нендей дәрі құралы арқасында сауыққанын нақты айтпады. 26 наурызда Ақмола облысы Қосшы ауылында коронавирустан қайтыс болған 65 жастағы әйелдің өліміне қатысты шикілік тым көп.

Бүгін, наурыздың 30-ынан бастап коронавирустың тарауына байланысты Атырау, Қарағанды, Теміртау, Шахтинск, Саран, Абай қалалары карантинге жабылады. Шымкент қаласында елдің сыртқа шығуына,  ал осы күнге дейін ешбір науқас тіркелмеген бірден-бір аймақ Қостанай облысы мен Ақтау қаласына кіріп-шығуға шектеу қойылды.

Елде 15 сәуірге дейін төтенше жағдай жарияланған. Бүгінгі жағдай бойынша елдің 11 өңірде (бір облыс-қала, 10 қала), яғни 6 миллионға жуық адам карантин режиміне көшті. Бұл аймақтарда мекендейтін тұрғындар саны халықтың үштен бір бөлігін құрайды.

Dadax комерциялық емес компаниясына қарасты Worldometer статистикалық ақпараттар базасы және АҚШ-тағы Джон Хопкинс университетінің соңғы дерегі бойынша, әлемде 722 мыңнан астам адам қатерлі вирусқа шалдыққан. Сондай-ақ 34 мыңға жуық науқас көз жұмса, 150 мыңдай адам дертінен айықты.

Коронавирус індетін жұқтырған науқастар саны 10 мыңнан асқан 11 ел (Дереккөз: Worldometer)

Елдер Науқастар саны Өткен тәулікте тіркелген науқастар Қайтыс болғандар Ең алғаш инфекция тіркелген күн
АҚШ 142,047 +18,469 2,484   20 қаңтар
Италия 97,689 +5,217 10,779   29 қаңтар
Қытай 81,439 +45 3,300   10 қаңтар
Испания 80,110 +6,875 6,803   30 қаңтар
Германия 62,435 +4,740 541   26 қаңтар
Франция 40,174 +2,599 2,606   23 қаңтар
Иран 38,309 +2,901 2,640   18 ақпан
Ұлыбритания 19,522 +2,433 1,228   30 қаңтар
Швейцария 14,829 +753 300   24 ақпан
Нидерланды 10,866 +1,104 771   26 ақпан
Бельгия 10,836 +1,702 431   03 ақпан
Әлем бойынша 721,946 +58,864 33,966   10 қаңтар

Сонымен бірге COVID-19 індетінің таралу қарқыны көпті алаңдатып отыр. Оның динамикасы:

  • 0 – 100.000 науқас:  110 күнде
  • 100.000 – 200.000 науқас:  12 күнде
  • 200.000 – 300.000 науқас:  3 күнде
  • 300.000 – 400.000 науқас:  2 күнде
  • 400.000 – 500.000 науқас:  47 сағатта
  • 500.000 – 600.000 науқас:  41 сағатта
  • 600.000 – 700.000 науқас:  31 сағатта

Қазіргі таңда қатерлі дерттің алдын-алу мақсатында ДДСҰ-ның дерегінше, 44 түрлі вакцина үлгісі дайындалып жатыр. Бірақ оның ішіндегі ең дұрыс, пайдалы нұсқасын анықтап, өндіріске жіберуге дейін кемі жарты жыл керек көрінеді.

"The Qazaq Times"