Ақпарат министрі Дәурен Абаев бастаған топ әзірлеген заң жобасының «шикі тұсы», мәжіліс депутаттарының сыны және Кремль меммедиасынан «негіз».

Наурыздың 26-сынан бері «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобасы қаралуда.

Депутаттар «азаматтардың бейбіт жиналыс туралы конституциялық құқығын одан әрі іске асыру мақсатында» толықтырылып жатқан заң жобасына бірқатар түзету енгізуді сұрады. Мәселен, журналистердің оқиға орнында жиған материалын құзырлы органдарға ұсынып, рұқсат алу және акция (митинг, шеру, демонстрация, протест, пикет) ұйымдастырушыға 23 жұмыс күнінде (күнтізбелік есеп бойынша бір ай) рұқсат беру секілді «қолбайлау» нормалар. 27 наурыз егде жастағы 20 шақты депутат қатыспаған мәжіліс отырысында екі құжат бірауыздан мақұлданып, түпкілікті редакцияланған толық үлгісі екінші оқылымға жіберілді.

10 наурызда аталған заң жобасы үкімет бастығы Асқар Маминнің қаулысымен  парламент мәжілісінің қарауына жолданып еді.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заң жобаларында мысалға келтірілген халықаралық тәжірибе ресейлік РИА Новости желілік басылымынан ешбір сілтемесіз көшірілген. Концепцияның орысша  нұсқасы аталған сайттың материалымен сөзбе-сөз сәйкес келеді. Біздегі заң актілері мен құжаттары әуелі орысша дайындалып, кейіннен қазақ тіліне аударылатынын ескерсек, тұжырымдаманың мазмұны Мәскеу меммедиасында жарияланған нұсқадан алыс емес.

Биыл 7 ақпанда «Ашық үкімет» порталына орналастырылған заң жобасының 10 тарауы 2818 күн бұрын жарияланған (2012 жыл 21 мамыр) орысша материалдың негізінде жазыған. Арада сегіз жылға жуық уақыт өткен деректі пайдалану қаншалық орынды немесе өзекті, бұл сарапшылардың құзырындағы мәселе.

Құжатқа пікір білдірушілер қатарында белгілі құқық қорғаушы, «Ар.Рух.Хақ» қоғамдық ұйымының төрағасы Бақытжан Төреғожинаның «Это сплошной фарс!!! Теперь понятно почему вы это делали скрытно и без правозащитников-экспертов!» деген коментарийіне әкімші «заң жобасында Қазақстандық заңгерлер одағы республикалық қоғамдық бірлестігінің, сондай-ақ басқа да танымал құқық қорғаушылардың пікірі қамтылғанын» айтып жауап берген.

Қазақстанның белгілі құқық қорғаушылары қатысқан заң жобасында неліктен ресейлік ескірген инсайт қолданылғаны белгісіз.

Зерттеу нысаны – заң жобасының орыс тіліндегі нұсқасында АҚШ (Уашиңтон, Нью Йорк, Сан-Франциско, Лос Анжелес штаттары), Франция, Жапония, Швеция елдерінің тәжірибесі жөніндегі 2260 сөзден тұратын материал түпнұсқадан өзгеріссіз алынған. Ұлыбритания мысалы конспекті түрінде өңделген. Қазақстандық нұсқада Германияның орнына Аустралия, Сингапур және Ресей мысалы берілген.

Ашық дереккөздер негізінде әзірленген интертекст материал болғанына қарамастан, заң шығарушы институттың қағидасы бойынша ондағы мәлімет бірінші (қайнар)көзден тексеріліп, көз жеткізген дұрыс.

Тәуелсіз құқық қорғаушылар парламент мәжілісі қарап жатқан митинг туралы екі заң жобасындағы «халыаралық тәжірибе» негіздемелік тарауындағы материалдар «біршама ескірген, тәуелсіз сарапшылардың қатысуымен қайта қарауды қажетсінеді» деп санайды.

Жұмыс тобы мен кәсіби мамандар біріге отырып, ескі мәлімет негізінде дайындаған, тыйым сарыны басым заң жобасындағы халықаралық тәжірибе тарауының шынайылығы және құқықтық бағасын арнайы сарапшылар бере жатар.

"The Qazaq Times"