Украина президенті Владимир Зеленский 27 наурызға дейін елге оралмаған барлық украиндықтар үшін мемлекеттік шекараны жабу туралы шешім қабылдады. Бұған себеп — коронавирус пандемиясы.

«27 наурыз, жұманың аяғында мемлекеттік шекара жабылып, барлық жолаушылар тасымалы тоқтатылады. Күтуге уақыт жоқ. Үкіметке шетелде жүрген азаматтар мен елдегі 40 миллион азамат арасында қиын таңдау болды. Мемлекет ретінде біздің міндетіміз — елдегі әрбір украиндықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету», — деді Украина президенті.

Зеленский екі апта бұрын шетелде жүрген ел азаматтарына коронавирус дертінің өршуі себепті тез арада Украинаға оралуды ескерткен. Содан бері 80 мыңнан астам азамат елге қайтқан.

Оның айтуынша, шетелдегі дипломатия өкілдіктері мен украин қауымдастықтары алдағы екі күнде елге орала алмаған азаматтарға көмек көрсететін болады.

Қазіргі уақытта COVID-19 вирусын жұқтырғандар саны әлем бойынша 510 мыңнан асып кетті. Украинада 156 адам дертке шалдықса, 5 адам қайтыс болған.

"The Qazaq Times"