Оңтүстік Корея, Қытай, Сингапур және өзге де бірқатар елдер Covid-19 індетін тізгіндеуге қауқарлы екенін көрсеткендей болды. Жапонияда да вирусқа шалдыққандар саны азайып, Хокккайдо сынды індет жағдайы ауыр болған қаладан төтенше жағдай алынып тасталды. Жалпы Азия елдерінде жағдай оңалып келеді, бірақ бұнымен қауіп сейіліп кеткен жоқ. Азия елдеріне енді Еуропа мен АҚШ-тан баратын коронавирустың екінші толқыны жаңа қауіп төндіруі мүмкін. Бұл туралы әлемдегі ірі ақпарат құралдары жарыса жазып жатыр.

Соңғы бір тәулікте пандемия ошағы болған Ухан қаласында вирусқа шалдыққан адам тіркелмеді. Көп уақыт үй карантинде отырған тұрғындар сыртқа шығуына мүмкіндік алды. Сарапшылардың пікіріне сенсек, Азия елдері үшін қорқыныш артта қалды. Алайда, вирустың таралу динамикасы өзгергеніне назар аудару керек. Қазір вирус Еуропа мен Американы үрейде ұстап тұр. Қазақстанға және коронавирустың алғашқы дауылы соғып өткен Шығыс Азия елдері енді Еуропа мен Америкаға шекарасын жаба тұруы мүмкін.

«Азияға қайтып келген вирус»

Соңғы күндері Қытайда тіркелген вирус жұқтырған 34 адам түгелдей шет мемлекеттерден кіргені анықталды. Сингапурда соңғы тәулікте тіркелген 47 адамның 33-і вирусты шетелден жұқтырып келген. Оның отызы үйіне қайтып келген Сингапур азаматтары.

Вирустың таралуына қатысты статистика көрсеткендей Азия елдері үшін қауіпті кезең өтіп кеткенімен, оның аяқталуына әлі де көп уақыт бар. Бұған Оңтүстік Кореяны мысал етсе болады. Оңтүстік Корея індетке қарсы дербес шараларымен жақсы нәтиже көрсетті, бірақ, індеттің таралуы қайта күш алып, ел билігін әлі де әбігерге салып жатыр.

“The Qazaq Times”