Алғаш науқас тіркелген 13 наурыздан бастап денсаулық сақтау министрлігі таратқан ашық көздердегі ақпараттар бойынша қатерлі дерт жұқтырғандар жөніндегі дерек толыққанды емес. 

Штаттық режимде жұмысқа кіріскен ведомствоның әлеуметтік желілердегі аккаунттарында денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен министрліктің ресми өкілі Диас Азметшәріп кезектесіп жаңа деректерді бөлісіп отыр. Дегенмен, жауапты шенеуніктер бірнеше пациент туралы хабарлағанда келу бағыты, мерзімі туралы нақты ақпарат берсе, кешегі 19 науқас тіркелгені туралы мәлімдемеде санақ түрінде қысқа қайырды. Әзірге олардың қайдан қашан нендей жағдайда оралғаны айтылмады. Кейбір науқастың жасы, әлеуметтік статусы белгісіз.

Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, елде кеше кешкісін, 18 наурыз сағат 09:00-де коронавирус табылған науқастар саны 35-ке жетті. Оның 17-сі Алматыда, 18-і астанада тіркелді.

Науқас туралы Жасы / туған жылы Расталған күні Қазақстанға келген күні Рейс / тіркелген қала
1 Ер  адам 46 (1974) 13 наурыз 9 наурыз Берлин-Алматы
2 Әйел 36 (1984) 13 наурыз 9 наурыз Берлин-Алматы
3 Әйел * 13 наурыз 12 наурыз Милан-Мәскеу-астана
4 Әйел * 13 наурыз 9 наурыз Берлин-Алматы
5 Ер адам 62 (1958) 14 наурыз 10 наурыз Мәскеу-Алматы
6 Әйел * 14 наурыз 10 наурыз Варшава-астана
7 Ер адам 25 (1995) 15 наурыз 14 наурыз Сеул-Алматы
8 Әйел 61 (1959) 15 наурыз 10 наурыз Мәскеу-Алматы
9 Қыз бала 12 (2008) 15 наурыз * Берлин-Алматы
10 Әйел 34 (1986) 16 наурыз 15 наурыз Стамбұл-Алматы
11 Нәресте қыз бала 2 (2018) 17 наурыз 13 наурыз Берлин-Минск-Алматы
12 Ер адам 54 (1966) 17 наурыз 10 наурыз Мәскеу-Алматы
13 Ер адам 64 (1956) 17 наурыз 10 наурыз Мәскеу-Алматы
14 19 адам * 17 наурыз * 4-еуі Алматы

15-і астана

15 Әйел 37 (1983) 17 наурыз 17 наурыз Астана тұрғыны
16 Студент қыз 22 (1998) 18 наурыз 15 наурыз Стамбұл-Алматы
17 Әйел 46 (1974) 18 наурыз 10 наурыз Мәскеу-Алматы

Сарапшылар тек Еуропа елдері, Түркия, Оңтүстік Кореядан оралған науқастардан ғана коронавирус табылғанына күмәнмен қарайды. Олардың сөзінше, 6 қаңтардан бері Қытай шекарасынан Қазақстанға өткен онмыңдаған азаматтың бәрі «дін аман болуы күдікті жайт». Ал ҰҚК Шекара қызметінің ай басында жариялаған дерегіне сәйкес, биыл 1-29 ақпан аралығында Қазақстанға мемлекеттік шекараның өткізу пункттері арқылы сырттан 1 539 744 адам келген.

Бүгін шетелде турист ретінде жүрген 235 қазақстандық оралғаны хабарланды. Сондай-ақ Алматы қаласының полиция департаменті «инфекция жұқтырған азаматтармен байланыста болған 798 адам анықталып, медицина мекемесіне жеткізілгенін» мәлімдеді. Соңғы деректерге қарағанда, әлі елге қайтып үлгермеген 4 мыңдай қазақстандық әлемнің басқа мемлекеттерінде жүр.

Қазақстанда COVID-19 коронавирус пандемиясы диагнозымен тіркелген адамдардың саны. Инфографика: QT

"The Qazaq Times"