Бүгін, 16 наурыз сағат 14:00-де мемлекет басшысы Тоқаев республикалық телеарналар арқылы үндеу жасады.

Ол ТЖ енгізілуі мен билік тарапынан қолға алынғанын сөз етті. Сондай-ақ азаматтардың денсаулығы үшін жасалған «өте маңызды шешімдер» туралы айтты. «Уақытша дүрбелеңнен абыроймен өту керек» деп санайтын Тоқаев ел азаматтары үкіметке қолғабыс етуге шақырды. Экономикалық жағдайды басты назарда ұстауға уәде етті. Экс-президенттің «арқасында» қажетті қор қалыптасқанын, азық-түлік жектілікті екенін хабарлады. Оның сөзінше, ТЖ 30 күнге созылады, қоғамдық тәртіпті күзету күшейтіліп, көпшілік болып топтасуға қатаң түрде тыйым салынды.

«Бүкіл халықты жұдырықтай жұмылуға, сабыр сақтауға» шақырамын деді Тоқаев.

Мемлекет басшысының сөзіне қарағанда, бұрынғы президент Назарбаевтың «көреген саясатының нәтижесінде елдің халықаралық резерві шамамен 90 млрд долларға жеткен», бұл экономика тұрақтылығына кепіл деседі.

Сонымен қатар, отандық кәсіпкерлерді қолдауға және жаңа жұмыс орындарын ашуға 300 млрд астам теңге бөлінеді. Бірақ президент теңгенің құлдырауы, медициналық құралдар жөнінде ашып айтпады.

Президент  №285 жарлық бойынша коронавирус пандемиясына байланысты бүгіннен бастап 15 сәуірге дейін елде төтенше жағдай жариялаған болатын. Сондай-ақ Тоқаевтың телевизия арқылы үндеу жасайтынын кеше  баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-тегі парағында хабарлаған еді.

Dadax комерциялық емес компаниясына қарасты Worldometer статистикалық ақпараттар базасының соңғы дерегі бойынша, әлем жұртшылығын елеңдетіп, экономикасын тұралатқан COVID-19 індетіне шалдыққандар саны – 170 мыңға жетсе, қаза болғандар 6500-ден асты.

"The Qazaq Times"