Кеше, 10 наурызда бас прокуратура интернетте тараған белсенді Дулат Ағаділдің мәйітінің видеосына байланысты «Көрінеу жалған ақпарат тарату» бабымен қозғалған қылмыстық іске куәгер ретінде бірнеше белсендіден жауап алды.

Прокуратураға барғандар арасында ерлі-зайыпты Дархан және Динара Өмірбаевтар, Медет Арыстанов пен Қайрат Сейітқалиев бар. Бас прокуратурадағы тергеу түс ауа үште басталып, кешкі онда аяқталды. Бір топ белсенділер олар шыққанша күту залында отырды. Белсенділер мен марқұмның туыстары биліктің «қаза себебі жөніндегі нұсқасымен келіспейтінін», күдікпен қарайтынын, сондықтан дәлел түрінде видеоға түсіргенін айтады.

Абақтыда белгісіз жағдайда көз жұмған белсендінің анасы Гүлбаршын Жолмұхамбетова: «Олар неге үйде әкеткен алты адамның үстінен іс қозғамай, осы уақытқа дейін жайбарақат жүр? Ал мен әлеуметтік желіден алып таста дегенімді бұрмалап, туыстарыма неге іс қозғайды?  Мен оған келіспеймін, соған қарамастан іс қозғайтын болса, органның алдына барып аштық жариялап отырамын. Жақындарыма тыныштық берсін! Олар менің баламның жақын жолдастары», – дейді.

Тергеуге белсенділермен бірге олардың адвокаты Гүлшат Дүйсенова да қатысты. Бірақ ол «құпияны жария етпеу туралы» қағазға қол қойғанын айтып, комментарий беруден бас тартты.

Азаттықтың хабарлауынша, кеше ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев үкімет отырысынан кейін журналистерге белсенді Ағаділдің видеосын тарату ісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын айтты.

24 ақпанда азаматтық киімдегі бірнеше адам билікке қарсы наразылықтарда көзге түскен белсенді Дулат Ағаділді үйінен, тергеу изоляторына алып кеткен. Оған «судьяға бағынбады» деген айыппен іс қозғалған. 25 ақпанда белсендінің астанадағы тергеу изоляторында қаза тапқан еді.

“The Qazaq Times”