6 наурызда Венадағы ОПЕК+ отырысының сәтсіз өтуіне байланысты, мұнай державалары ортақ мәмілеге келе алмағандықтан, бір күнде Қазақстан теңгесі әлсіреп, доллар құны шарықтап сала берді. Ал үкімет бастығы Асқар Мамин Ұлттық банкпен бірігіп, халыққа уәде толы үндеу жариялады. 

Сауд Арабиясы Ресейдің мұнай өндіруді қысқарту ұсынысынан бас тартуына жауап ретінде әлемнің барлық аймағындағы өз мұнайының бағасын төмендетіп, өндірісті тәулігіне 9,7 млн баррельден 12 млн баррельге дейін ұлғайтатынын хабарлады. Салдарынан рубль де, теңге де өз құнын едәуір жоғалтып үлгерді.

Тоқаевтың тапсырмасымен құрылған жедел әрекет ету штабының жетекшісі премьер-министр Асқар Мамин бүгінгі үкімет отырысында «Азаматтарымыздың ешқайсысы қиын жағдайда қалмайды» деп уәде етті. Оның сөзінше, ұлттық экономикаға сыртқы факторлардан төнетін теріс ықпалға қарсы бірқатар шаралар әзірленген.

«Біздің ортақ міндетіміз – әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету және жұмыспен қамту. Әрекет етіп тұрған жұмыс орындарын сақтауға және жаңа жұмыс орындарын құруға ерекше назар аудару қажет. Мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелері орындалатынын атап өткім келеді. Барлық зейнетақы мен жәрдемақы уақытылы әрі толық көлемде төленеді», –  деді ол.

Үкімет азық-түлік, маңызды тауарлардың, қызмет бағасының негізсіз өсуіне жол бермеуге уәде берді. Ұлттық банк валюта нарығын тұрақтандыру үшін интервенция жүргізбек. Үкімет пен Ұлттық банктің бірлескен үндеуінде «Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі валюта нарығындағы тұрақтылықты сақтау үшін шаралар қабылдайды, елде әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтау үшін елде қажетті ресурстар бар» деп сендіруге тырысты.

Ресейге жасалған қайсыбір экономикалық санкция не қысымның Қазақстанға салқыны тимей қоймайды. Өйткені Қазақстан Ресейдің экономикадағы негізгі серіктесінің бірі әрі Мәскеу басқаратын Еуразиялық экономикалық одаққа кіреді. Ең маңыздысы, мұнай-отын өндірісі ел экономикасының негізгі табыс көзі. Өзге де салаларды дамытуға жасалған жүздеген жоба-бағдарламаларға қарамастан ел экономикасының шикізат деңгейінен аса алмауын сарапшылар «коррупция етек алған жүйенің жұмыс істеу механизмі бұзылуымен» байланыстырады. Мамандар «басты шенеуніктер шебінің монополистік пиғылы мен жемқорлық әрекеті кез келген кемел реформаның өзін бас көтертпейді» деп санайды. Әдетте, әлемде мұнай бағасы арзандаған тұста елде қымбатшылық жайлап, халық әлеуметтік-қаржылық дағдарысты басынан кешіреді.

"The Qazaq Times"