Кеше АҚШ-тың әскери күштері Ауғанстанның оңтүстігінде «Талибан» ұйымына қарсы «қорғаныс шарасы» деп аталатын әуе соққысын жасады. Дәл бұдан бірнеше сағат бұрын АҚШ президенті Дональд Трамп «Талибан» ұйымының жоғары жетекшілерінің бірімен телефон арқылы сөйлесіп, бейбітшілік келісімі туралы талқылаған еді.

АҚШ-тың ауған жеріндегі әскери күштерінің мәлімдеуінше, кезекті әуе соққысы Гелманд провинциясында үкімет күштеріне тынбай шабуыл жасап жатқан тәліп күштеріне бағытталған. Мәлімдемеде: «АҚШ күштері бейбітшілікті сақтайды, бірақ Ауғанстандағы серіктестерін қорғауға міндетті», – делінген.

«Талибан» ұйымы таратқан мәліметке қарағанда, президент Трамп пен тәліптердің жоғары жетекшісі мулла Абдул Гани Баллардар арасындағы телефон сұхбаты 35 минутқа жалғасқан. Тәліптердің жетекшісі сөйлесу кезінде өткен сенбіде қол қойылған келісімге сәйкес АҚШ-тың одақтас күштері Ауғанстаннан шегінгеннен кейін ғана Уашингтонмен қарым-қатынасты жақсартуға тырысатынын жеткізген.

Ал, президент Трамп Ақ үйде журналистерге берген жауабында, «Барадармен жақсы әңгімеде болғанын» айтты. Ол сөзінде: «Мен мулламен жақсы тіл табыстым, біз ұзақ уақыт сөйлестік. Олар елдегі зорлық-зомбылықты тоқтатқысы келеді және соған дайын», – деген. Бұл Ақ үй басшысы мен тәліптердің жетекшісі арасындағы алғашқы теле-байланыс. Барадар «Талибан» ұйымының Доха қаласындағы штабын басқарып келеді, ол өткен сенбіде АҚШ-тың Ауғанстан ісі жөніндегі арнайы өкілі Хализадпен тарихи келісімге қол қойған еді.

Бұл жерде президент Трамптың Барадарды «мулла» (молда) деп атағаны да қызық. «Менің ойымша бәріміздің де дәйекті ортақ мүддеміз бар. 20 жыл болды... бұрынғы президенттер де тырысып көрді, бірақ олар келісімге қол жеткізе алмады. Қазір мулла екеуміздің қарым-қатынасымыз жақсы», – деді Трамп.

Ауғанстандағы келісімнің нақты жағдайы

Бұдан үш күн бұрын Ауғанстан президенті Ашраф Ғани болса тәліптермен тұтқындарды алмасу мүмкіндігін жоққа шығарды. Тұтқындарды алмасу – АҚШ пен тәліптер арасындағы келісімнің маңызды мазмұндарының бірі. 18 айға жалғасқан АҚШ пен тәліптер арасындағы келіссөзге өткен сенбіде қол қойылды, бірақ бұған Ауғанстан үкіметі шақырылмады. Осыдан кейін Ауғанстан ресми үкіметінің басшысы Ғани мәлімдеме жасап, тұтқындарды босату мәселесі АҚШ-«Талибан» келіссөзі арқылы ғана емес, ішкі келіссөздер арқылы шешілетінін айтты. Ауғанстанның ішкі келіссөздері 10 наурызда басталады деп белгіленген.

Алайда, тәліптер Кабул билігінің бұл әрекетін келісімді бұзу деп санады. Шын мәнісінде қолға түскен тұтқындар Кабул билігінің қамауында, ал олар келісімге қатыспаған, АҚШ тұтқындарды босату туралы келісімге қол қойды. Келісім бойынша, 10 наурызға дейін ресми билік қолындағы 5 мыңға жуық «Талибан» мүшесі босатылып, тәліптер жағындағы мыңға жуық ресми билік тұтқындары алмасуы керек еді. Бұл бір кереғарлық Ауғанстан билігін сырып тастап, Құрама Штаттар тек тәліптермен ғана санасып отыр деген пікірді де туғызады. Сондықтан да, ресми үкімет тұтқындарды босатуды ішкі келіссөздер кезінде қайта талқылағысы келеді.

Осы кереғарлықты шешу үшін енді АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Ашраф Ғанимен сөйлескені туралы да ақпарат тарады. Не де болса, тәліптермен келіссөз кезінде Құрама Штаттың Ауғанстандағы ресми билікті бір жаққа сиырып қойғаны мәлім болды.

Осыдан кейін тәліптер ресми үкімет келісімді бұзды деп айыптап, сейсенбіден бастап Ауғанстанның әр жерінде шабуылды қайта бастай жөнелген. Бұған жауап ретінде АҚШ әуе соққыларын жасасты. Әрине, бұл Ауғанстанда келісімнің толықтай жойылғаны емес, бірақ, тараптар соңғы нәзік мәселелерге келісе алмай жатқаны бар. Астарында Ауғанстандағы жаңа ойындардың қалай болатыны да көрініп қалды десе болады.

“The Qazaq Times”