ЕҚЫҰ төрағасы, Албания премьер-министрі Эди Рама Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен кездесуде антиресейлік мәлімдеме жасады.

Тараптар өзара байланыстың өте төмен деңгейде, тұрақсыз сипатқа ие екенін ашып айтты. Албания ремьер-министрі Ресейге енгізілген санкциялар мәселесінде АҚШ пен Еуропалық одақты қолдайтынын, Мәскеу әлі күнге дейін агрессиялық саясат ұстанып отырғанын мәлімдеді. Сонымен қатар Эди Рама Украинадағы жағдайдың оңалуына Албания барынша қолдау көрсететінін, Қырым, Донбасс тақырыбы сөз болғанда Ресейдің толықтай кінәлі екенін айтты.

Екіжақты кездесуде Албания мен Ресейдің стратегиялық қарым-қатынасы, экономикалық байланыстары да талқыланды. Дегенмен албаниялық саясаткер Ресейдің агрессиялық ұстанымдарын ашық сынға алып отырды. Талқы барысында Қырым аннексиясы көбірек айтылды.

Айта кетейік, Ресей 2014 жылы Қырымды аннексиялап алды. Киев және Батыс елдері бұл халықаралық құқық нормасына қайшы деп есептейді. АҚШ пен Еуроодақ осыған байланысты Кремльге санкция салды. Мәскеу Қырым аннексиясын «тарихи әділдіктің орнауы» деп атады.

"The Qazaq Times"