Дулат Ағаділовтің қазасына байланысты жиналған Алматы азаматтары президент пен министр, прокурордың атына талап арыз жазды.

Алматыдағы Целинный кинотеатрының маңына жиналған 50-60 шақты белсенді президент Қасым-Жомарт Тоқаев, қала прокуроры Бауыржан Жүрекбаев мен ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың атына арыз жазып өткізді. Талап арыз жазушылар жауапты ведомствоның  БАҚ арқылы ресми түрде жауап беруін сұрайды. Наразылар айналасында полицейлер торауылдап тұр.

Алматы қалалық полиция департаментінің маңына жиналғандар «тергеудің әділ әрі мөлдір жүргізілуін» талап етіп, азаматтық пікіріне бола «қуғындамауды» сұрады. Сондай-ақ «азаматтық белсенділерді заңсыз қудалауды доғарып, саяси тұтқындар мен биылғы митингте қамалғандарды дереу босатуы керек» деп санайды.

Белсенділер «Бостандық!», «Оян, қазақ, көтер басты!» деп ұрандасты. Сонымен қатар олар іс барысын алдағы уақытта тұрақты әрі табанды түрде бақылайтынын, Дулат Ағаділовті еске алу жиынын ұйымдастыратынын айтып тарқасты.

Марқұм Ағаділовті бұрын соңды «жүрек талмасымен» ауырмағанын айтқан белсенділер бүгін түсте астанада, Алматы және Шымкент қаласында наразылыққа шықты. Елордада елуге жуық белсендіні полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Бақытжан Малыбаев бастаған жасақ төрт автобусқа  күшпен тиеп алып кеткен еді.

Протокол толтырмаған, куәгер тартылмаған, адвокат шақыртпай күштеп ұстап әкетті дейді ашынған азаматтық белсенділер. Аймақтағы наразылар «Нұрсұлтан және  Дариға Назарбаевтардың, Ерлан Тұрғымбаевтың отставкасын», «Ағаділовтің өлімін әділ тексерсін» деген талаптар қойды. Құрал Сейітханұлы «билік марқұм өз ауруынан немесе спирттік ішімдік ішіп өлді деген жалған желеумен ақталуға тырысады» деп ойлайды. Белсендінің бірі  «халықтық репрессияға қатысқан, атсалысқан министрден қатардағы сарбазға дейін жазаланатыны халықаралық құқықтық қатынас құжаттарында қарастырылған» дейді. Жиналғандар Ағаділовті өзінің алты баласына барына қарамастан, «тапқан тиын-тебенін көпбалалы әрі әлеуметтік хәлі мүшкіл отбасыларға бөліп беретінін», оның «кең жүректі, мейірбан» адам болғанын көзіне жас алып айтты.

Ағаділовтің қазасына қайғырған Алматы қаласының белсенділері президент атына талап арыз жолдады. 25 ақпан 2020 жыл. Фото: QT

Полиция департаменті баспасөз қызметінің жазуынша «биыл қаңтар айында Дулат Ағаділге айып тағылып, «ешқайда кетпеу» туралы шара қолданылған. Тергеуге келмегеніне байланысты сот шешімімен 24 ақпанда қамауға алынған».

Құзырлы органдар бүгін кешкісін өткен брифингте азаматтық құқық пен демократиялық құндылықтардың орындалуын талап ете жүріп бірнеше рет сотталған белсенді Ағаділов өлімінің себебін «жүрек қан тамырларының жетіспеушілігі» деп атады.

Ағаділовтің өліміне байланысты Алматы қаласында өткен наразылық. 25 ақпан 2020 жыл. Фото: QT

"The Qazaq Times"