Кеше түнделетіп полиция формасынсыз келген бір топ үйінен күштеп әкетіп, бүгін таңда тергеу изоляторында көз жұмған Дулат Ағаділовтің қазасына байланысты алматылықтар  жиналып, қудалау мен сүргінге қарсы наразылық білдіріп жатыр. 

Алматы қалалық полиция департаментінің маңына жиналған 30-ға тарта белсенділер «Нұрсұлтан Назарбаев пен Дариға Назарбаеваның отставкасын» талап етіп, азаматтық пікіріне бола «қуғындамауды» сұрады.

Марқұм Ағаділовті бұрын соңды «жүрек талмасымен» ауырмағанын айтқан белсенділер бүгін түсте астанада, Алматы және Шымкент қаласында наразылыққа шықты. Елордада елуге жуық белсендіні полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Бақытжан Малыбаев бастаған жасақ төрт автобусқа  күшпен тиеп алып кеткен еді.

Протокол толтырмаған, куәгер тартылмаған, адвокат шақыртпай күштеп ұстап әкетті дейді ашынған азаматтық белсенділер. Аймақтағы наразылар «Нұрсұлтан және  Дариға Назарбаевтардың, Ерлан Тұрғымбаевтың отставкасын», «Ағаділовтің өлімін әділ тексерсін» деген талаптар қойды. Құрал Сейітханұлы марқұм «өз ауруынан немесе спирттік ішімдік ішіп өлді деген жалған желеумен» ақталуға тырысады деп санайды. Белсендінің бірі  «халықтық репрессияға қатысқан, атсалысқан министрден қатардағы сарбазға дейін жазаланатыны халықаралық құқықтық қатынас құжаттарында қарастырылған» дейді.

Полиция департаменті баспасөз қызметінің жазуынша «биыл қаңтар айында Дулат Ағаділге айып тағылып, «ешқайда кетпеу» туралы шара қолданылған. Тергеуге келмегеніне байланысты сот шешімімен 24 ақпанда қамауға алынған».

Дулат Ағаділ – әлеуметтік проблемалар және азаматтық құқықты сақтау мәселесін көтеріп жүрген белсенді. Биыл тамыз айынан бері бірнеше әкімшілік жазаға тартылып, кем дегенде 60 тәулік қамауда отырған.

Ол 2019 жылдың 16 желтоқсанында рұқсат етілмеген акцияға қатысты деп айыпталып, 10 тәулікке қамалған еді. Қарашаның ортасында әкімшілік қамауда отырған Целиноград аудандық тергеу изоляторынан қашып шығып, ол әрекетін «заңсыз қудалауға қарсылығым» деп түсіндірген. Полиция екі күн бойы іздеген белсенді 15 қарашада өзі бас прокуратура алдына келген. Кейін ол «сот қаулысын орындамағаны үшін» тағы 6 тәулікке сотталған.

"The Qazaq Times"