Елдегі атқарушы билік қызметін жүзеге асырушы, 17 министрлік пен үш өкіл, бір премьер-минситрден тұратын Қазақстан үкіметінің отырысында үнемі орыс тіліндегі презентация құжаттары ұсынылады. Неліктен?  

Бүгін, 2 наурыз елордада үкімет бастығы Асқар Маминнің төрағалығымен өткен үкімет отырысында коронавирус індетімен күрес мәселесі және сауданы дамытудың жаңа бағдарламасы талқыланды. Денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов пен сыртқы істер министрі М. Тілеуберді, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасары Б. Қамалиев, үкімет басшысының орынбасары Е. Тоғжанов қазіргі жағдай мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы мемлекеттік тілде баяндағанымен, монитордағы материалы тек орысша берілді. Сондай-ақ сауданы дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы тұжырымдамасын  таныстырған сауда және интеграция министрі Б. Сұлтанов та осы сарынды қайталады.

25 ақпанда өткен жиында да «су тасқыны қаупінің алдын алу және жою бойынша атқарылып жатқан істер жөнінде ішкі істер министрі Е. Тұрғымбаев, экология министрі М. Мырзағалиев, индустрия вице-министрі Қ. Өскенбаев, Ақмола облысының әкімі Е. Маржықпаев, Қарағанды облысының әкімі Ж. Қасымбек, астана әкімі А. Көлгінов баяндама жасады. Сондай-ақ шағын және орта бизнес пен жұмыс орындарын ашу туралы экономика министрі Р. Дәленов және «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Э. Жұмағазиев сөз алды. Барлығының презентациясы – орысша.

;t=942s

Мәселенің мән-жайы бөлек әңгіме. Көпті таңғалдырғаны Қазақстан үкіметінің отырысында мемлекеттік тілде ежелеп оқитын ірі шенділердің барлық презентация-есеп материалы тек орыс тілінде көрсетіліп қсынылады. Неліктен? Әлеуметтік желі қолданушылары мұны «көзқамандық», «қазақ тілін жұмыс тілі болғанын қаламайтын қасаң пікірден туған» деп бағалап жатады. Бүгінгі жиында да министрлер мен ресми уәкілдер презентациясын қазақша қорғағанымен, экрандағы мәлімет-дерек сызбалар тек орыс тілінде берілді. Бұл бірінші рет емес. Жыл бойына өткен үкімет отырысының тікелей эфирінен осы олқылық байқалады. «Қазақ тілі тек ауызшаға ғана жарай ма, құжат тілінде әлеуеті дәрменсіз бе еді?» деген орынды сауал туады.

Үкімет отырысы. 25 ақпан 2020 жыл. Фото: primeminister.kz

17 министрі мен екі орынбасары бар үкімет бастығы Асқар Маминнің командасы  ауызекі сөйлерде қазақшаны «шорқақтатып» болса да қолданғанымен, негізгі монитор мәліметтерін таныстырарда орысшаға бүйрегі бұрып тұратындай.

Сөзіміз дәлелді болу үшін 28 қаңтардағы үкімет отырысын алалық. Қазақстан үкіметінің жиынында ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов экономикалық даму жоспары  жайлы, ал экология Мағзұм Мырзағалиев «2020-2030 жылдарға арналған Қазақстанның су ресурстарын басқару жөніндегі мемлекеттік бағдарлама» тұжырымдамасының презентациясын орыс тілінде ұсынды. Баяндама қазақша оқылып жатады, ал монитордағы негізгі дерек-сызба орысша ұсынылады. Тыңдай отырып, көз салатын шенеуніктер бір сәтте билингвистік операциямен санасына салмақ түсіреді. Ал бұдан да маңыздысы «мемлекеттік тілдің ақсарайдағы абыройы». Үкімет өзі үлгі болмаса, етектегіге не деуге болады?

;feature=emb_title

Ақпанның 4-і үкімет үйінде өткен кезекті отырыстың  контентіне үңіліп көрсек, мұнда да сауда министрі Бақыт Сұлтанов азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру туралы баяндамасының әлем-жәлем презентациясын мемлекеттік тілде ұсына алмады. Ал «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысын таныстыруды Назарбаевты еске алумен бастаған цифрық даму министрі Асқар Жұмағалиев те инфографикаға толы деректерінің орысша нұсқасын көрсетті.

;feature=emb_title

Өткен аптада ғана, 18 ақпандағы «2021-2025 жылдарға арналған геологиялық барлау мемлекеттік бағдарламасы тұжырымдамасы» мен электронды сауда мәселесі қаралған үкімет отырысында экология министрі М. Мырзағалиев пен  Б. Сұлтанов әдеттегідей өзі қазақша, материалы орысша «сайрады». Сонымен қоса үкімет мүшелерінен бөлек пошта инфрақұрылымының жай-күйі туралы баяндаған «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Сәкен Сәрсеновтің де презентациясы «спасибо за внимание» деген титрмен аяқталды.

;feature=emb_title

Қазақстан үкіметінің баспасөз корпусына ұлт жанашырлары мен азаматтық қоғам белсенділері «мемлекеттік тілді өгейсітпеуді» қатаң ескертеді.

"The Qazaq Times"