Осы аптада Қазақстан билігінің халықпен диалог орнатудағы әрекеті шындап сынға алынатын екі ірі дата бар. Олардың бірі – БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі отырысы болса, екіншісі – Еуропарламент өкілдері қатысатын Қазақстан – Еуроодақ парламент аралық ынтымақтастық комитетінің отырысы. Екі жиында да ел алдында есеп беретін қазақстандық делегацияның мәлімдемесі кезекті мәрте «утопиялық деректермен» толыққан сыңайлы.

БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриштен бастап 55-тен астам елдің мемлекет басшылары мен министрлері қатысқан сегментте Қазақстан СІМ Мұхтар Тілеуберді бастаған делегация елдегі адам құқықтарының сақталуы және сөз бостандығы жөнінде шындыққа толыққанды жанаспайтын мәлімдеме жасады. М.Тілеубердінің сөз басы «Назарбаев ұстанған бағытты жалғап келе жатқан қазіргі президент Тоқаев адам құқықтары саласында ұлттық және халықаралық стандарттарға толық қол жеткізуге ниетті» деп басталды. Одан кейін президент жолдауындағы «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ерекше аталды. Қазақстан Сыртқы істер министрі, сонымен қатар, БҰҰ ұсынымдарын орындау бойынша практикалық қадам ретінде Қазақстанның өлім жазасын жоюға, митингілер туралы заңнаманы жетілдіруге және әйелдер мен балаларға қарсы зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдатуға бағытталған шешімдерді атады.

Еуропарламент депутаттарының Қазақстанға сапары қарсаңында елдің  ішкі істер министрі Ерлан Тұрғынбаев 22 ақпандағы «заңсыз митингіні» күшпен таратқанда 53 адам ұсталып, 10 адам әкімшілік жаза қолданылғанын мәлімдеді. Бірақ бұл деректің құқық қорғаушылардың дерегінен әлдеқайда алшақ екені бесенеден белгілі. Дәл осы күні, яғни 25 ақпанда ел астанасындағы Еуроодақ ғимаратының алдында ондаған адам наразылық акциясын ұйымдастырды. «Қазақстанда демократия жоқ», «адам құқықтары тапталып келеді» деген наразы топ Еуроодақ өкілдігі мен Еуропаның бірқатар мемлекеттері елшіліктерінің назарын аудартқысы келетінін айтты.

19 ақпанда «Қазақстанның демократиялық партиясын» құрғысы келетін бастамашыл топ өкілдері Алматыда жиын өткізген. Топтың әр аймақтағы мүшелері билік тарапынан қысымға ұшырап жатқанын айтқан демпартия жетекшісі Жанболат Мамай 22 ақпанға жоспарланған құрылтай съездің өтпейтінін, оның орнына топ белсенділері митингіге шығатынын хабарлаған болатын. Сонымен қатар Қазақстандағы екінші оппозицялық топ саналатын «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысы да 22 ақпанда билікке қарсы наразылық өткізетінін хабарлады.

Митинг белгіленген күні Алматы, Шымкент, Тараз, Ақтөбе қалалары және астанада белсенділерді полиция күштеп ұстап әкетті. Жер-жерде ұсталғандар «Шал, кет!», «Оян, Қазақстан!», «Назарбаев кетсін! Дариға кетсін!» деп ұрандатты. Бір Алматының өзінде жалпы саны 200-ге жуық адам ұсталды. Шымкенттегі Тәуелсіздік саябағында күзет күшейтіліп, 20-дан астам адамды полиция әкеткен. Таразда да орталық көшелерде арнайы жасақ жұмылдырылды. Ақтөбе мен астанада полиция кем дегенде он адамды әкетті. Митинг жоспарланған аймақтарда ғаламтор жұмысы нашарлаған. Қазақстан билігінің митинг кезіндегі жаппай ұсталу жөнінде халықаралық ұйымдарға «арба да сынған жоқ, өгіз де өлген жоқ» деген есебі мен де-фактодан алыс мәлімдемелері шындық детекторынсыз-ақ «су бетіне» қалқып тұрғандай.

Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы бұл жөнінде мәлімдеме жасап, Қазақстан билігі бейбіт митинг кезінде ұсталғандарды босатуы тиіс деген талап қойған. Аталған ұйым Қазақстан билігі бұл әрекеті арқылы кезекті мәрте «сөз бостандығын және адам құқығын таптайтын билік екенін дәлелдеді» деп, митингте белсенділерді автозакқа күштеп мінгізген ІІМ қызметкерлерінің әрекетін «масқара, ұят» деп сынға алды. Мәлімдемеде: «Демпартияны және басқа оппозициялық топтарды қолдағаны үшін ұсталғандарды босатуға шақырамыз. Қазақстанда пайда болып жатқан оппозициялық топтарды қуғындау – масқара, ұят жағдай. Саяси партия құру – адам құқығының, сөз бостандығының, бейбіт митингіге шығудың негізі. Қазақстан билігі адам құқықтарын сақтап, оппозицияны қолдағандарды я наразылыққа шығып ұсталғандарды босатуы тиіс», – делінген.

30 жылдай Қазақстан билігіне иелік еткен Нұрсұлтан Назарбаев былтыр наурызда президенттіктен өз еркімен кеткен. Әйткенмен, ол Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы, «Нұр Отан» партиясының лидері ретінде биліктің бір тармағын ұстап отыр. Назарбаевтың орнына президент болып сайланған Қасым-Жомарт Тоқаев бейбіт митинг, саяси партия туралы заңға өзгеріс енгізіп, «естуші мемлекет» тұжырымдамасы бойынша әрекет етуге уәде берген. Алайда шетелдік сарапшылар мен елдегі саясаткерлер «Ақорданың» «Кітапхана» ықпалынан шыға алмайтынын бірнеше мәрте айтқан.

"The Qazaq Times"