Жексенбіде өткен баспасөз жиынында АҚШ президенті Дональд Трамп Ауғанстандағы тәліптермен 7 күндік атысты тоқтату келісімінің «ойдағыдай» өтіп жатқанын, санаулы күнде «Талибан» тобымен бейбіт келісімге келудің мүмкін екенін мәлімдеді.

Трамптың бұл мәлімдемесінен бір күн бұрын, яғни 22 ақпанда тараптардың уақытша атысты тоқтату келісіміне белгіленген 7 күндік мерзімі басталған еді. Трамп Үндістан сапарының алдында журналистерге жауап бергенде, шартты уақыт сәтті басталғанын, «алдағы күндерде не болатынын» көргісі келетінін, сондай-ақ, Ауғанстандағы бейбітшілік осы 7 күндік шартты уақытпен тікелей қатысты екенін айтып өткен.

«Ауғанстандағы зорлық-зомбылықты азайту» деп аталатын келісім сәтті жүзеге асатын болса, бұл АҚШ пен «Талибан» арасында алдағы аптада Дохада өтетін бейбіт келісімге жол ашады. Тараптар расында бейбітшілік келісіміне қол қоятын болса, онда АҚШ өз тарихындағы ең ұзақ соғыстардың бірін тоқтатып, әскерлерін шығаруы мүмкін. Дегенмен, АҚШ қорғаныс министрі Марк Эспердің сөзін еске сала кетейік, ол екі апта бұрын Германияда жасаған мәлімдемесінде АҚШ әскері Ауғанстаннан толық шегінеді дегенді жоққа шығарған, тек әскер саны қысқаруы мүмкін екенін айтқан болатын.

Жексенбіде президент Трамп журналистерге: «Егер атысты тоқтату бір аптаға жетпейтін уақытта жүзеге асса, әрине, мен өз атымды келісім парағына жазамын. Үйге қайтатын кез келді», – деген. Ол және: «Менің ойымша, олар (тәліптер) келісімге келгісі келеді, олар күресуден шаршады», – деді.

Тараптар бұл келісімдерді Катардың Доха қаласында 18 ай бойы талқылап, түзіп шыққан болатын. Айта кетейік, Дохада тәліптердің саяси кеңесі орналасқан.

“The Qazaq Times”