Бүгін Қазақстанның бірқатар қалаларында митинг өтеді деген күні полиция белсенділерді күшпен ұстап жатыр. Өткен аптада митинг қарсаңында ондаған белсенділер ұсталып, әкімшілік қамауға алынды.

09.30 Алматыда митингке бағыт алған он шақты адам ұсталды. Демократиялық партия өкілі Төлеген Жүкеевтің мәліметінше, 70 шақты белсенді ұсталған.

10.24 Төле би-Назарбаев көшелерінің қиылысында «Астана» алаңына бағыт алған белсенділерді ұстау процесі «қарқынды түрде» жүргізілді.

10.33 «Уральская неделя» апталығының бас редакторы Лұқпан Ахмедьяровты ІІМ жауап алуға шақырған (Қылмыстық кодекстің 405-бабының 2-бөлігі бойынша – «Қоғамдық немесе діни бірлестіктің немесе өзге де ұйымның қызметіне қатысу, оларға қатысты экстремизмді немесе терроризмді жүзеге асыру»). Бұл туралы журналист өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды.

10.35 «Oyan, Qazaqstan!» қозғалысының белсендісі, журналист  Әсем Жәпішева «Астана» алаңында өзін полиция әкетпек болғанын хабарлады. Оған басқа журналистер араша болып, полция ұстай алмаған.

ФОТО: Данияр Молдабеков

10:46 Абылай хан даңғылы мен Төле би көшесінің қиылысына Демократиялық партияны жақтаушылардың шағын тобы ғана жете алды. Олардың ішінде партия бастамашылары Төлеген Жүкеев пен Инга Иманбай бар. таңғы уақытта Алматыда митингке жол тартқан 70 шақты белсендіні полиция ұстап әкеткен.

Жанболат Мамайдың әйелі, журналист Инга Иманбай: «Таңғы сағат 5.00-ге дейін Жанболаттың қайда екенін, не болып жатқанын біле алмадық. Тек таңғы бесте ғана Қарасай аудандық полиция басқармасында Жанболаттың Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 488-бабының 3-тармағы бойынша, яғни митингіге шақырды деген айыппен, үш тәулікке қамалғаны туралы сот қаулысын берді. Сот адвокаттың қатысуынсыз өткен. Адвокат сол маңда сағат 11.00-де болды. Ал сот 11.45-те өткен. Адвокат келіп тұрып, кіре алмай қалды. Жанболаттың қорғалу құқығы бұзылды», – деді.

Бұл күні Панфилов көшесі мен «Астана» алаңындағы тамақтану орындары жабылған.

10.50 Полиция алаңдағы журналистердің құжат-куәліктерін тексере бастады.

11.00 Наразы топ Әлия Молдағүлова мен Мәншүк Мәметова ескерткіші маңына жиналып, «Жанболатқа бостандық!» деп ұрандатты. Демпартия өкілі Төлеген Жүкеев: «Билік заңсыз әрекет етіп отыр. Мұның барлығын ұйымдастырып, көріп отырған Назарбаев. Шыны керек, билік Тоқаевтың қолында емес. Халыққа жеккөрінішті болудан биліктегілердің абыройы арта ма? Жан-жақта қамауда отырған белсенді азаматтар бостандыққа шығуы тиіс. Жанболатқа бостандық!», – деді.

Фото: Власть

21 ақпанда кешкі уақытта демократиялық партияны ұйымдастырушы бастамашыл топ өкілдері Жанболат Мамай мен Нұрбол Байтерековтың ұсталғаны хабарланды. 22 ақпанға қараған түні Алматы облысы Қаскелең қаласы Қарасай ауданы полиция басқармасына барған бір топ адам «Демократиялық партия» құру жөніндегі бастамашыл топтың жетекшісі Жанболат Мамайды қамаудан босатуды талап етті. Полиция ғимараты алдына жиналған жиырмадан астам адам «Бостандық» деп айғайлап, Мамайды шығармаса аштық жариялайтындарын мәлімдеді. Кейіннен топ жетекшісі Жанболат Мамайдың «рұқсат етілмеген митингіге шақырды» деген айыппен үш тәулікке қамалғаны хабарланды.

19 ақпанда «Қазақстанның демократиялық партиясын» құрғысы келетін бастамашыл топ өкілдері Алматыда жиын өткізген. Топтың әр аймақтағы мүшелері билік тарапынан қысымға ұшырап жатқанын айтқан демпартия жетекшісі Жанболат Мамай 22 ақпанға жоспарланған құрылтай съездің өтпейтінін, оның орнына топ белсенділері митингіге шығатынын хабарлаған болатын.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен Батыс елдері ресми Нұр-Сұлтанды азаматтардың пікір білдіру еркіндігін, бейбіт жиындар мен бірлесу бостандығын пайдалану құқығын қамтамасыз етіп, митинг туралы заңды халықаралық стандартқа сәйкестендіруге шақырып келеді. Қазақстандық құқық қорғаушылар үкіметі әзірлеген бейбіт митинг туралы жаңа заң жобасында азаматтардың конституциялық бостандықтарын пайдалану құқығын шектейтін бұрыннан келе жатқан ережелер барын айтады.

"The Qazaq Times"