Бүгін түскі сағат 15:00 шамасында Алматы қаласының орталық көшелерінің бірінде Демпартия құруды көздейтін бастамашыл топтың белсенді мүшесі Жанбол Рахматулланы құқық қорғау органының екі өкілі күш көрсетіп, ұстамақ болды. Кешікісін сағат 18:07 кезінде полиция қорғаушы топқа айласын асырып, ақыры белсендіні ұстап әкетті

Гоголь және Наурызбай батыр көшелерінің қиылысында белсендіге тап берген полицейлердің әрекетін бастамашы топтың жетекшісі Жанболат Мамай мен «Жас Алаш» газетінің редакторы Инга Иманбай facebook желісіндегі жеке парағынан тікелей эфирде бейнетүсірілім жүргізді. Бейнежазбадан азаматтық еркін формасында киінген екі полицей белсендіге берілетін шақырту қағазын ұсынбағанын және ұстау себебін ашып айтпағанын көруге болады.

Соңғы кездері «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құруды көздейтін президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөз еркіндігіне рұқсат беретін кепілдігі митинг қарсаңында өз күшін жоғалта бастады. Facebook желісіндегі азаматтық бастамаға  мониторинг жүргізушісі #IHaveAChoiсe #ActivistsNotExtremists  және  адам құқығын қорғауға арналған Qaharman тобы митинг қарсаңында, ақпан айының  6-20 аралығында 15 қаладағы 53 белсендіге полиция тарапынан әртүрлі шара қолданылғанын жариялады.

Әлеуметтік желілерде біраздан бері экс-банкир, қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов жетекшілік ететін, елде экстремистік ұйым ретінде танылып,  қызметіне тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы»  қозғалысы интернет арқылы азаматтарды 22 ақпанға жаппай митингіге шақырып келеді. Әблязовтің жұртшылықты митингіге үндеуімен қатар жарыса профилакикаға қамданатын ІІМ қоғамда «басқаша ойлайтын» белсенділерді әртүрлі айыптармен үйде немесе изоляторда қамауда ұстауды әдетке айналдырған.

Сондай-ақ Жанболат Мамай бастаған Демпартияның ұйымдастыру тобы да ертең Алматы қаласындағы Астана алаңында бейбіт митинг өткізетінін хабарлаған болатын.

Көптеген белсенділер аталған «санкцияланбаған митинг» қарсаңында жауапқа тартылып жатыр.

Тоқаев өткен жылы 5-6 желтоқсандағы Германия еліне мемлекеттік жұмыс сапары қарсаңында желтоқсанның 4-і  Deutsche Welle  неміс басылымының тілшісі Жанна Немцоваға берген сұхбатында « Бүгінде жеке пикет жасағаны үшін ешкім жазаланбайды» деген болатын. Сондай-ақ былтыр күздің басында мемлекет басшысы Тоқаев Қазақстан халқына арнаған жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын таныстырған еді. Бұл «азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратынын» айтқан президенттің сөзі мен ісінің теңдігі туралы қоғам пікірі әр алуан. Тоқаев тұңғыш жолдауында:

«Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады. Сондықтан азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ, аса маңызды жалпы мемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет», – деген болатын.

"The Qazaq Times"