Кеше, 20 ақпан Ақтөбе өңіріндегі мұнаймен айналысатын «М-Техсервис» компаниясының жұмысшылары өткізген наразылықтан соң жалақы 15-33 пайыз аралығында көбейетіні хабарланды.  

«Біз 21 ақпаннан бастап жұмысқа қайта кірістік» депті «М-Техсервис» компаниясының операторы Қаржау Қалиев Азаттыққа.

Алтыншы разряды бар оператор осыған дейін ай сайын 180-200 мың теңге жалақы алып жүрген.

- Жасым 61-де. Балаларым аяқтанды. Соның өзінде жалақым ас-судан артылмай, қиналып жүрдім. Балалы-шағалы, пәтерлерін несиеге алған жанымдағы жас жігіттер менен бетер қиналатын. Осы себепті кеше кеніштегі жұмысты тоқтатуға мәжбүр болдық. Ұзаққа созылған келіссөздерден соң жалақымыз көбейетін болды. Компания басшылары наразылық танытқан жұмысшыларды қудаламауға уәде берді, – дейді Қаржау Қалиев.

Жұмысшылар наразылығынан соң «М-Техсервис» компаниясында жалақы 15-33 пайыз аралығында көбейетінін Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов те растап отыр. 1 ақпаннан бастап «М-Техсервис» компаниясының кеңседе отыратын қызметкерлерінің жалақысына - 15 пайыз, кеніште ауыр жұмыс істейтін жұмысшылар жалақысы 33 пайыз қосылады.

Қайрат Бекеновтің сөзінше, ол 20 ақпан күні кешкілік Кеңқияқтағы кенішке барып, наразы жұмысшылармен кездескен. Кеңқияққа жеткенше жол бойы «М-Техсервис» компаниясының Қытайдағы құрылтайшыларымен телефонмен келіссөз жүргізіп, жұмысшылар талабын жеткізген.

- «М-Техсервис» мұнай өндірмейді. Сервистік қызмет көрсететін компания. Экономикалық мүмкіндіктері шектеулі болғандықтан компания жұмысшылар талабын бірден орындай алмаған. Осыдан кейін облыс басшысы Оңдасын Оразалин «М-Техсервис» компаниясына тапсырыс беруші ірі өндіріс «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамымен келіссөз жүргізіп, 2020 жылғы наурыз айынан бастап тарифтік жоспарды 8-10 пайызға өсіруге қол жеткізді. Яғни, сервистік қызметке төленетін тарифті көбейту арқылы жұмысшылар талабын орындау мүмкін болып отыр-дейді Қайрат Бекенов.

Бейсенбі яғни, 20 ақпанда Ақтөбе облысы Кеңқияқ кенішінде "М-Техсервис" компаниясының елуге тарта жұмысшысы таңертеңнен бастап жұмысқа шықпай, жалақыны 33 пайызға дейін көбейтуді талап еткен болатын. Жұмысшылар наразылық акциясын өткізбей тұрып, компанияның кәсіподақ комитеті мен басшыларына өздерінің талаптарын жеткізген. Бірақ мәселе шешілмеген.

«М-Техсервис» компаниясы - 2003 жылы Ақтөбе қаласында тіркелген қытайлық мекеме. Ол «Маңғыстаумұнайгаз» игеріп жатқан Маңғыстау облысындағы Бозащы және Жетібай, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясының Кеңқияқ кенішіндегі мұнай ұңғымаларын жөндеу бойынша қызмет көрсетеді. Онда 500-ге жуық адам еңбек етеді.

"The Qazaq Times"