Білім министрлігі «Астана» университетін сотқа берді. Аталған оқу орны университеті ҚР Білім және ғылым министрлігінің тексеру жұмыстарына кедергі келтіріп, қажетті құжаттарды ұсынбаған.

Министрлік мәлімдемесінде: «2020 жылдың 12 ақпанында ҚР БҒМ тарапынан университетке профилактикалық бақылау жүргізілетіндігі туралы хабарлама жіберілді. Келесі күні тиісті акт ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінде тіркелді. 17 ақпанда университет комиссияға жоғары оқу орнына кедергісіз кіруді қамтамасыз етіп, бақылау нысанына сәйкес қажетті құжаттарды немесе олардың көшірмелерін ұсынуға міндетті болды. Алайда, «Астана» университеті Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 155-бабының 2-тармағының 1) және 2) тармақшаларын бұзып, комиссияға тиісті құжаттарды ұсынбады», – делінген.

Былтыр тамызда «Астана» университетіндегі жоспардан тыс тексеру нәтижесінде аталған білім беру ұйымында қолданыстағы талаптарға сәйкес келмеген мәселелер анықталған болатын. Мәліметтер бойынша, университетке қабылдау ережелері, студенттерді ауыстыру және қайта қабылдау тәртібі, емтихан өткізу және емтихан сессиясының қорытындысы бойынша құжаттар жүргізу тәртібі бұзылған. Сонымен қатар, аралық бақылау жүргізу кезінде Академиялық саясат сақталмаған.

"The Qazaq Times"