Экс-президент Назарбаев үкімет басшысы мен ұлттық банк төрағасын қабылдап жатқан тұста қазіргі президент Тоқаев ел ішінде «билік тәпсіршісі» атанып кеткен ақпарат министрін қабылдап, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен азаматтық қоғам туралы сөз қозғапты-мыс.

Кеше, ақпанның 19-ы екі бірдей президент Назарбаев пен Тоқаев жарыса ірі шенеуніктерді қабылдау күнін өткізді. Ақорданың хабарлауынша, мемлекет басшысы ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевты қабылдап, еріктілер жылының тиімді өткізілуіне, оларға қолдау көрсетудің нақты институтын қалыптастыруға ерекше көңіл бөлуді тапсырды. Сондай-ақ «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруға азаматтық қоғамды тартудың, «Ашық үкімет» қағидаттарын дамытудың маңызы зор екенін айтыпты. Онымен қоймай, президент министрге қазақстандық БАҚ-ты қолдауға бағытталған нақты шешім қабылдау жөнінде тапсырма берген деседі.

Апта басында ғана Алматы қаласында белсенділермен митинг туралы дөңгелек үстел өткізіп, ұнаған «ұсыныстар қаралады» деп кеткен Абаев кездесу барысында «президентке мемлекеттің ақпараттық саясатының тетіктерін жетілдіру, азаматтық қоғаммен ықпалдастықты нығайту, жастардың бастамалары мен жобаларына қолдау көрсету, сондай-ақ диаспоралық және діни саясат бағытында жоспарланған шаралар туралы» баяндаған көрінеді.

Дәл осы күні Ақордамен қатар Кітапханада да маңызды қабылдау өтті. Премьер-министр Асқар Мамин және ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев Назарбаевпен кездесіп, есеп беріп шықты. Мамин елдің экономикалық жағдайын, ал бас банкир Досаев қаңтардағы ақша-несие саясатын жүзеге асыру, елдің алтынвалюта активтері мен ұлттық қордың ахуалы туралы баяндап беріпті.

"The Qazaq Times"