Американың Rosneft Trading компаниясына енгізген санкциялары Венесуэлаға қарсы бағытталған. АҚШ президенті Дональд Трамп осындай мәлімдеме жасады.

Эндрюс әскери базасында журналистермен кездесу өткізген Трамп: «Біз Венесуэлаға қосымша өте қуатты санкциялар енгіздік. Не боларын көрейік. Венесуэланы мұқият бақылап отырмыз», – деді.

18 ақпанда АҚШ әкімшілігі Венесуэладан мұнай сатып алған Rosneft Trading компаниясына және оның президенті Дидье Касимироға қарсы шектеу шараларын енгізу туралы хабар таратқан. Ресми Уашингтон Rosneft Trading компаниясының шетелдік серіктестерімен жасалған мәмілелерін аяқтауға 90 күн беріп отыр.

Rosneft Trading – ресейлік «Роснефть» ірі мұнай компаниясына тиесілі кәсіпорны. Ресейлік компания Венесуэладағы ірі шетелдік инвесторлардың бірі, ол венесуэлалық PDVSA-мен бірге мұнай өндіру бойынша бірнеше жобаны жүзеге асырады. Сондай-ақ, компанияларда Perforosven бірлескен мұнай сервистік кәсіпорны бар.

"The Qazaq Times"