Астанада ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің бұрынғы төрағасы Ислам Әбішев пен Серік Түкиевтің ісіне байланысты  сот үкім шығарды.

Астана сотының Ислам Әбішевті бес жылға бас бостандығынан айыруы қоғамда өткір сын тудырып үлгерді. Әбішев жазасын ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде өтемек. Сондай-ақ «Қазақ күресі» федерациясының бұрынғы вице-президенті Серік Түкиевті төрт жылға абақтыға жабу жазасына кесті.

Тергеу нұсқасы бойынша, Әбішев Соколовтегі сумен жабдықтау жүйесін салу және бірнеше елді мекенде желі жүргізуде жалпы құны 5,8 миллиард теңге (15 миллион доллар) болатын мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасу үшін 60 миллион теңге (160 мың доллар) көлемінде пара алған-мыс. Параның бір бөлігі, 10 миллион теңге (26,5 мың доллар) Түкиев арқылы беріліпті дегенді алға тартады.

Сот процесі барысында жиі қоғам сынына ұшыраған судья Қажымұқан Мекемтас 11 айдан астам тергеу изоляторында қамауда болған күдіктілер: Әбішевті 5 жылға, Түкиевті 4 жылға бас бостандығынан  айыруға үкім шығарды. Сот жауапкершілікті ауырлататын мән-жайдың табылмағанын және осы уақытқа дейін қызметтегі жетістіктерін ескере отырып, прокурордың айыптау актісінде сұраған 11 жылды бес жылға дейін қысқартыпты.

Адвокат Абдурахманов А., Құспан А., Есқараев М., Жүнісбай С. Ислам Әбішев пен Серік Түкиевті қорғауға барын салды. Үкімге наразы адвокат Абзал Құспан «адвокаттық лицензиямды тапсырып, әділдікті көшеден іздеймін» деп сот төрелігіне қарсылығын білдірді. Қорғаушылардың сөзінше, қылмыстық құрам мен мотив, салмақты дәлелдің жоқтығына қарамастан, қайсыбір мүдделі топтың ықпалымен осындай шешім қабылданған болуы ықтимал.

Ислам Әбішев 2012 жылы АШМ Су ресурстары комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалды. 2013 жылдың шілдесінде қызметінен аластатылды. 2014 жылдың шілдесінде қайтадан комитет төрағасы қызметіне келді. Ал 2019 жылғы 14 наурызда Әбішевті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлері тұтқындады.

Бұған дейін «пара алуға ыңғай танытты» деген айыппен белгілі шенеунік Ислам Әбішев күдікке ілініп, тергеу амалдары аяқталып, іс сотқа жолданған. Ел ішінде «көп сериялы күзгі комедия» атанған іске қатысты құқық қорғаушылар Әбішевтің «бөлінген қаражатты үлкен ойыншылармен бөліспей, бюджетке кері қайтарғаны» үшін «арнайы тапсырыс берілген сценраий» бойынша айыптап жатқанын айтқан болатын. Әбішев сотына төрелік еткен судьяның адвокат Абзал Құспан «прокурордан да өткен айыптаушы» екенін мәлімдеген еді. Әр сот отырысын тікелей эфирден үзбей қарайтын азаматтық қоғам өкілдері судья Қажымұқан Мекемтастың сот отырысында өзін ұстауы мен мемлекеттік тілді жетік меңгергеніне күмәнмен қарайды. Бұған себеп судья Мекемтас оқыған екі бет қаулыда 70-ке тарта қате табылған. Мұны Әбішевтің адвокаттары мен қорғаушылары тексеріп анықтаған.

"The Qazaq Times"