14 ақпан күні күнгей өңірдің әкімі Өмірзақ Шүкеевтің есеп беру жиынына арнайы Түркістан қаласына келген «Сарыағаш-информ» редакциясының журналистері мен бірқатар белсенділерді полицейлер күшпен ұстап, камерасын сындырған.

 

14-і күнгі Түркістандағы «журналисті қуған полиция» оқиғасы

Өткен жұмада Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шүкеев халық алдында жылдық есеп беру шарасын өткізді. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің үлкен залында өткен келелі жиында бас изеп тыңдауға дайын 700 кісіге орын табылғанымен, азаматтық журналист Амангелді Батыбеков пен оның әріптестеріне және өзге де бірнеше белсендіге есік тарс жабулы болды.

– Сағат 10:45-те университеттің кітапханасы ғимаратына жақындай  бере, үлкен залға он метр қалған кезде үстінде формасы жоқ 4-5 жігіт келіп қолымды қайырып, автобусқа күштеп алып кіргізді. Есікті жауып, шығармай қойды. Өзіміздің көлігімізбен арнайылап орынбасарым Мұстафин Байдуллаев, оператор Ерғали Жүнісов келген едік. Үшеумізді де ұстап, автобусқа қамады. Оператордың қолындағы қарызға алған редакцияның камерасын сындырып тастады. Бізді 8 ұсталушы мен 4-5 полицей мінген автобуспен қала ішін біразға дейін ары-бері алып жүрді. Сарыағаш ауданы жергілікті полиция басшысының орынбасары Әсет Ибрагимов автобустың ішіне кіріп бізді көре тұра, Азаттықтың сауалына оқиғадан хабарсыз екендігін айтып, «мен оларды көрмедім» депті.

Журналист екеніме көз жеткізіп тұрып, ешбір санкция не құжатсыз ұстады. Бұл барып тұрған заңсыздық, бассыздық, – дейді жұмыс сапарымен барып, автобусқа қамалған журналист Батырбеков сұрауымызға. 2018 жылы көктемде Сарыағашта зорланған баланың оқиғасынан кейін сол кездегі Абай полиция бөлімінің басшысы Әсет Ибрагимов қызметінен шеттетілген болатын.

;feature=emb_title

Журналистің сөзінше, қаладағы полиция бөлімінің ауласына әкеліп, түсіріп, одан соң абдыраған құқық қорғау қызметкерлері қайтадан автобусқа күш қолданып салып алып кеткен. Амангелді Батырбеков оқиға орнынан президент Тоқаевтың, бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовтің атына бірнеше рет Facebook желісінен тікелей эфирге шықты.

«Құрметті Тоқаев мырза! Бұл қандай мемлекет? Бұл не деген адам құқығын таптау? Мына тірлікті қолға алу керексіз. Бұл облыс әкімінің арнайы тапсырмасымен істелген дүние ме? Әлде мұны полиция істеп отыр ма? Бұны қалай түсінуге болады? Біз тұтқынбыз ма?» деді журналист видеожазбаның бірінде.

Батырбековтің айтуына қарағанда, түсте, сағат 13:00-ден асқанда қатардағы полицейлер «жай ғана бұйрық орындаушы» екенін айтып, кешірім сұрағандай болып, Шымкентке дейін өздері жеткізіп салған.

 

Амангелді Батырбеков арқалаған аманат немесе Шүкеевке жетпеген мәселе

Аймақтың әкімшілік жүйесіндегі «былықты» әшкерелеп жүрген, шыншылдығы үшін жала жабылып, әлем ұйымдары араласқан соң қайта ақталған Амангелді Батырбеков облыс әкімінің есеп беру жиынына екі күрделі мәселені көтермек болған. Бұған дейін айдың басында Сарыағаш ауданы әкімі Мұхит Отаршиевтің Көктерек кенті тұрғындарымен өткізген жылдық есеп кездесуінде өңір тілшісі елді мекеннің кәріз жүйесін сөз етіпті.

;feature=emb_title

– Бұрын кәріз жүйесінің қалдықтары бұрын бірнеше тазалау-сүзу сатысынан өтіп құятын. Қазір 40-қа жуық шипажай-курорттың кәріз жүйесінен ағып келетін қалдық ешбір сүзусіз ашық көлге құйып жатыр. Екінші мәселе, Көктерек кентінің маңында жылдар бойы жиылып қалған ауқымды қоқыс бар. Күнделікті кешке қоқыс өртеледі, шипажайда демалу түгілі тыныстау мүмкін емес. Қандай туризм туралы әңгіме айтуға болады? Бұған атүсті қарамау қажет, ондаған курорты бар аймақ мәселесін облыс деңгейінде қарау керек, – деген еді әкімге.

Жылына мыңдаған турист-демалушы келетін өңірдің кәріз жүйесіне былтыр 1,2 млрд  теңге қаржы бөлініп, кейіннен белгісіз бір себептермен дер кезінде жүзеге аспаған деседі. Тілшінің айтуынша, бұрын қаланың шетіндегі қалдық көлшік бүгінде ауыл ортасына айналған. «Қырыққа тарта курорт-шипажайдың кәріз жүйесінен шыққан қалдық ешбір сүзгісіз ағып жатыр» дейді ол.

Беті ашық жатқан кәріз желісінің бір құдығы. Сарыағаш ауданы Көктерек кенті. Фото: Амангелді Батырбековтің жеке мұрағатынан

– Ілгеріде қалдық 6 кезеңді сүзгіден өтіп, тазарып ағатын. Тіпті көлдің айналасында жылқы су ішетін. Қазір ернеуінен асайын деп тұрған көлшікке нәжіс аралас залалсыздандырылмаған қалдықтың иісінен ауа жұту қиын. Ертең күн жылыса, эпидемия ошағына айналуы ықтимал. Бұл халыққа қарсы қылмыс қой. Сонымен қоса елді мекенде жағдайы насырға шапқан күл-қоқыс үйіндісі  күнде кешкілік  өртеледі. Айнала шипажай... демалушылар. Масқара! – деген Батырбековтің Шүкеевке жүгінбек ойы аяқсыз қалды.

Көктерек кентіндегі кәріз жүйесінің қалдығы еш сүзгісіз құйылып жатқан иісі қолқаны алатын көлшік. Сарыағаш ауданы. Фото: Амангелді Батырбековтің жеке мұрағатынан

Оның айтуынша, аймақта, ел аузында «бірқатар курорт-шипажайлардың Өмірзақ Бектайұлына тиесілі» екені туралы қауесет-сыбыс бар көрінеді. Сондықтан амалы таусылған белсенді аудан деңгейіндегі әрекетсіздіктің кесірінен мәселеге облыс әкімінің назарын аудартуға талпынған.

 

Түркістан облысы полициясының «қитұрқылығы»

Шүкеевтің тыныш тыңдайтын аудиторияның алдында өткен есеп беру, журналистер мен белсенділер «аластатылған» күні, ақпанның 14-і түс ауған соң, Түркістан облысының полиция департаменті facebook желісіндегі ресми парағында Амангелді Батырбеквтің «тосыннан» ұсталуы туралы жазба жариялады. Ведомствоның мәліметінше, Сарыағаш ауданының прокуратурасына журналистің үстінен алматылық әйел арызданған көрінеді. Ал аталған арыздан хабарсыздығын айтқан Батырбеков шенділердің айласына таңданыспен, жиіркеніп қарайды. «Қылмыстық іс қозғалып, беттесуге дейін өтіп кеткенін» кейін бірақ білген.

«Түркістан облысы Сарыағаш аудандық полиция бөліміне Сарыағаш ауданы прокуратурасынан Алматы қаласы тұрғынынан А.Батырбековке қатысты арыз келіп түскен. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 385-бабы «Жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлердi, бланкілерді, мемлекеттiк пошта төлемі белгілерін, мемлекеттiк наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткiзу» бойынша тіркеуге алынған.
13 ақпан күні арызданушымен беттестіру үшін А.Батырбеков Сарыағаш АПБ-не шақыртылған.
Бірақ оның келмеуіне байланысты 14 ақпан күні Сарыағаш АПБ-нің қызметкерлерімен Түркістан қаласында ұсталды. А.Батырбеков Жамбыл облысында туысының қайтыс болуына байланысты жолға шыққанын ескеріп, полицейлер оны жіберген. Қазіргі таңда істің мән жайы анықталуда. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», – делінген департамент жазбасында.

Жергілікті ведомствоның мәлімдемесі. 14 ақпан 2020 жыл. Сарыағаш ауданы. Фото: facebook желісінен скрин-қиынды

Зардап шегуші журналист өзіне қатысты қылмыстық іс қозғалғанын ешкім хабарламағанын айтады. Тіпті ол беттестіру белгіленген датадан бір күн бұрын, 12 ақпан аудандық прокуратурада бір сағат, ал кешкісін полиция департаменті басшысының тергеу саласы бойынша орынбасары Әбдіғани Ибраимовтың қабылдауында болған. Бірақ ешкім ешқандай Алматы тұрғынының шағымы туралы, беттестіруге шақырту жөнінде құлағдар етпепті.  Органның «қулыққа құрылған, құрығы қысқа» әдісіне ашуланған әріптесіміз «Егер Түркістан облысының полиция департаменті осындай жалған мәліметті ұялмай жариялап отырса құдайдан жалаң аяқ безген екен. ...Заңнан қорықпайтындарыңды көрдік, ең болмаса құдайдан қорықпайсыңдар ма?» деп күйінеді.

 

Баспаған тауы қалмаған Батырбеков

Қылмыстық кодекстегі «жала жапты әрі қорлады» деген айыппен  27 айға сотталған «Сарыағаш инфо» газетінің редакторы, азаматтық қоғам белсендісі, белгілі журналист Амангелді Батырбеков өткен айдың басында ақталды. Түркістан облыстық соты екі айға жуық қараған апелляциялық шағым бойынша судья Таубай Қадырбаев нақақ қамалғаны үшін кешірім сұрап, үкім соңында «Батырбеков сот залынан босатылсын» деген еді.

Аймақтағы белсенді журналист Амангелді Батырбеков сот залында. Фото: Азаттық / Дилара Иса

Келес аудандық білім бөлімінің басшысы Бахтияр Абдиев пен «Заңғар Медет» қоғамдық бірлестігінің бастығы Ләйла Дарханбаева Батырбековтің үстінен «әлеуметтік желіде пікір жазғаны үшін» сотқа берген. Бүгінгі таңда бірнеше ай бойы жалған жаламен қамауда болған журналистің үстінен арызданушы Келес аудандық білім бөлімінің басшысы Бақтияр Әбдиевтің өзіне қылмыстық іс қозғалды. Ал Дарханбаеваның «қорлау» айыбымен жазған шағымы сот қарауында.

Бұған дейін көптеген халықаралық ұйымдар мен құқық қорғаушылар жоғарғы инстанциялардан қамауда отырған журналист Батырбековты босатуды сұраған. Нақтырақ айтқанда, қазан айының  соңында бұрын халықаралық «Шекарасыз тілшілер» (Reporters sans frontières/RSF) және «Журналистерді қорғау комитеті» (Committee to Protect Journalists/CPJ) ұйымдары Қазақстан билігін аймақтағы белгілі журналист Амангелді Батырбековті дереу босатуға, сөз бостандығын шектемеуге шақырды.

Өткір жазбасына бола жергілікті шенділерге жаға бермейтін Батырбековтің үстінен қайта-қайта іс ашылуы – Қазақстандағы сөз бостандығының ахуалы, қысымға ұшыраған мүшкіл хәлінің символдық көрінісіне айналғанын аңғартады дейді сарапшылар мен мамандар.

«Журналистерді қорғау комитеті» (CPJ) ұйымы «жала жабу және қорлау туралы қылмыстық заңдарын зайырлылыққа тән құндылықтармен жетілдіру керек, мұндай мәселелер азаматтық істер қатарында қаралуы тиіс» деген болатын.

RSF халықаралық ұйымының рейтингісінде Қазақстан сөз бостандығы  бойынша 180 елдің ішінде 158-орында тұр. Сондай-ақ «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғаудың халықаралық қорының есебінше, «Журналистердің заңды кәсіби қызметіне кедергі жасау» реестрінде ХХІ ғасыр басталғалы бері, 2000 жылдың қаңтары-2019 жылдың қыркүйегі аралығында тілшілер жұмысына 839 кедергі келтіру фактісі тіркелген.

"The Qazaq Times"