Қаңтардың аяғында басталған шетелдік көліктерді тіркеу мәселесінен тағы да жік шықты. Бұл жолы Арменияның мемлекеттік кірістер комитеті қазақстандықтарға ескерту жасады.

Енді Арменияға көлігін тіркеуден шығаруға барған азаматтар мүлік салығын төлеуі тиіс. Егер биыл салық төлемесе, келесі жылы оларға айыппұл салынбақ. Армения тарапынан ресми өкіл: «Мүлік салығын төлеу үшін онлайн-платформа құру бастамасы көтерілді. Дегенмен, бұл жоба жүзеге аспаса немесе кейін іске қосылса да мүлік салығын төлеу міндеті сақталады. Арменияға көлігін тіркеуден шығаруға келген азаматтар борышын өтемей мұны істей алмайды. Егер биыл салық төлемесе, келесі жылы оларға айыппұл салынады», – деп хабарлады.

Биыл қаңтар ортасында Ішкі істер министрлігі Қазақстан аумағында жүргеніне бір жыл болған, бірақ есепке тұрмаған көлік иелеріне ескерту жасап, заңды тіркеуге қоюға шақырған. Осыдан кейін Ақтау, Ақтөбе, Жаңаөзен, Орал, Семей, Петропавл қалаларында тіркелмеген көлік иелері жиналып, наразылық білдірді. Себебі Қазақстанға әкелген көлікті тіркеу тым қымбат: тіркеу құны көлік бағасынан да асып жығылады. Ал Ресей, Армения мен Қырғызстанның жалауы бар автокөліктер жол жүру ережесін жиі бұзатынын айтқан  билік тіркелмеген көліктер жауапкершіліктен жалтарады деп есептейді.

Соңғы үш жылда ЕАЭО елдерінен 200 мыңға тарта көлік Қазақстанға кіргізілген. Бірақ олардың бәрі түгел тіркелмеген. Көбі транзитпен кірсе, біршама бөлігі осында жұмысқа келген азаматтарға тиесілі болып отыр. Тек 40 мыңы ғана заңды түрде тіркелген. Ресми мәліметтер бойынша, өткен жылы Арменияға шетелден 189 мың автокөлік әкелінген. Олар үшін мемлекет қазынасына 146 миллион доллар мөлшерінде кедендік салық төленген.

"The Qazaq Times"