Әлем халқын елеңдеткен коронавирус індетін жұқтырғандар саны 64 483-ге, ал көз жұмғандар қатары 1383-ге жетті.

ҚХР-дың денсулық сақтау және гигиена мәселелері мемлекеттік комитетінің дерегінше, дерттен 6723 адам айыққан. 10 мыңнан астам науқаспен қатынаста болған 493 мың адамның 178 мыңы қатаң медициналық бақылауға алыныпты.

Global Times басылымы таратқан хабарға қарағанда, кеше, 13 ақпан Қытайда 121 вирус құрбаны тіркеліп, 5090 адамның ауру жұқтырғаны расталды.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Флорида штатындағы университеттік инфекциялық аурулар статистикасы орталығының жетекшісі, сарапшы Айра Лонжинидің болжауынша, «адамзаттың жауы» атанған коронавирус дертінен Жер жұртшылығының 3/1-і зардап шегуі мүмкін деседі.

«Адамнан адамға жұғу жолын тойтармасақ, жай бақылау және таратпау әдісі айтарлықтай нәтижеге жеткізе қоюы неғайбыл. Оқашаулау мен карантин вирусты тоқтатуға қауқарсыз», – дейді ғалым.

Global Times хабарлағандай, Ухань қаласындағы орталық аурухананың басшысы Чжан Диню айыққан адамның бойында вирусқа қарсы күресетін антител жиынтығы көбірек болатынын мәлімдеді. Қанға плазмалық қоспа құю арқылы емдеу әдісімен қазіргі таңда 10 шақты ауыр жағдайдағы науқас оңалып келе жатқан көрінеді.

“The Qazaq Times”