Үкімет отырысында коронавирус инфекция жағдайы тіркелмегені туралы және Қытайдан келген азаматтардың хәлі туралы айтылды.

ЖРВИ симптомдары мен жоғары температурасы бар 134 адам ауруханаға жатқызылды, олардың 106-сы сауығып шықты, 28-і әзірге стационарларда емделуде. Науқастардың жағдайы қанағаттанарлық.

«Медициналық ұйымдар тұрғылықты жері бойынша Қытайдан келген азаматтардың денсаулығын мониторингілеу бойынша жұмысты жалғастыруда, 24 167 адам қамтылды, оның ішінде 1298-і – шетел азаматтары. Соңғы 14 күн ішінде ҚХР-дан келген 8 851 адам медициналық бақылауға алынған, қалған 15 316-сы инкубациялық кезеңнің аяқталуына байланысты мониторингтен шығарылды», – деді денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов.

Орталық референс-зертхана базасында аса қауіпті инфекциялар ұлттық орталығы биотехнология орталығымен бірлесіп, коронавирусты жедел айқындауға мүмкіндік беретін диагностикалық жүйені әзірледі.

«Бүгінде ҚХР аумағында 497 қазақстандық бар, олардың 337-сі студенттер. Биылғы 10 ақпаннан 11 ақпанға дейін Қазақстанның 217 азаматы «Эйр Астана» әуе компаниясының чартерлік ұшағымен Бейжің қаласынан елордаға жеткізілді. Осы жылдың 12 ақпанында ҚХР-дан  145 азаматты осындай рейспен шығару жоспарланған. Азаматтарды елге эвакуациялау жұмыстары аяқталғаннан кейін ҚХР аумағында Қытайда қалуға ниет білдірген 343 азаматы қалады», – деді сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді.

Үкімет басшысы денсаулық сақтау министрлігіне санитарлық-эпидемиологиялық бақылау жұмыстарын жалғастыруды, ал сыртқы істер министрлігіне ҚХР-дағы қазақстандықтармен тығыз байланыс орнатып, оларға қажетті көмек көрсетуді тапсырды.

“The Qazaq Times”