7 ақпан кешкі сағат 19:00-де Қордай ауданының Масаншы ауылында 70-тен астам адам төбелесі болған. Әлеуметтік желіде тараған жанжалдың видеосын көрген өзге аймақтағы 300-дей азамат оқиғаға араласқан. Жаппай төбелесте екі жақ бір-біріне тас лақтырып, таяқ-қару қолданған. Салдарынан 8 адам көз жұмып, 40-тан көп кісі жараланған.

Бүгін түсте астанада өткен Орталық коммуникация қызметіндегі брифингте ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың мәлімдеуінше, қазір бірнеше «бұзақылық» және «кісі өлтіру» баптарымен іс қозғалған. Әзірге анықталған деректерге қарағанда, қазақ-дүнген қақтығысында 30-дан астам тұрғын үй, 15 сауда дүкені, 23 автокөлік өртенген. Оперативті топтың жұмысы нәтижесінде, 47 күдікті ұсталып, оның екеуінен қару құралы тәркіленіпті.

Тәртіпті бақылау мақсатында аймақта полиция қызметкерлері мен Ұлттық ұлан жұмылдырылды. Ақпарат министрі Дәурен Абаев «ақпарат таратуда абай болуға» шақырып, «бір ауылда тұрмыстық даудан туған конфликтінің өршіп кетуін» ұлтараздық ақпарат таратушы арандатушылардан көреді.

– Бердібек Сапарбаев бастаған комиссия қазір Қордай ауданына бара жатыр. Біз қазір Қазақстан халқы ассамблеясы өкілдерін, жергілікті ақсақалдар мен қоғам қайраткерлерін, имамдарды тарта отырып, халықты сабырға шақырамыз. Қазір алаңдайтын, елді дүрліктіретін негіз жоқ, – деді Абаев.

Ресми уәкілдер оқиғаға қатысты жалған ақпарат тартушылар қатаң жауапқа тартылып, жазасыз қалмайтынын қадап ескертті.

Президент Тоқаевтың тапсырмасымен вице-премьер Бердібек Сапарбаев төрағалық ететін  үкімет комиссиясы құрылды. Бас прокуратура мен ҰҚК іске кірісті.

Мемлекет басшысы үндеуінде «Бұл ахуалды арандатушылар өз мақсатына пайдаланды. Өкінішке қарай, бұл оқиға кезінде адам шығыны болды. Мен қаза болған азаматтардың отбасыларына көңіл айтамын. Зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектеспін. ...Жамбыл облысы әкімімен бірлесіп, қаза болғандарды жерлеу, зардап шеккендерге көмектесу жұмыстарын ұйымдастырады. Сондай-ақ, жағдайды тұрақтандырумен айналысады. Қоғамдық тәртіпті бұзғандар анықталып, қатаң жауапқа тартылатын болады. Мемлекетіміздің мүддесіне зиян келтіретін, береке-бірлігімізді бұзатын және жалған ақпарат таратқан азаматтар заң алдында жауап береді», – деді.

;feature=emb_title

Желіде тараған видеолардан полицей қызметкеріне бағынбай, қол көтеріп қарсыласқан әлдебір азаматтың әрекетін көруге болады. Бейресми дерек көздері бойынша оқиға мотиві айтылып жүр. Ел аузындағы бір нұсқада «жұма күні Масанчи ауылында қазақ қарияға бірнеше дүнген азаматының қол көтерген соң, тәртіп сақшыларының заңды нұсқауына бағынбаған бұзақылар жанжал шығарғаны, соңы ұлтараздық қақтығысқа ұласқаны» айтылуда.

Жағдайдың күрделескені сонша, тіпті Қордай ауданына өзге ауданның полиция қызметкерлері жұмылдырылған. Әлеуметтік желіде тараған деректерге сүйенсек, топтық төбелес ұлтаралық қақтығысқа ұласқан болуы мүмкін. Жергілікті жұрттың арасында туған жанжалдың қандайда бір ұлтараздық сипаты бары жөнінде ресми ақпарат берілмеді.

Алматыда Барахолка аталып кеткен Солтүстік айналма тас жолындағы сауда орталықтарының бірі «Ялян» базарының маңын полицейлер мен Ұлттық ұлан бақылауға алғаны хабарланды. Бүгін сауданың қызу күні, сенбіде базар жұмыс істемей тұр. Мұны құқық қорғау органының өкілі өртке қарсы оқу-жаттығумен байланысты түсіндірді. Полицей мұның Қордай ауданындағы Масанчи трагедиясына қатысы жоқтығын және Алматыда жалғаспайтынын айтқан. Кейбір дереккөздерге қарағанда, базар маңында өрт сөндіру көлігі байқалмайды, тек полиция көліктері мен әскери жүк көлігі ғана тұр деседі.

Халық арасында Барахолка аталып кеткен Алматы базарларын әскери қызметкерлер бақылауға алған. 8 ақпан 2020 жыл. Фото: Vlast

“The Qazaq Times”