2008 жылдан бері 12 мәрте өткізілген Астана экономикалық форумы (АЭФ) өз жұмысын күтпеген жерден «тоқтатқандай» жалғастырмақ.

Бүгін жылына миллиардтаған қаржы жұмсалатын Астана экономикалық форумы енді өтпейтіні жөнінде премьер-министрінің бірінші орынбасары әрі қаржы министрі Әлихан Смайылов мәлімдеді.

– Биыл біз ДСҰ (Дүниежүзілік сауда ұйымы) министрлер форумын өткізіп жатырмыз. Бұл халықаралық форум, оған министрлер деңгейіндегі 200-ге жуық мемлекет қатысады. Осы форумға Астана экономикалық форумында қосып жібереміз. Бұрынғыдай жеке өткізуді тоқтаттық, – деді қаржы қамбасына жауапты министр.

Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзінше, жоба «аясында 20 млрд доллардан асатын қаржыға 300-ден астам меморандум мен келісім жасалған-мыс». Бірақ мұның есебі ашық дереккөздерде жоқтың қасы. Форумды Еуразияның жыл сайынғы негізгі іскерлік оқиғасы деп санайтын экс-президент Назарбаев былтырғы «Шабыттандыратын өсім: адам, қала, экономика» тақырыбында өткен жиында:

«11 жылдың ішінде Астана экономикалық форумы (АЭФ) әлемдік экономика мен қаржы жүйесін сауықтыру және дамыту мәселелерін талқылау үшін ең ықпалды халықаралық алаңдардың бірі мәртебесіне ие болды. Форумға әлемнің 150 елінен 50 000- ға жуық делегат, оның ішінде 20-дан астам Нобель лауреаттары мен 30-дан астам жоғары деңгейдегі шетелдік саяси қайраткерлер қатысты.
Форумның спикерлері әр уақытта саясаткерлер, ғалымдар мен экономистер, журналистер мен әлемдік деңгейдегі қоғам қайраткерлері, халықаралық ұйымдардың, қаржы институттары мен бизнес-элит өкілдері болды. АЭФ тақырыбы жыл сайын өзектілендіріледі және жалпы әлемдік дамудың проблемалары мен міндеттерінің кең ауқымын қамтиды, сондай-ақ талқылаудың кең ауқымы үшін координаталарды көрсетеді», – деген еді.

АЭФ қатысушылары. 16-17 мамыр 2019 жыл. Фото: ашық дереккөз

Астана экономикалық форумын  өткізуге былтыр бюджеттен жалпы жиыны 1,4 млрд теңге, ал алдыңғы жылы, яғни 2018 жылы 3,1 млрд теңге қаражат бөлінген. Бұған дейін үкіметтің кеңейтілген кеңесінде президент Тоқаев қоғамның ащы сынынан кейін ысырапшылдыққа жол бермеу қажеттігін қатаң ескертіп, тапсырма берген болатын.

Тәуелсіз сарапшы, UIB оқытушысы, экономист Мақсат Халық:

– АЭФ-тан бөлек, тәуелсіздік алғалы бері көп форумдар мен жиындарды көп өткіздік. Имидж жағынан басқа  айтарлықтай ештеңе берген жоқ. АЭФ көбіне Нобель сыйлығы иелерін қонақ ретінде шақырып, соларды тыңдау үшін ғана болғандай көрінді. Сарапшылардың пікірін форумсыз-ақ ашық ақпараттан білуге болар еді.

Харуард университеті бизнес мектебінің профессоры 2003 жылы Қазақстанға келіп, «жеті кластердің түрін дамыту» туралы кеңесіне миллиондаған доллар гонорар алып кеткені белгілі. Қазір сол бойынша қандай кластер дамып кетті деген сұрақ туады? Сырттан келген сарапшылар қаншалықты кәсіпқой-лауреат болғанымен, нақты ішкі мәселеге қатысты ұсыныс айта алмайды. ...Қонаққа шақырылған сарапшылардан гөрі өзіміздің отандық экономистер құнды, өткір пікір білдірді. Десе де жоғарыда аталған қаржылық цифрлар өзін ақтай алмады, – дейді экономист.

Экономика сарапшысы Мақсат Халық. Фото: маманның жеке мұрағатынан

Сарапшы форумның бір игілігі болса, бұл елдегі мамандардың халықаралық пікір алмасу орталығында ой-сөз жарыстырып, сарапшы ретінде қалыптасуына сеп болғанын айтуға болады деп санайды.

«Форумда көтерілген қандайда бір мәселе үкімет тарапынан шешім тапты деу қиын. Бұған қарағанда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің әлдеқайда тиімді. Шығыны аз, нәтижесіз емес».

Мақсат Халық елдегі экономикалық өсімге көңілі толмайтынын, тіпті орташа бағаға жетпейтінін айтады.

– Қазіргі Қазақстанның экономикасына ортадан төмен деп бағалауға болады. Дегенмен үмітсіздікке салынуға болмайды, әлдеде мемлекет тарапынан өзгерістің лебі сезіледі. Соңғы жылдары экономикалық өсім 4,8%-ды көрсетті, жалпы біздің жағдайымыздағы елге ең кемі 7-8% деп қарастырылады. 2013 жылы ғана 7% өсім байқалды. Экономиканың шикізаттық бағытқа тәуелділігі күрделі тәуекелді туғызып отыр. Негізінде мемлекет тарапынан экономиканы индустрияландыру, модернизациялау, әртараптандыру бағытындағы  стратегиялар баяғыда-ақ қабылданып қойған. Алайда бұл әлі жемісін бермей келе жатыр. Мұның бңрден бір басты себебі жүйедегі олқылықтар: бюрократиялық кедергінің көптігі, жемқорлықтың кең етек алуы, көлеңкелі экономиканың тыйылмауы, заң үстемдігі, монополиялау... – дейді сарапшы.

Былтыр 16 мамырда баспана мәселесін шешуді талап еткен бір топ ана астана әкімдігі алдына барған еді. Ешкім шықпаған соң, аналар экономикалық форум өтіп жатқан ғимаратқа бет алған. Назарбаевпен кездесуді талап еткен аналардың алдына құрақ ұшып сол кездегі еңбек министрі Бердібек Сапарбаев пен қала әкімі Бақыт Сұлтанов шыққан болатын. Екі шенеуніктің аналарды автобусқа салып, әкімдікке алып барғаны қоғамда «өтірік мақтан – қожакөрсін», «жасанды жылтыр» ретінде сынға ұшырады.

Қаржы министрінің сөзіне қарағанда, форум түпкілікті тоқтамаған. Тек ауқымы кең кезекті экономика тақырыбындағы жиынның жоспарына кіріктірілген. Әлеуметтік саясаты жолға қойылмаған елде, үш ауысымды, апатты жағдайдағы мектептері мен жылу-жарық, ауыз суы мәселесін түбірімен шешілмеген Қазақстанда миллиардаған қаржыға әртүрлі тақырыпта жаһандық мәселелерді талқылау, дүйім жұрттың басын қосқан сән-салтанатты сан-санақсыз жиын-форум өткізу дәтүрге айналғалы ширек ғасырдан асты.

"The Qazaq Times"