АҚШ президенті Дональд Трамп пен Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Ливия қақтығысы, Сүриядағы дағдарысты талқылады.

Ақ үй баспасөз хатшысының орынбасары Джадд Дир Twitter-дегі парақшасында: «Телефон арқылы сөйлескен тараптар Ливия мен Сүриядағы жағдайды оңтайландыру, қақтығыстарды тоқтату жолдарын талқылады. Президент Трамп Жерорта теңізінің шығыс бөлігіндегі жағдай, Түркия мен Грекиядағы миграциялық мәселелерге тоқталды», – деп жазды.

17 қаңтарда Түркия президенті Ливияға әскер аттандыратынын айтқан болатын. Ердоған Түркияның оңтүстігінде тұрақтылықты сақтау үшін саяси және әскери күштің барлық түрін пайдаланатынын айтып, тоғыз ай бойына ұрыс қимылдары жалғасып келе жатқан Ливия мәселесіне араласуын тоқтатпайтынын мәлімдеген.

Қазіргі уақытта Сүриядан Түркия мен Грекияға ағылған босқындар саны көп. 24 қаңтарда Грекияның ірі қалаларында жергілікті тұрғындар босқындарға қарсы наразылық шерулерін өткізген. Мигранттар қақтығысынан, экономикалық дағдарыстан шаршағанын айтқан наразылар ел аумағын босқындардан босатуын талап етті. Өйткені мемлекетте мигранттарға арналған орталық көбейіп, жергілікті тұрғындардың тұрмыс-тіршілігі қиындаған. 2016 жылы Еуропалық одақ пен Түркия ортақ шешімге келген. Арнайы келіссөзге сәйкес, Анкара мигранттардың Еуропа елдеріне қоныс аудармауын қатаң қадағаласа, ЕО Түркияға 6 млрд еуро көлемінде қаржы беруі тиіс болатын. Кейіннен Ердоған одақ тарапынан тек 3 млрд еуроның бөлінгенін мәлімдеді.

Ресми мәліметтер бойынша, Түркияның өзінде азаматтық соғыстан қашқан 3,6 миллион сүриялық босқын бар. Еуроодақтың Түркиямен келіссөзі Грекияда 2015 жылдан бастап босқындардың артуына сеп болды. Лесбос елдімекеніндегі мигранттар лагерінде күні бүгінге дейін жергілікті тұрғындар мен босқындар арасында қақтығыстар орын алып келеді. Ресми мәліметтер бойынша, шамамен 24 мың босқын Еуропа асу мақсатында Грекияға қоныс аударған.

"The Qazaq Times"