АҚШ-та президентке импичмент жариялау туралы істің бесінші күні өтті. Ақ үй әкімшілігі демократ Нэнси Пелосидің тобы ұсынған айғақтарды негізсіз деп таныса, республикалықтар демократтарға айып тағып отыр.

Митч Макконелдің бекітілген резолюциясына сай демократтарға Дональд Трамптың қылмысын әшекерелеу үшін үш күн берілген болатын. Кейіннен сенаторлар екі тарапқа да сұрақ қою үшін 16 сағат берілді. Сондай-ақ Сенат импичмент ісін мерзімінен бұрын аяқтауы мүмкін деген болжам айтылған. Дегенмен импичмент бойынша деректер нақтыланбай, республикалықтар мен демократтар арасында қызу бәсеке орнаған.

Трамп импичментінің «жыр» болғанын айтқан сенатор Тим Скотт: «Күнделікті естіп жатқанымыз бір әңгіме. Бір нәрсені қайталай берсе, шындыққа ұқсап кетеді деген мақал бар еді ғой. Сол іспеттес. Демократтарда нақты дәлел, айғақ жоқ», – дейді.

21 қаңтарда Трамптың адвокаттары президентке тағылған айыптаулар жөнінде 110 беттік құжат ұсынып, сенаттың мәлімдемесін «қауіпті және үстірт» деп бағалаған. Адвокаттардың айтуынша, Трамптың заң бұзғанын дәлелдейтін айғақ жоқ және президент Украинамен қарым-қатынас жасаған кезде АҚШ мүддесіне сай әрекет еткен.

Республикашылдардың жетекшісі Митч Макконнелл конгрестің жоғары палатасындағы талқылауда тараптарға «тең жағдай» жасалады деп мәлімдеді. Ол өкілдер палатасының импичмент процесін «әділетсіз» жүргізгенін мәлімдеп, бұл іс бойынша «үстірттік танытты» деді.

Сенаттағы демократ жетекшілері Макконнелл ұсынған процедураны өткір сынап, республикашылдар «істі жабулы қазан жабулы күйде қалдыруға тырысып жатыр» деп сынады.

АҚШ-та импичмент дауы Трамптың 25 шілдеде Украина президенті Владимир Зеленскиймен болған әңгімесінен соң туған. Америкалық басылымдар Трамп 2020 жылы өтетін сайлауда бәсекелесі болуы ықтимал Джо Байденнің үстінен жемқорлық дауы бойынша іс қозғауға Зеленскийді мәжбүрлемек болған деп жазды. Кейіннен демократтар Трампты «қызметін асыра пайдаланды» деп айыптады.

Аталған мәселеге байланысты АҚШ президентіне қарсы импичмент процесін бастаған демократтар Трамптың адвокаты Руди Джулианиді сотқа шақырған. Олар Дональд Трамптың Украинамен арадағы электронды жазбаларына, телефон қоңырауларына, смс-хаттарына қатысты мәліметтерді сұрап отыр. Руди Джулиани: «Импичментке қатысты тергеуді Өкілдер палатасының тінту комитеті жүргізіп отыр. Демократ Адам Шифф алдын ала барлығын шешіп қойған. Сондықтан оларға көмектесемін деп айта алмаймын. Дегенмен, Трамп менің түсініктеме бергенімді қаласа, әрине келісемін», – деген.

Негізінен Трампқа импичмент жариялау туралы тақырып АҚШ-та былтыр қарашада өткен Конгресске аралық сайлау кезінде талқыланған. Бірақ, бұл шешім республикалық сенаторлар қолдауынсыз айтарлықтай мағынаға ие болған жоқ. Себебі, импичмент жариялау үшін барлық сенаторлар 2/3 бөлікте дауыс беруі тиіс. АҚШ президентінің мақұлдау рейтингісі – Ақ үй қарамағындағы партиялардың деңгейін анықтау үшін арналған. Дональд Трамп рейтингі соңғы уақытта 40%-дық көрсеткішке жетті. Салыстырмалы түрде, Барак Обаманың рейтингі 2010 жылғы аралық сайлау алдында 45%-ды құраған болатын. Яғни елдегі қарсылықтарға қарамастан, мемлекет тарапынан Трамптың көрсеткіші жоғары бағаланған.

Трамптың импичменті Сенаттың үштен екі өкілі қолдағанда ғана жүзеге аспақ. Бірақ, АҚШ тарихында бірде бір президент қызметінен қуылып көрген жоқ. 230 жыл ішінде тек екі президентке ғана импичмент жарияланған, бірақ олар айып астында өз қызметтерін жалғастырған. Кейбір сарапшылар осыларды алға тарта отырып, сондай-ақ, АҚШ Сенатында қазіргі кезде Республикашылдардың үстемдік құрып отырғанын ескере отырып, Трамптың қызметтен қуылуы мүмкін емес деген болжам айтады.

АҚШ тарихында Эндрю Джонсон және Билл Клинтон импичмент процесіне ұшыраған. Екі президенттің лауазымын шектеу сенаттағы талқылаулардың қорытындысы бойынша ақталған. Ал Америка тарихында «сұсты адам» атанған Ричард Никсон Уотергейт жанжалына байланысты импичмент арқылы отставкаға кеткен болатын.

"The Qazaq Times"