Өткен жексенбі, 26 қаңтар премьер-министр Асқар Маминнің жетекшілігімен үкімет кеңесі өтті. Демалыс күнгі министрлер кабинетінің жиынында  Қазақстанның коронавирус індетіне дайындығы мәселесі талқыланды.

Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б.Атамқұлов, мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлова, сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ш.Нұрышев, Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Ж.Бекшин, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінің директоры Д.Ділманов, сондай-ақ Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарының басшылығы қалыптасқан жағдай мен әрекет ету шаралары туралы баяндады.

Отырыста «мемлекеттік шекарадағы өткізу пунктерінде санитарлық-эпидемиологиялық және көші-қон бақылауын күшейту (әуе, көлік және темір жол нысандары да)» туралы шешім қабылданды.

Сонымен қатар жиында мынадай шешімдер қабылданды:

  • Қытайдан келгендерді медициналық бақылаудан өткізу;
  • Эпидемиологиялық ахуалмен байланысты төтенше жағдайға дайын болу, медициналық мекемелерді әзірлеу;
  • Қытайға қызметтік іссапарларды шектеу, жеке және туристік сапарларды кейінге қалдыруға кеңес беру;
  • Транзитпен келген Қытай жолаушыларына Қазақстан аумағында 72 сағат визасыз жүруге мүмкіндік беретін режимді тоқтату;
  • «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастық орталығының қазақстандық бөлігінде жұмысты уақытша тоқтату.
  • Қытайдағы қазақстандықтармен тығыз байланыс орнатып, оларға қажетті консулдық көмек беру;
  • Қажет жағдайда Ухань қаласындағы Қазақстан азаматтарын шұғыл эвакуациялау;
  • Қазақстанда ведомствоаралық комиссия құрып, коронавирустың таралуына жол бермеу туралы жоспар әзірлеу.

"The Qazaq Times"