Қазақстанда жаңа жылдан бастап армян және қырғыз нөмірлерімен жүрген көліктерге қатысты жаңа ереже күшіне енді. Ережеге сәйкес, көлік иелері тіркеуден өтуі тиіс. Шетелден әкелінген көлікті Қазақстанда 10 жұмыс күні ішінде тіркеу керек. Бірақ көлікті елде тіркеу құнының көлік бағасымен сай екенін ескерген жөн.

Биыл қаңтар ортасында Ішкі істер министрлігі Қазақстан аумағында жүргеніне бір жыл болған, бірақ есепке тұрмаған көлік иелеріне ескерту жасап, заңды тіркеуге қоюға шақырған. Осыдан кейін Ақтау, Ақтөбе, Жаңаөзен, Орал, Семей, Петропавл қалаларында тіркелмеген көлік иелері жиналып, наразылық білдірді. Себебі Қазақстанға әкелген көлікті тіркеу тым қымбат: тіркеу құны көлік бағасынан да асып жығылады. Ал Ресей, Армения мен Қырғызстанның жалауы бар автокөліктер жол жүру ережесін жиі бұзатынын айтқан  билік тіркелмеген көліктер жауапкершіліктен жалтарады деп есептейді.

Де-юре тұрғысында Қазақстан азаматтарына Армения мен Қырғызстанда тіркелген көлік құралдарын жүргізуге тыйым салынған. Сол себепті көлікті сатып алғанда тіркеуден шығарады. Ал осында келгенде алдымен утилизациялық алымды төлеп, алғашқы тіркеуге қояды. Алғашқы тіркеудің де төлемі бар. Егер аталған мемлекеттердің нөмірімен жүрген көліктер тәртіп бойынша тіркелмесе, оларды қайтадан сол жаққа апару керек. Тіркелмеген көліктерге 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (25 мың теңге) айыппұл салынып, айып тұрағына қойылады.

Ал Ресей мен Беларуь нөмірмен жүрген жүргізушілерге тәртіп басқа. Олар Бір жыл өткесін Қазақстаннан шығып, 30 күннен кейін қайтадан кіруге рұқсат бар.

Соңғы үш жылда ЕАЭО елдерінен 200 мыңға тарта көлік Қазақстанға кіргізілген. Бірақ олардың бәрі түгел тіркелмеген. Көбі транзитпен кірсе, біршама бөлігі осында жұмысқа келген азаматтарға тиесілі болып отыр. Тек 40 мыңы ғана заңды түрде тіркелген.

ІІМ не дейді?

Аталған мәселе жөнінде ҚР ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев ресми мәлімдеме жасады. Ресми өкілдің айтуынша, қарапайым анықтама қағазынан бастап уақытша тіркеу картасына дейін жасатып жатқандар бар. Сөйтіп, Арменияның ықтиярхатын алып алуға тырысады. Бұл анықтама арқылы автокөлік әкеледі. Заңға сай келмейтін әрекет екенін айтқан Қожаев: «Еуразиялық экономикалық одақтық келісім бойынша армияндарға ғана ондай көлік алуға болады. Мәліметтерді жинап жатырмыз. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы арқылы анықтама қағаздарын алып алғандары бар. Қазіргі уақытта Ішкі істер министрлігі Армения Республикасына әкімшілік полиция комитеті мен көші-қон полициясы комитетінің білікті қызметкерлерін жіберді. Олар армян әріптестерімен бірге біздің және Армения азаматтарының әрекеттерінің заңдылығын тексереді. Айтпақшы, Қазақстан азаматтарының  Армения аумағында оларға қарсы құқық бұзушылық жасалғандығы туралы фактілері бар. Олар алданып қалған. Осылайша, қазақстандықтар шығынға ұшырап жатыр.  Бұл жағдайды ескере отырып, министрлік осындай түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр», – деді.

Ресей мен Беларусь көліктері жөнінде: «Қазақстанда сенімхатпен жүрген Ресей көліктеріне тоқталсақ. Заң бойынша бұл автокөліктер – халықаралық қозғалыс режимінде. Мұндай көліктер ел аумағына кірген сәттен бастап Қазақстанда бір жыл бойы жүре алады. Осыдан кейін сенімхат мерзімін созу үшін кем дегенде 30 күнге елден шығуы керек. Немесе Ресей не Қазақстан аумағында көлікті өз атына қайта рәсімдей алады», – деді.

Сандар сөйлейді

2016 жылдан бастап Қазақстанда автомобиль жасайтын компаниялар мен ресми импорттаушылар утилизациялық алымды төлеуге міндеттелді. Олардың қатарына көлікті сырттан әкелетін қарапайым азаматтар да кіреді. Алым көлікті алғашқы тіркеуге қойғанға дейін төленуі керек.

Утилизациялық алымның мөлшері жыл сайын айлық есептік көрсеткішке қарай өзгеріп тұрады. Жаңа жылдан бастап бір айлық есептік көрсеткіш 2 651 теңгеге көтерілді. Ал утилизациялық алымның базалық төлемі 50 АЕК, яғни 132 550 теңге.

Базалық төлем көлік қозғалтқышының көлеміне қарай есептеледі. Мәселен, бір литрге дейінгі қозғалтқышы бар автомобильдердің утилизациялық алымы 3 базалық төлемге тең, үш литрден жоғары болса, 23 базалық төлем жасалады. Осылайша 2.5 литрлік көлік үшін 1 325 000 теңге төлеу керек. Ал 3.5 литрлік қозғалтқыштың утилизациялық алымы 3 048 650 теңге болады. Яғни барлық шығын 4 миллион теңгеден асып жығылады.

Көлікті тіркеу мәселесінде Кедендік одақтың да салқыны тиіп жатыр. Қазақстан 2010 жылы Кедендік одақ құрамына кірген соң, тіркеу құны да, көлік бағасы да қымбаттады. 2014 жылы рубль бағамы түскен соң, Ресейдегі көліктер де арзандады. Сол уақыттан бері отандық көлік сатылымы бірнеше пайызға құлдыраған.

Түйін

Министрліктің айтуынша, 2014 жылдан 2020 жылдың қаңтарына дейін Армения мен Қырғызстанға тіркелген көліктерді тек сол елдерде тұратын азаматтар ғана кеден алымы мен салығынсыз уақытша тіркей алады. Бұл мәселені оңтайлы шешу жолы бір көліктің бағасымен тура келетін тіркеу бағасын арзандатып, құжаттық талаптарды жеңілдету болса керек. Себебі жоғарыда көрсетілген тіркеу құнын кез келген азаматтың қалтасы көтермесі бесенеден белгілі.

"The Qazaq Times"