Бүгін, дүйсенбі Алматы қаласының прокуратурасына саясаткер Жанболат Мамай бастаған бір топ бастамашыл өкілдер барып, Демпартияны ұйымдастыру комитетінің аймақтардағы және Жетісу өңіріндегі мүшелеріне әртүрлі қысым жүріп жатқанын жеткізді.

Бұған дейін былтыр  26 желтоқсанда «Демократиялық партияны ұйымдастыру комитеті» әділет министрлігіне 1122 адамнан тұратын қолдаушылар тізімін тапсырған, «Саяси партиялар» туралы заң негізінде жауапты ведомство мұны сол күні-ақ растаған.

– Нігізі заң бойынша осы уақыттан бастап екі айдың ішінде саяси партияның құрылтай съезін өткізуіміз керек. Бірақ Алматы қаласы мен Алматы облысындағы бастамашыл топ өкілдерінің үйін жергілікті әкімшілік қызметкерлері мен полиция қызметкерлері тексере бастады. Бастамашыл топ мүшелерінің тізімін әділет министрлігіне ғана бергенбіз. Осы себепті бұл министрлікті тексеруді, бастамашыл топ мүшелерін қуғындауды тоқтатуды, демократиялық партиянының құрылтай съезін ұйымдастыруға кедергі келтірмеуді талап етеміз, – деді Жанболат Мамай жиын барысында.

Оның сөзінше, жергілікті күштік құрылым мен әкімшілік жүйе азаматтарға жұмыс орны, туыстарының қызметін жанды тұсынан әлімжеттік көрсетіп, көпе-көрнеу заң бұзушылықтар болып жатыр. Жоспар бойынша 26 ақпанда Демпартияның съезі сағат 11:00-де өтуі тиіс. Ұйымдастыру комитетінің жетекшісінің айтуына қарғанда, "республика көлемінде белсенділерге қысым іқрсету арқылы билік алдағы заңды құрылтайдың өткізбеуге күш салуда".

Жергілікті атқарушы билік тарапынан сұрауға ұшыраған бірнеше белсендінің аты-жөнін атаған бастамашыл топ жетекшісі «Конституция бойынша әр адамның саяси партия құрамында болуға және қайсысының қатарында екенін айтуға және айтпауға құқығы бар, полиция мен әкімшілік қызметкерлері конституцияны бұзып отыр» деп есептейді. Сондай-ақ ол алдағы уақытты өзге құқық қорғау органдарына жеке тұлғалардың мәліметтерін таратты деп айыптайтын әділет министрін сотқа бермек ойын бөлісті.

Прокуратура партия құруды көздейтін бастамашыл топтың талап арызын қабылдады.

"The Qazaq Times"