АҚШ Конгресінің жоғарғы палатасы Дональд Трампқа қатысты импичмент процесін ресми түрде қарастыруды бастады.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, импичментке қатысты алғашқы отырыс 21 қаңтарда Сенаторлар өткізеді. Сенат Трампқа тағылған айыптардың нақты баптарын жариялаған. Оған сәйкес Ақ үй басшысына өз лауазымын асыра пайдаланды және Конгрестің тергеу жұмысына кедергі жасады деген айып тағылды.

Өткен аптада Трампқа қарсы импичмент Сенатта дауысқа салынып, бекітілген болатын. Өкілдер палатасы президент Трампты айыптайтын конгресмендердің құрамын да бекітті.

Былтыр шілдеден бастап АҚШ президентіне қарсы импичмент жариялау туралы мәселелер қаралып келеді. Онда Трамп Украинаның жаңа сайланған президенті Владимир Зеленскиймен телефон арқылы сөйлескен кезде Жо Байденнің ұлы Хантер Байденнің үстінен жемқорлық айыбы бойынша іс қозғауды талап етіп, егер Зеленский үкіметі бұлай жасамаса Украинаға берілетін 400 млн доллар құнына ие әскери көмекті кешіктіретінін айтқан. Трамптың бұл әрекеті «қызмет мүмкіндігін пайдаланып, Украинаға қысым түсірді» деп айыпталған болатын.

Егер осы әрекеті толық дәлелденсе, онда АҚШ президентін қызметінен қалдыруға толық негіз бар. Себебі, ол Украинадан айыптауды талап еткен Байден Демократиялық партияның үміткері Жо Байденнің ұлы. Трамп өз әрекеті арқылы қарсыласының беделін түсіруді мақсат еткен деген болжамдар да бар. Бірақ, президент Трамп өз кезегінде әкелі-балалы Байдендерді заңсыз әрекеттермен айыптаған. Трамп Байденді қызмет мүмкіндігінен асыра пайдаланып, Украина қауіпсіздік қызметкерлеріне қысым түсіріп, ұлына қарсы қылмыстық істі күшпен жаптырған деген айыбын тағып отыр.

"The Qazaq Times"