Керей-Жәнібекке дейінгі кезең мен прототүркілік тарихын айтпағанда төрт ғасырға тарта хандық дәуірі салтанат құрған арқа даласы және оның иесі исі қазақ баласы қалай отарланды, қайтіп орыстанды?  

Бұған биыл 90 жасқа толатын белгілі абайтанушы, ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметовтің «Қазақ қалай орыстандырылды» зерттеу еңбегінен жауап табамыз. Мырзахметұлы кеңестік кезеңде-ақ, 90-шы жылдардың басында патшалық Ресейдің Қазақстанда жүргізген миссионерлік саясаты негіздерін түбірімен қозғап қазақ жеріндегі топонимдер мен антропонимдердің саяси-әлеуметтік сырларын ашып, қоғамдық ой-санаға ықпал еткені аян.

Әдетте отар елдің тарихын отарлаушы ел жазады. Қоғамдық сананы отарсыздандыру мақсатында ғалымның жанкешті еңбекпен жазған деректі-объективті зерттеуін сериялы түрде назарыңызға ұсынып отырмақпыз, көзіқарақты оқырман.

Қай дәуір, қай заман ақын-жазушысы болмасын олардың шығармаларын текстологиялық тұрғыдан қайта қарастырып, түпнұсқамен салыстырып, толықтырып басу үстінде автоцензуралық құбылыстар ұшырасып отырады. Бұл іспеттес сыр бүгіп, беймағлұм жатқан автоцензуралық құбылыстың сырын ақтарып, тылсым құпиясын жан-жақты зерттеп барып ашпайынша, оның түп төркінін, онда суреттемек болған мұрат-мақсатының бар болмысын терең ойлап танып білу өте қиын. Аталған қиыншылықтан арылудың бірден-бір кілті және зерттеушіні адастырмай нысанаға дәл бастар, дұрыс жолға сілтер бағыт-бағдары текстологиялық зерттеуге келіп тірелетінін академик Д. Лихачевтің сөзімен айтқанда: «Текстология дегеніміз – шығарма тексінің тарихын зерттейтін жеке ғылым. Оның іс жүзіндегі көрінісінің бір белгісі – текстің ғылыми басылымы», – болып табылады.

Әрбір кезеңде өмірге келген жаңа ұрпақ алдында өткен айтулы классиктердің шығармаларын жаңадан басылымға әзірлеу және оның ғылыми негізде даярланған толық жинағын құрастыру үстінде текстологиялық зерттеулер жүргізбей тұра алмайды. Өйткені өз заманында жазушы әртүрлі саяси-әлеуметтік жағдайларға орай шығарма тексіне өзгерістер ендіріп, тіпті кей тұстарын қысқартып, автоцензура жасауға мәжбүр болатын жағдайға да ұшырайды. Сондықтан шығарманың тексіндегі белгілі бір орын алған текстологиялық өзгерістердің болмысын танып, сырын анықтауға, оның орын алу себебі мен тарихын ашуға келгенде, жазушы шығармасының төлнұсқасы мен бірнеше рет басылым көрген нұсқаларын салыстырмай отыра алмаймыз.

Мұндайда шығарманың төл нұсқасын баспа бетінде жарық көрген барлық нұсқаларымен тұтас салыстырып барып, екі арадағы айырмашылықтардың сыры анықталады. Яғни заманында жазушы айтайын деген ойын толық жеткізуге, ашып көрсетуге жағдайы болмауы себепті, оған автоцензуралық тәсілді қолдануға мәжбүр ететін саяси-әлеуметтік жағдайлар қысым жасайды. Мұның басты себебі: елімізде жеке басқа табыну мен тоқырау жылдарының кейбір буынды саяси-әлеуметтік мәселелері, әсіресе Қазақстаңда шыңдығын айтып, мағынасын ашып, басты себебін танып білуге қызмет ететін «...бұқаралық информация құралдары қатаң бақылауға алынды, кейбір проблемаларды жазуға тыйым салынды, сынауға болмайтын аймақтар... пайда болды[1]. Бұны әсіресе, қазақ халқының өткендегі рухани тарихына байланысты молырақ орын алғанын ұлтшыл деп таңбаланған ақын-жазушылар шығармашылығының тағдырынан айқын көреміз. Мысалы, осы іспеттес мәселелердің ең қатты тыйым салынған, тіпті ауызға алып сынауға болмайтын салаларының бірі – патша үкіметінің мүддесі тұрғысынан жүргізілген отарланған елдерден бұратана халықтарды рухани қыспаққа алған миссионерлік саясатына байланысты проблемалар болатын-ды.

Бұл мәселе өте күрделі, нәзік сырлары мол саяси идеологиялық астарлы проблемаларды қамтуы себепті, қазақ ақын-жазушыларының көркем туындыларында мақала-зерттеулеріңде біршама сөз болып, нақтылы түрде көрсетілді де. Бірақ бұл құбылыс негізінен отызыншы жылдардан бастап сталиңдік репрессия құрбандықтарына ұшыраған, яғни атап атауға тыйым салған Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Қошке Кемеңгеров, С.Асфендияров, Жүсіпбек Аймауытовтар мен жартылай ақтаңдақтарға айналған Дулат, Мұрат, Шортанбай т.б. туындыларында нақтылы көрінісін берді. Ал олардан кейінгі буын болып саналатын ақын-жазушы шығармаларында бұл мәселе сөз етілмеді десе болғандай. Бірлі-жарымды шет жағалап сөз етіле қалған тұстың өзінде, алмағанын тағдырға ұшыраудан сескеніп, атүсті жанама дерек ретінде жай ғана сипай қамшылап айтылып отырған ерекшелікті көреміз. Бұлардың қатарына Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы мен Ш. Мұртазаевтың «Қызыл жебе», Симашконың «Қонырау», Жайсаңбек Молдағалиевтің «Таза бұлақ» романдары жатса, соңғы кезде бұл топқа Ғалым Ахмедовтың «Ескі достар» деп аталатын әңгіме-естеліктері келіп қосылған. Осы туындылардың қатарындағы М. Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясыңда ғана ұшырасатын бір автоцензуралық құбылыстың бірегей тарихи астарын ашып түсінудің айтарлықтай танымдық мәні мен тәрбиелік өнегесі жас ұрпақ үшін аса қажетті нәрсе. Өйткені қазақ кеңес әдебиетінің классикалық туындысы «Абай жолы» эпопеясы Мемлекеттік және Лениндік сыйлықтың жүлдегері болғанымен, XX ғасырдың ұлы туындысы деп танылған эпопеяның жеке басқа табынудың ызғарлы желі есіп тұрған кезде жазылуы себепті, эпопеяда терең су асты қуатты ағымдары барлығын аса зерек зерттеушілер болмаса, көп оқырманның тани білуінің өзі екіталай астарлы проблемалары да баршылық.

Автор өзінің тар жол, тайғақ кезеңге толы өмір жолында танып білген кейбір шындық болмысының қабаттарын өз қалпыңда суреттеп беруден бой тартып, кейде тезистік желіде, бірде автоцензуралық тәсілге салып беруге ықтиярсыз келген тұстары да ұшырасуы заңды құбылыс.

Автоцензуралық тәсілді қай жазушы болса да жетіскенінен қолдана бермейді. Мысалы, атақты неміс ақыны Иоганнес Р. Бехер өзінің эстетикалық ой-танымдарын жинақтаған «Опыты» деп аталатын қолжазбасы басылып, гранкісі келгенде, КПСС XX съезі қорытындыларынан туған жеке адамға табыну туралы сыншыл ойларының біразын сызып, қысқартып, өзіне-өзі цензура жасап шығарғаны бар. Иоганнес Р. Бехердін автоцензурасы өзі қайтыс болған соң бұрынғы ГДР-де «Зюга унд форм» журналында жарияланды.

Мұхтар Әуезовте де өз ойында қорытып сомдалған өмір шындығының аса күрделі көрінісін сол қалпында дәл бере алмауы себепті ойларының ең өзекті деген тұстарын қалдырып, оқырман қауымға «ымды білмеген дымды білмейді» деген меңзеумен ғана білдіретін астарлы қабаттары бар. Бұларды жазушы шығармаларын текстологиялық тұрғыдан зерттей келіп, канондық тексін қалыптастыру үстінде зерттеуші ғалымдар мәселеге аса сергек қарап талдай отырып ашпаса, кез келген кісі оған даярлықсыз бара алмайды.

Автоцензура немесе самоцензура деп аталатын әдеби тәсілді жазушы тарапынан көбінесе өзі суреттеп отырған кезеңнің бар шындығын сол қалпында баяндап беруге белгілі бір кезеңнің саяси-әлеуметтік талабына орай ашық айта беруге жол берілмеген тұста қолдануға мәжбүр болады. Осы тұрғыдан қарағанда Мұхтар Әуезовтің бүкіл саналы шығармашылық өмірінің шыңы болған басты туындысы – «Абай жолы» эпопеясы жан-жақты алдын ала терең даярлықпен келіп жазылғанның өзінде автоцензуралық тәсілді қолдануында елеулі мән-мағына жатыр деп қарау керек. М. Әуезовтегі автоцензураның қолдану тарихы мен оның аса тереңде жатқан саяси-әлеуметтік иірімдегі түп төркіндерін терең ашып танудың мән-мағынасын тікелей тарих тағылымына бастауында жатыр.

Не себепті М. Әуезов «Абай жолы» эпопеясының үшінші кітабын жазу үстінде өткен заман үшін де саяси жағынан томсарып сыр бүккен, ал тіпті біздің заманымыздың өзінде өткендегі шындықты өз қалпында суреттеп ашық айтудың өзі қиынға түскен алмағайып аса қиын мәселеге автоцензуралық тәсілді қолданған деген заңды сұрақ туады.

Қалың оқырман қауымға осы мәселенің төркіні анық әрі түсінікті болу үшін М. Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясының үшінші кітабындағы «Шайқаста» деп аталатын тарауы мен жазушының әдеби-мемориалды музей үйінде сақталған «Ақындар ағасы» (1949) романындағы осы тараудың «Қазада» деп аталған төлнұсқасында берілген алғашқы қалпымен салыстыра қарап көрейік. Екі нұсқаны қатар салыстыра қарап, ой жібере оқығанда жазушының бастапқы түпнұсқаны текстік жағынан көп өзгертіп, елеулі қысқартулар жасаған әрекетінен автоцензуралық тәсілді қолдану жолын аңғарамыз. Бұл көріністің себебін іздестіре бастасақ-ақ болды «Абай жолы» эпопеясының үшінші кітабындағы автоцензураның бар болмысы мен оның мән-мағынасы толық ашылып, көз алдымызға келеді.

Алдымен М. Әуезовтің «Ақындар ағасы» деген романының «Қазада» тарауының алғашқы төлнұсқасына назар аударайық:

– Бірақ мен қауымды, халықты ендігі тарихта жақсылыққа, әсіресе, жарыққа бастайтын дін деп білмеймін, – деді.

Жандаралға Абайдың дінсіздігі де ұнай бастады. Оның ойына енді мүлде жаңа бір ниет нық орнаған еді, Кейінгі сөзінде жандарал христиан дінін, оның ішінде православиені барынша мақтап, ұзақ сөйледі.

– Киргиз сияқты Ресей империясының қарамағына келген Сібір бұратана өкілдерінің көпшілігі өз діндерін тастап, шоқынып жатқандарын көп таратып айтты. Және солардың осындай тарихтың өзгеріс арқылы ислам дінінде отырған қазақ сияқты елдерден, бұдан былай тез өсетінін, бақытқа тез жететінін баяндап, дін үгітшісі сияқты боп кетті. Бір кезек, бұны үндемей, ойланып тыңдап отырған Абайдан ол үлкен үміт өткендей сөйлеп барады. Абайға ақылшы боп толғанады. Бір ғана Пушкин, Лермонтовтар емес, православие шіркеуінің үлкен ақылды, білімді өсиетшілері бар екенін де айтты. Сол жөнінде Қазаңда аты шыққан миссионер Ильминскийді, Түркістанға мәлім миссионер Остроумовты және әсіресе өзімен таныс, Омскіде тұратын әрі ағартушы, әрі зор миссионер Алекторовты да айтып өтті...

Ақмола, Семей облыстарын әкімшілік, әскерлік, шаруашылық жағынан бір генерал-губернатор билейтін болса, дін жағынан да осы екі облыстың орталығы бір. Оны бір епископ басқарады. Сол епископпен осы қазақ сияқты елді шоқындыру жөнінде бірнеше мәжілісте бұл жандарал сөйлескен-ді.

Екі облысты басқаратын епископ Омск сияқты үлкен шаһарда тұрмай, Семейге келіп, оңда да Ертістің екінші жағасындағы қазағы көп Слободкеге «миссия» деген шіркеу салғызып, сонда тұратын. Соңғы жылдарда қазақтың жетім балаларын тәрбиеге алып, соларды шоқыңдырып, өсіріп келе жатқан «ізгілік миссионерлік» деп аталатын әрекеттер бар-ды.

Абайды мүлде теріс ұғынып, шолақ, үстірт таныған жандарал енді әлдебір желіккіш, саяз ойлары бойынша, осы «Абайды қазақты шоқындыру жөнінде өзіне көмекке, керекке жаратам ба деген үміт ойлап та қалды...

Мен бұдан былай Құнанбаевтан басқа адам жасаймын. Көрерсіз, Ресей империясына елеулі пайда келтіретін, біздің шіркеуге, зор қасиетті міндеттерін ада қылу жөнінде көмегі тиетін адам етемін! – деп осыдан ары жандаралдық әкімдігіне православие шіркеуінің миссионерлік әрекет мақсұтын қосып, ұзақ қиялдап кетті.

Иркут губерениясында, Якут облысыңда, Батыс Сібірден Барабин татарлары арасында, Минусин татарлары арасыңда жүргізілген бұратана елдерді шоқындырудың бірталай мысалдарын айтып өтті. Осы киргиздармен шектес Алтай ойраттарының да өз дінін тастап, христианствоны қабылдап алғанын айтты. Әділетін айту керек, Семейдің әскери жаңдаралы бұл турада көп дерек жиған, анық мол мағлұматы бар әкім боп шықты.

Сол елдердің шоқынған тарихтарын еске ала отырып, жандарал сондай зор жауапты жұмыста жергілікті беделді князьдар мен рубасылардың, бектердің көп пайдасы тигенін айтты. Кейбір князьдарды олардың көп пайдалы істер істегені үшін его императорское величество Петерборға шақырып, үлкен алғыстар білдіргенін айтты. Ол ғана емес, Иркутскінің және Батыс Сібірдің кейбір губернаторларын да осы жолда жақсы ізгілік іс істегені үшін, святейщей синод көп алғыс айтып мақтаған екен. Екі губернатор Петерборға шақырылып барып, көп сыйлықтар алыпты. Аса қадірлі монаршая милость жарияланғанын да жандарал еске алып өтті...

– Өз халқым ортасындағы менің абыройымды, беделімді ұлық дәрежелі әкімдер мұншалық ілтипатпен бағалайды деп ойлаған жоқ едім. Және халқыма менің ететін әсерімді осындай жолмен пайдалануды ұлықтар ойлар-ау деп күткен де емес едім...

Менің халқым діңдар болмаса да, фанатик болмаса да өздерін мұсылманбыз деп санайды. Оның тарихы, болашағы жақсылыққа ауысып өзгереді, өседі деп үміт еткенде, мен мүлде діңді өзгерту арқылы жақсылыққа жетеді екен деп ойлаған емеспін. Халқым шала мұсылман болса, мен өзім де сондай ғана мұсылманмын. Шала діңдар күйінде күн кешемін. Бұл жасқа шейінгі өмірімде дін ұстазы, дін өсиетшісі болып көргенім жоқ. Сөйтіп, мен нашар молла болған кісі едім. Енді менен «жақсы поп жасауға болады» деген сіздердің сенімдеріңіз қалайша туғанын әлі аңғарып болғаным жоқ...

Сөйтіп, Лосовский Абайды ұта алмай, әзірше, ең алдымен, миссионерлік міндетті алатын Құнанбаев өте алмай кетті...»[2], – деп жандаралдың аузымен жазушы патша үкіметінің қазақ елін православие дініне шоқындыру арқылы орыстаңдыру саясатын жүргізгенде, осы саяси мақсат көздеген әрекеттің айтулы идеологы болған миссионер ғалымдардың аты аталып, түсі түстеліп жаңа ұрпақ алдына елуінші жылдар ішінде жаңадан таңбаланып көрсетілуіңде мәселенің айсберг сияқты ұшар басы айтылса да, су астындағы мол жағының танымдық зор мәселе екендігін біліп барып айтып отыр. Романда жанама түрде болса да аты аталған святой синод арнайы құрып отырған миссия арқылы жүргізіп жана дінді ендірудің ірі қайраткерлері: профессорлар Ильминский, Алекторов, Остроумовтар нақтылы аталып, Сібірдегі майда ұлттардың бәрі күшпен шоқындырылып, сол үшін екі генерал-губернатор святой синодтың алғысына бөленген т. б. саяси астары бар түбірлі де тамырлы әлеуметтік мәселелердің көбі түсіріліп, «Абай жолы» эпопеясының 3-кітабында олардың жанама түрде ғана сипай соғып қайта жазылуында қандай себептер жатыр?

Әуелгісінде «Қоршауда» («Қазада») деген атпен берілген тарауда «миссия» жайлы саяси-идеологиялық астарлы мәселе жандарал мен Абайдың арасындағы әңгіме үстінде берілген. Осында айтылған нәрселердің бәрі де «Абай жолы» эпопеясының қайтадан жазылған үшінші кітабында «Шайқаста» деген тарау арқылы суреттелгенде жазушы тарапынан автоцензуралық тәсіл қолданылған.

Мұны анық танып қанығу үшін алғашқы төлнұсқа мен «Абай жолы эпопеясының үшінші кітабындағы «Шайқаста» деген тарауында айтылған оймен салыстыра қарайық: «...Павловтың өзі де орыс патшалығы мен православие шіркеу ұстаздары қазақ, татар сияқты елдерге қандай өрескел істер істейтінін жақсы біледі. Оған және Павловтың өзі де, дос тобы да өзгеше қарсы екенін Абайға білдіру керек.

Сонымен Павлов ең әуелі патшалық ісін сынады.

– Имамдар, байлар қаланың кедейлерін, қырдың қараңғы халқын алдайды, адастырады. Оларға көзге шұқып тұрып көрсетіп, нені айтады? Мынау почтаның қасында, каланчаның жанында тұрған ақ шіркеуді көрсетеді. Оңда кім бар, не бар? Бұл шіркеуді «миссия» деп атайды... Ал осы миссияда кімдер тұрады? Үлкен дінбасылары тұрады. Анау Омскідегі генерал-губернатор дәрежесіндегі Ақмола, Семей екі облысының дінбасысы – эпископ Аңдриан осы қазағы көп Слободка қаласына әдейі кеп орнаған. Неге? Қазақтың, татардың халқын «шоқындырамын» деп келіп отыр. Осы жөнінде Павлов Абай білмейтін миссия ішіндегі көп сыр мен жайларды айтты.

Ақ шіркеудің жанында школ да бар екен. Соған... панасыз жүрген жас жетім балаларды алады. Бұл күнде отыздан аса қазақ, ноғай балаларын шоқындырып, оқытып тәрбиелеп жүр, – деді...

Ивашкин... жетім бала Мекешті... миссияның интернатына береді... жаңағы балаға Бутин деп фамилия беріпті. Мекеш деген атын жоғалтып Михаил, Мишка деп ат қойыпты[3], – деп, қазақ елінің рухани ой көзіне айналған Абайдың өзі әлі де көзі жетіп сезіне алмаған, сезінсе де патша үкіметі саясатының отарланған бұратана елдерді дінге шоқындыру арқылы орыстандыру тәрізді өте жасырын, құпия түрде жүргізіліп отырған империялық саясатының астарына бойлай алмаған. Миссия деп аталған діндар ұйымының бұратана халықтардың бірі қазақтарды шоқындыруға бет алған патша саясатының түп төркіні мен басты мақсатын жете біліп отырған Павловтар тобы миссионерлік әрекеттің мән-мағынасы мен көздеген түпкі мақсатын Абайға жанама түрде болса да сездірген әрекетін аңғарамыз. Өйткені қазақ ағартушылары: Шоқан, Ыбырай, Абай – Ресей империясының жасырын түрде астыртын жүргізілген миссионерлік саясатын әрқайсысы әрқилы тұрғыдан танып білген. Ол туралы шындықты әртүрлі жасырын не ашық деректер көзінен хабардар болып отырған. Мысалы, Шоқан бұл миссионерлік саясатқа наразылық білдіріп, оны сынай қараған, Ыбырай Алтынсарин болса, миссионерлердің идеологтарымен тікелей араласып, оларды өзінің ағартушылық жолына дипломатиялық әдіс-айла тұрғысынан қарым-қатынас жасап, ретіне қарай пайдаланған. Ал Абай болса бұл мәселені сезінгенмен, мәселенің түп төркінін дөп басып тани бермеген. Осы себепті де М. Әуезов миссионерлік саясаттық құпия сырын Павлов арқылы жеткізудегі көркемдік әдісті өз танымы тұрғысынан беруді мақұл тапқан. Яғни, осы тәсіл арқылы сыртқа шығаруды, оқырманды ойға қалдыруды мақсат еткені байқалады.

Жазушының эпопеяда осы эпизод арқылы патша отаршылдарының қазақ еліңде жүргізген әрі шым-шымдап, біртіндеп ендіре бастаған миссионерлік саясаты жайында аса бір өзекті де кезенді саяси-идеологиялық күресінің астарлы қыртысын Абай мен Павлов арасындағы әңгіме-кеңес арқылы сездіре кетуі сергек ойлы әрбір оқырманды көп нәрсенің қыртысты қабаттарының астарлы сырына үңілдіреді. Әрине, жазушы екі арадағы әңгіме арқылы патша үкіметінің, әсіресе, XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап ұсақ ұлттарды православие дініне шоқындыру жайыңдағы ішкі саясатының басты бағыт-бағдарын миссия ішіндегі көп сырлардың қатпарларын меңзеу арқылы білдіріп отырады.

«Абай жолы» эпопеясының үшінші кітабынан келтірілген жоғарыдағы үзіндіні жазушының өз архивінде сақталып қалған жазбасының төлнұсқасымен салыстырғанда екі арада үлкен өзгешелік барлығы бірден көзге шалынады. Қолжазбаның түпнұсқасыңда көп нәрсе өз атымен аталып, нақтылы фактілермен дәл көрсетілген. Тіпті қазіргі зиялы қауымның өздері миссионер оқымыстыларға құлдық ұрып табынып жүргені де, әсіресе орта және жоғары оқу орындарындағы оқулыққа еніп кетуі бүгінде жасырып қалар сыр емес, ащы шындық. «Абай жолы» эпопеясының үшінші кітабы ретінде жазылған әрі алғаш рет жарияланған нұсқасы «Ақын аға» (1951) романында миссионерлік әрекет пен оның идеологтары Ильминскийдің, Остроумовтың аттары нақтылы аталып, олардың негізгі көздеген мақсаты мен атқарған қызметі таңбаланып көрсетілуінде елеулі мән-мағына жатыр. Алғашқы төлнұсқада айтылған ойлардың көбі түсіріліп, жұмсартылып әрі жандарал мен Абай арасында болған әңгіме енді Павлов пен Абай сұқбаты арқылы беріліп, басқаша сарын, яғни елеулі түрдегі текстологиялық өзгерістерге ұшырағаны анық сезіліп тұр. Осы құбылыстарға ой көзімен қарап бұлардың себебі, астарлы сыры қайда жатыр деген күрделі сұраққа өткен тарих қойнауында терең із қалдырған, бірақ барынша бүркемеленген өте нәзік әрі мейлінше сақтықпен жүргізіліп келген қазақ елін шоқындыру арқылы орыстандыру саясатының алысты көздеген астарлары ашылған. Оларды танып білген сайын тарих сабағынан тағылым берер кемеңгер жазушының жеке басқа табынудың кылышынан қан тамған тұсындағы терең танымына, саналы түрдегі азаматтық батылдығына таңданбасқа да болмайды.

Жазушы төлнұсқа мен «Ақын аға» романының «Қоршауда» («Қияда») тарауыңда өз ой-пікіріне, ой-танымына автоцензура тәсілін нақтылы түрде қолданбаса да, айтар ойына қарауыл қойып, сақтана суреттеген жағын да еске алмасқа болмайды.

Уақыт ызғары солай етпесіне ырық бермейтінін жазушы жақсы түсінген. Болмаса ұзақ жылдар бойы өзі көзімен көріп, күнделікті өмір ағысында бетпе-бет кездесіп, әрі ұстаз тұтқан ағаларының (А. Байтұрсынов, Ә. Бөкейханов, М. Дулатов т. б.) мақала зерттеулері мен көркем туындыларында біршама желі тартып, анықталып қалған шындықты қай тұрғысынан болса да ағылтып-ағылтып алуына терең танымды ой қуаты мен шеберлік өнері де жетерліктей еді. Қолжазбасының алғашқы түпнұсқасыңда автор мемлекеттік тұрғыдан алға қойылған миссионерлік саясаттың идеологтарын бас-басына атап көрсетуінде көптен қордаланған, танып-білген ой төркіндерінің арналы желісінің өзекті де буынды тұстарын ғана ишаралап жеткізуді көздегені даярлығы бар сергек оқушыға сезіліп-ақ тұрады. Бұны аңғару үшін белгілі миссионер ғалымдар туралы бұрын-соңды жазылған еңбектер мен архив қазынасында қозғалмай жатқан деректі мағлұматтарға назар аударсақ, ол ғалымдар туралы қазіргі қазақ әдебиеті тарихында беріліп келе жатқан атүсті, зерттелмей, көз жеткізбей айтылған жалаң мақтау сөздердің, жалған бағалардың бәрі де біржақты, яғни жаманын жасырып, жақсылығын асырып бүркемеленуі бүкіл қоғамдық ойды шындықтан сырт айналдырып, жалған ұғымға түсірген ой танымдар үстемдік етіп келе жатқаны жалған емес, ащы да болса шындық.

Бұл мәселеде кейбір зерделі деген қалам қайраткерлерінің өзі осы жалған, теріс ұғымның тұтқынында қалып, қолдан қалыптастырған ғылыми негізі жоқ, жасанды, қате танымның шеңберінен шыға алмай қалуы көп нәрсені аңғартса керек-ті. Ал Қазақстаңдағы бүкіл мектеп жастары мен жоғары оқу орындарыңдағы студенттерге арналып жазылған әдебиет, тіл, тарихтың оқу құралдары да осы ғылыми негізі теріс жалған танымды әлі де талшық етіп малданып келе жатқаны көп нәрсені аңғартса керек-ті. Осы себепті бұл өзекті мәселені тарих және архив деректері негізінде толық ашып, мән-мағынасын айқыңдап беру – қалың оқырман танымын ақтаңдаққа айналған саяси мәндегі шындықпен таныстырып өту аса қажетті буынға айналмақ. Осы себепті еңді оның тарихына қысқа шолып тоқтала кетуді мақұл тапқанда оқырманнан өтінеріміз айғақты дәлел ретінде архив мағлұматтарынан үзінділерді молырақ қамтып, түпнұсқа қалпында беруді қажет деп білдік, Нақтылы тарихи дәлелдерсіз, архив мағлұматынсыз тұжырым айту да, ой түю де қиын болмақ.

Романовтар династиясы билік еткен бүкіл Ресей патшалығының ғасырлар бойы жүргізіліп келген ішкі, сыртқы саясатының негізгі бағыт-бағдары отарланып алынған елдерді дінге шоқындыру арқылы орыстаңдыру саясаты және де оны жүзеге асырудың ең ұрымтал буыны отарланған бұратана елдердің ғасырлар бойы қолданып келе жатқан жазу таңбаларын, яғни алфавитін өзгерту, оны кириллицаға ауыстыру саясаты тым ертеректен басталғанын көреміз. Өйткені ескі жазуын өзгерту – олардың тарихи есінің сақталу дәстүрі мен тарихынан қол үздіру арқылы идеологиялық мәнгүртке айналдыру – отаршыл үкімет атаулының негізгі мақсаты болып табылатыны ортақ құбылыс. Бүкіл тарих тәжірибесі мұны айғақтап отыр. Қолда бар деректердің мәлімдеуінше, 1719 жылы бұл мәселе сенатта Еділ бойы қалмақтарына орай қаралып, мақұлданған болатын.

Ал қазақ даласында патша билігінің үшінші кезеңі деп саналатын «жаңа низам» ережесін ендіру алдында Ресей империясы қазақ жерін мемлекет меншігі деп жариялады. Қазақ елінің жерінде бір жағынан Қытай империясы, бір жағынан Ресей империясының шекарасы ресми түрде белгіленіп, картасы сызылып бекітілген соң, патша үкіметі бұрынғы уақытша ислам дінін тарату саясатынан бас тартып, 1862 жылдан бастап ресми түрде қазақ халқын шоқындыру, сол арқылы біртіндеп орыстандыру саясатын ашық жүргізе бастады. Бұл, әрине, тамыры, түп төркіні арырақта жатқан дәстүрлі саясат болатын-ды.

Қазақстан жері түгел отарланып, халық бодандыққа ұшыраған соң, кең-байтақ қазақ даласын экономикалық және идеологиялық жағынан меңгеру мәселесін патша үкіметі күн тәртібіне қойды, Бұл үшін қазақ елін өз мүдделері тұрғысынан билеп-төстеудің саяси жаңа амалдарын алдын ала ойластырып, көп жылғы ғылыми зерттеулер мен «бейбітшілікті» бүркенген экспедициялар арқылы халықты билеудің жаңа жүйесі – территориялық принципке негізделген көп сатылы болыстық сайлау жүйесі ендірілді. Мұның өзі қазақ даласын бірыңғай билік жүргізу үшін үкімет арнаулы «дала комиссиясын» құрып, қазақ елін алдын ала жан-жақты зерттеп барып келген елеулі түрдегі саяси-әлеуметтік қорытыңдысы болатын-ды. Бұл мәселенің түбірлі зардабын қазақ интеллигенциясының алғашқы тобы, яғни өмірі мен шығармашылығы көп жылдар бойы ақтаңдаққа айналған ақын-жазушылар терең сезініп, қарсылық білдірген де еді. Патша өкіметі тұрғысынан жүргізіліп отырған орыстандыру мен шоқындырудың комплексті шараларын өз көзімен көрген Жүсіпбек Аймауытов: «...Қазақтың жерін тілгіліп, келімсек мұжықтарға аударып бере бастады, тілін бұзуға, дінін бұзуға аулный школ, миссионерлер таратты, әдет-ғұрпын, салт-санасын өзгертіп, орысқа бас игізуге жаңа закон, мировой судья, крестьянский начальниктер шығарды. Қазақты ішінен тоздыруға сайлау, штат деген шырға тастап, өзді-өзін жұлыстырып, қырқыстырды» (Қазақ  әдебиеті, 1989. 20. 01), – деп көрсетуі арқылы-ақ халықтың мойнына түскен тауқыметтің түп төркінін дәл көрсетіп берді. Яғни, сезімтал жазушы қазақ елінің тағдырына қол салып, жабайыларды жабайылардың қолымен түншықтырудың ызғарлы лебі қайдан соғып тұрғанын саналы түрде біліп, сезіп отыр.

Әрине, бұл комплексті тұрғыдан қойылған саяси-әлеуметтік әрекеттерді жүзеге асырудың шешуші кілті Екінші Александр патшаның 1865 жылы 5 шілдедегі арнаулы раскриптінде жатыр. Өйткені ресми саяси құжат ретіндегі осы патша қолымен жазылған раскриптіге сүйене отырып екі нәрсеге айрықша назар аударылды. Оның бірі – қазақтардың бәрін бірыңғай билеп-төстеудің жаңаша жүйесін жасап, яғни «жаңа низам» деп аталатын ережені 1867 жылдан бастап өмірге нақтылы түрде ендіру мақсаты көзделді. Екіншіден, қазақтарды келешекте православие дініне ендірудің бар мүмкіндіктерін қарастыру арқылы көздеген орыстаңдыру саясатының түпкі мақсатына меңзейді.

Өткендегі сыр бүгіп жатқан тарих қатпарларына үңіле қарар болсақ, патшалы Ресей империясы өз қол астына енген көп тілді бұратана халықтардың ғасырлар бойы тұтынып келе жатқан жазуы мен діни нанымын істен шығарып, мүлде шоқындырып жіберу саясатын тым ерте күннен бастаған әрекетін XIV ғасырдағы шуваш, мордва, коми халықтарының тарихынан көреміз. Мысалы, коми халқынан шыққан священник Стефан 1383 жылы епископ дәрежесіне көтерілді. Ол орыс графикасы негізінде коми алфавитін жасап, миссионерлік қызмет атқарды, немесе XVI ғасырдағы Ресейдегі Қасым хандығының соңғы мұрагері Сайын Болатханның шоқынып, өз атын өзгертіп Самсон атанғаны да тарихтан белгілі жәйт. Өйткені шоқынған бұратана атаулының ата-анасы қойған есімі міндетті түрде өзгертіліп, оның аты мен фамилиясы жаңадан орысшалап қойылатын дәстүр сол тұста-ақ қалыптасқандығын аңғартады.

Ресей патшалығының ең сенімді идеология майданының ең белсенді тобы миссионерлердің бар амал-айласы, күш-қуаты татар халқын шоқындыруға жұмсалғаны тарихтан мәлім. Бұл мәселені түпкілікті жүзеге асыруды миссионер ғалым Ильминский қолға алды. Осы күрес үстінде ол кертартпа ресми педагогиканың өкілі ретіндегі өзі жасаған педагогикалық миссионерлік жүйесін татарларға ендірді. Ильминскийге дейін-ақ 1802 жылы қарулы күшпен шоқындырылған он мыңдаған татарлар православие дінінен бас тартып, өз дініне қайта бастады. Ал 1803 жылы Святой синод татарларды қайта шоқындыруға бұйрық берді. Дағыстандықтарды шоқындыруға шетел миссионерлері келіп араласты. Ал Ильминский болса шетелдік миссионерлердің осы салада жүргізген жұмыстардың тәжірибесін үйреніп, үлгі алу үшін шетелдерге жіберілді. Өйткені бұл кезде патша үкіметінің дінге ендіру, орыстандыру саясатының әрекет өрісі көлемі жағынан кеңейіп, бүкіл Сібір, Кавказ, Волга бойы халықтарын тұтас қамтыды. Ендігі әрекет өрісінің ауқымында алдымен қазақтар, артынша Орта Азиялық халықтар тұрды. Бірақ бұл өлкенің өзара ерекшелігіке орай орыстандыру, шоқындыру үрдісі жағдайға, уақытына, халықтың діни наным мен салт-дәстүріндегі ерекшелігін еске ала жүргізілді.

Әсіресе миссионер ғалымдар алдымен қазақ елінің рухани болмысы мен өткендегі тарихи жолын, психологиясын, мінез-құлқын, салт-сана дәстүрінің ерекшелігін, билеу жүйесін, яғни өздеріне қажет буынды да ұрымтал тұстарын терең барлап зерттей отырып, миссионерлік саясатының стратегиялық негіздері мен тактикалық әдістерін, мақсаттарын анықтап отырды.

Миссионерлер алдымен қазақтарды татарлардың рухани әсерінен бөлектеп ұстауды, араластырмауды мақсат етіп қойды. Себебі татарлар қазақ арасындағы мектеп, медреселерде сабақ берді, дін таратты, кеңсе жұмыстарын атқарды, тілмаштық қызмет ету істерінің бәрі де солардың қолында болды. Екіншіден, қазақтар татарларға қарағанда ислам дініне нанымы осалдау, оларда ескі шамандық наным мен мұсылмандықты қосарлана пайдалану жағы басым жатты. Яғни, сырттай қарағанда мұсылман болғанымен, өздерінің күнделікті тұрмысында ата-баба жолы мен әдет-ғұрпы, салт-сана дәстүрі басым жатты. Қазақтардың осы қос дінділік ерекшелігін, мұсылмандықтан алыстау жатқандығын тіпті Орта Азиялық автор Рузбехан өзінің «Бұқара мейманының жазбасы» деген еңбегінде: «...қазақтар әлі күнге дейін пұтқа табынады. Олардың садағат қайталағаны түкке тұрғысыз. Сондықтан намаз оқығанына қарамай қазақтарды кәпір деп таныған жөн. Олар әлі күнге дейін күнге табынады... Өздерінің жерінен өткен мұсылмандарды мазақ қылады»[4], – деп жазып, қазақ елінің мұсылмандық нанымға осалдығын арнайы түрде көрсетуі, әрине, тарихи шындық еді.

Осы Рузбехан айтқан ерекшелікті патшаның билеушілері мен миссионер ғалымдары ерте сезініп, өз мақсаттары жолында пайдалану үшін әрекет ете бастады. Бұлай етуінің бір себебі олармен шекаралас әрі туыстас таза шамандық нанымдағы Сібір бұратаналарын тез арада зорлықпен православие дініне ендіру жолындағы тәжірибелері де болатын-ды. Ресей империясына қараған түркі тілді халықтардың арасында сан жағынан басымы да, жер көлемі жағынан үлкені де қазақтар болып келуімен отаршылдар мен миссионерлер санаспай тұра алмады. Бұл кең-байтақ өлкені экономикалық және идеологиялық жағынан тезірек меңгеріп алудың саяси зор мәні барлығын олар жақсы түсінді. Мысалы, өте құпия деген грифпен белгі соғылған Ақмола генерал-губернаторы жазған ресми қатынасында: «...Киргизы хотя и называют себя мусульманами, но в своей частной жизни, как религиозном, так гражданском и нравственном отношениии они не руководствуются ни кораном, ни шариатом и никакими друтими постановлениями магометанской религии, а своими народными обычаями... Будучи незнакомы с магометанским учением киргизы чужды фанатизма, легко уживаются с русскими» деген ұсыныс жасауында көп нәрсенің астарлы сыры жатыр.

Дін жолына көбірек шалынған татарларды шоқындырудан айтарлықтай нәтиже шығара алмаған Ильминский, жоғарыда айтылған қазақтардың мұсылмандық нанымға қалай болса солай қарау ерекшелігін еске ала отырып, 1872 жылдан бастап Қазаннан Орынборға қызмет ауыстыруының басты себебі де осында жатыр.

Жалпы отарланған халықтарды біртіндеп орыстандыру, шоқындыру мақсатын патша үкіметі ерте кезден бастап-ақ ойластырғаны 1731 жылы Сенатта Волга бойы халықтары үшін арнайы түрдегі «Новокрещенская контора» дегенді құруымен де айқындала түседі.

Ал қазақ жері тұтас отарланып Қытай мен Ресей арасындағы шекаралық жік анықталып бекітілісімен-ақ қазақ жері мемлекет меншігі деп жарияланып, отарланған кең өлкеге орыс шаруаларын орнықтыра бастады. Өйткені патша өкіметінің отарлау саясатында сыннан өткен ең сенімді әдісі – орыс шаруаларын мүмкіндігінше көбірек қоныстандырудың айтарлықтай саяси мәні барлығын генерал-губернаторлардың бәрі де жақсы білген. Түркістан өлкесін арнайы тапсырмамен жыл жарым бойы аралаған ерекше істің чиновнигі, кейін Ресей империясының Ішкі істер министрі болған Л, Л. Половцев Жетісудың атақты генерал-губернаторы «Колпаковский қазақтарды орыстандырудың аса қажет екеңдігін алғаш рет анық түсінген еді», – деп арнайы түрде атап көрсетуі жай нәрсе болмаса керек-ті. Өйткені келешекте Түркістан өлкесін шоқындыру ісіне кадр даярлау үшін Ыстықкөл мен Николаевкада (Ташкент обл.) жергілікті ұлдары мен қыздарын жинап ерлер мен әйелдер монастырын ашқанда, генерал-майор Колпаковский бұл әрекетті қызу қолдап, ақшалай қаржы бөлетінін мәлімдеуі, қуаттап сөз сөйлеуі де белгілі мақсаттың диірменіне су құюдың өзі болып шығады.

Жалпы Ресей империясының орыс емес халықтарды күшпен орыстандыру жолында ұстанып келген саясатының өзекті желісі қайда жатқанын РСДЖП-ның X съезінің қарарында: «...Бұл халықтар жөніндегі патша өкіметінің саясаты, помещиктер мен буржуазияның саясаты олардың арасында қандай да болса мемлекет рухын жою, олардың мәдениетін бүлдіру, тіліне қысым келтіру, оларды надандықта ұстау және ақырында оларды мүмкіндігінше орыстандыру саясаты болды»[5], – деп арнайы түрде көрсетіп өтуінде үлкен мәселенің түбірлі мағынасы жатыр. Өйткені 1797 жылы келешек миссионер кадрларды даярлауға айрықша мән беріліп, Қазан рухани академиясының ашылуы, арнайы түрдегі «орыстандыру палатасы» мен «переселенческий контораның» дүниеге келуі – бәрі де алысты көздеген әрі жан-жақты ойластырылған үстем тап идеологиясы мен жүзеге асырар саясатының нақтылы көріністерін береді.

Патша өкіметінің ұстанған осы саясатының негіздерін жүзеге асыру саласындағы әрекет өрісінің жүйесіне және де оның өзекті салаларына ой көзімен қарар болсақ, олардың өзі бірнеше буынды бөліктерді қамтиды.

[1]               Социалистік Қазақстан. 1988, 19 тамыз
[2]               Мұхтар Әуезовтің әдеби-мемориалды музейі. Папкі № 9, 135-142-беттер
[3]               Жиырма томдық шығармалар жинағы, Алматы, 1980, VІ том, 363-364-беттер
[4]               Прошлое Казахстана в материалах и источниках. Алма-Ата, 1935, с. 103-104
[5]               КПСС съездерінің, конференцияларының және Орталық Комитет пленумдарының қарарлары мен шешімдері. Алматы, 1985, І-бөлім, 595-бет
(жалғасы келесі шығарылымда)

“The Qazaq Times”