Қарағанды қаласында 10 көшенің атауы өзгермек. Енді мәні ескірген Волочаевский, Защитный, Зональный, Кривогуз, Кувский, Ленин, Олимпиада және Приканальный көшелерінің атауы ауысады.

Кеше, қаңтардың 13-і кеншілер қаласында ономастикалық мәселеге қатысты қоғамдық тыңдалым өтті. Мыңнан аса азамат қатысқан жиындағы ортақ байлам бойынша, алдағы уақытта:

  • Волочаевский көшесі – екінші дүниежүзілік соғысының ардагері Кәміл Дүйсембеков есімімен;
  • Защитный көшесі – этнограф-фольклоршы Григорий Потанин;
  • Зональный көшесі – қазақ музыкасын нотаға түсіруші Александр Затаевич;
  • Кривогуз көшесі – ақын Қасым Аманжолов;
  • Ал қазіргі Қасым Аманжолов көшесі – Балқантау;
  • Кувский көшесі – екінші дүниежүзілік соғысының ардагері Қазыбек Нұржанов;
  • Ал қазіргі Нұржанов көшесі – Мерей;
  • Олимпиада көшесі – еңбек ардагері Нарманбет Төлепов;
  • Приканальный көшесі – Сарыарқа;
  • Ленин көшесі – Абай Құнанбаев көшесі деп аталады.

Қарағанды тұрғындары дауыс беру кезінде. Фото: Азаттық

Тәуелсіздік көгінде желбіреген қызыл ту

Достық үйінің кең залы кісіге лық толы, ине шаншыр орын жоқ. Тіпті сыймағандары көрші бөлмеде бейнебайланыс арқылы қарап отырды. Қоғамдық тыңдалым кезінде Ленин көшесіне Абайдың атын беру мәселесі көтерілгенде талқылау ерекше қыза түсті.

Жиналған қауымның эмоциясы да екі түрге құбылып сала берді. Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақтың кері байқалды. Көпшілік Абайдың атына беруді қолдаса, бес-алты кісі «Ленин біздің тарихымыз. Оның еңбегі бар. Сондықтан аты қалсын» деп қызғыштай қорғай түскен. Жиында кеңестік дәуірдің көзін көрген бір қария коммунистік Совет одағының туын жалаулатып жүрді. Кейбір белсенділер мұны «отарлаушы-террор империяның қолынан жем жегендердің құлдық-аңсары», «бұл Қазақстан халқы ассамблеясының жұмысының көрсеткіші» деп сынады.

Жаңа атауға қарсылық білдірген көпшілік олардың сөйлеуіне мұрсат бермеді. Абай атауына өзгеруді қалайтын ел Совет одағы қазақ халқын аштыққа, қуғын-сүргінге ұшыратқаны айтылғанда қол соғып, қошемет білдірді.

– Ленин көшесін Абай атына өзгерту – бұл дұрыс стратегиялық қадам. Ленин көшесі – ең қиын мәселе. Қазақ халқының элитасын жойған террор дәуірі Лениннен басталады, – деді бір тұрғын.

Ленин атына араша болуға тырысқан бірді-екілі тұрғынның сөзін көптің шуы бөліп, соңын естіртпей, аяқтатпай тастады. Сондай-ақ қоғамдық тыңдауда орыс тілді тұрғындарға «қазақ тілінде күніне тым құрығанда үш сөз жаттау» туралы ұсыныс та айтылды.

Дауыс беру кезінде халық «Ленин керек емес, Абай керек» деп ұрандатты. Олардың сөзінше, ескі идеологиялық көше атауларын өзгертудің уақыты келген, енді отандық ономастиканы отарсыздандыру керек.

«Қаражатты көше атауына емес, аялдама-жол мәселесіне жұмсау қажеттігін» орысша жеткізген Ержан Рыспаевтың сөзіне қарсы өре түрегелген көптің ішінен кәсіпкер Ерлан Әшімов «қажет болса, осы көше атауларына кететін қаржыны мен төлеп берейін», – деп ұсыныс білдірген.

Жергілікті әкімдік өкілінің сөзінше, көше атауының өзгеруіне қатысты тұрғындар ешқандай төлем жасамайды. Бұған заң аясында бюджеттен 3,5 млн теңге қарастырылған көрінеді.

Алдағы уақытта көптің басым даусымен қабылданған шешім облыстық мәслихаттың, одан ары республикалық ономастикалық комиссияның қарауына жіберіледі. Бірақ қалалық мәслихат хатшысы Құдайберген Бексұлтанов бұған «үш-төрт ай уақыт кетеді» дейді.

Қазақстан отыз жылға жуық қазіргі тәуелсіздік заманында қоғамдық-саяси деколонизация және  декоммунизация процесін әлі де толық өткеріп үлгерген жоқ. Компартияның билетін сақтау үшін жанын сатқандардың көбі қазір биліктің ең ықпалды орнында отыр. Боданның қылбұрауын білмейтін жаңа толқын азат сана мен құқықтық-өркениетті жолға ұмтылып буырқанады. Мұның дәлелін «Қазақстанның даму үдерісін тежеген, қолдан тажал жасап, репрессивті геноцид жүргізген отаршыл жүйенің қызыл туын азаттық таңында алаулатып-жалаулатып жүруді заңмен тыю керек» деген жастардың әлеуметтік желідегі толассыз пікірінен білуге болады.

Қоғамдық тыңдау кезінде. Фото: Жас Алаш

"The Qazaq Times"