Былтыр Алматы облысында Орбұлақ шайқасының тарихи реконструкциясы сахналанды. Бұл шараны орындаушы "Алматы облысы бойынша "Рухани жаңғыру" жобалық кеңсесі" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Тапсырыс беруші "Алматы облысының ішкі саясат басқармасы" мемлекеттік мекемесі. Шара бюджеттік қаражаттар есебінен қаржыландырылған. Мемлекеттік сатып алу порталында іс-шараны өткізу бойынша қызметтердің көрсетілген сомасы 98 813 978 теңге. Шарт 2019-08-22 күні жасалған. Ал 2019-08-28 бастап ""Алматы облысы бойынша "Рухани жаңғыру" жобалық кеңсесі"" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Орбұлақ шайқасының тарихи реконструкциясына қатысты жұмыстар, тауарлар мен қызметтерді ұсыну бойынша лоттарды жариялай бастайды.

Лоттарға кіріспес бұрын жалпы шараның мақсатын түсінуге тырысайық. "Жалпы алты жүз батыр 50 мың жоңғарға тойтарыс берген Орбұлақ шайқасы" 2015 жылы да сахналанған болатын. Ал 2019 жылы шараны қайта өткізуге не түрткі болды деген сұрақтың жауабын шараның техникалық спецификациясынан  іздеуге тырыстық.
Сонымен "фестивальдің мақсаты – ұлттық мәдениетті сақтау, президент Н. Ә. Назарбаевтың  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру, ұлттық бірегейлікті сақтау, бәсекеге қабілеттілік. Орбұлақ шайқасы реконструкциясын және бірқатар этноойындарды  жүргізу. Ұлттық мәдени дәстүрлер мен рухани – адамгершілік құндылықтарды ілгерілету үшін Instagram әлеуметтік желісінде және YouTube әлемдік бейне-хостингінде қысқа роликтерді түсіру.

Фестивальдің мәні – Президент Н. Ә. Назарбаевтың  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру, ұлттық мәдениетті сақтау және Алматы облысында оқиғалы туризмді дамыту бағыты ретінде көпсалалы (көпжоспарлы, көпжақты) фестиваль болып табылады". (дереккөз: https://goszakup.gov.kz/ru/egzcontract/cpublic/units/8419990 сайтында жарияланған техникалық спецификация)

Техникалық спецификацияда көрсетілген мақсаттың орындалған не орындалмағанын тексеру мүмкін емес. Бұл шарадан ұлттық мәдениет сақталып қалды ма, шараға қатысқан адамдар рухани жаңғырды ма, ұлттық дәстүрлер мен адамгершілік құндылықтар ілгеріледі ме нақты айту мүмкін емес. Сондықтан ""Алматы облысы бойынша "Рухани жаңғыру" жобалық кеңсесі"" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жариялаған лоттарға тоқталайық.

Қызықты лоттардың арасында XVII ғасырдың орта шеніндегі қазақ әлде жоңғарлардың шаш үлгісін қоятын шаштараздың бір күндік қызметі - 270 мың теңге. Малды 12 млн теңгеге жалға алу. Жалға алған малға жем-шөп алу сияқты лоттар бар. Осы фестиваль аясында өткізілген тағы бір шара Бауырсақ пати деп аталады. Бұл күні атшабар аумағында  2 тонна бауырсақ пісіріліп, Қазақстанның ректордтар кітабына енді деп хабарланыпты 24.kz телеарнасының сайтында. Бұл бауырсақ патиге 1 200 000 теңге жұмсалған (бауырсақтың 6 түрінен 2 мың тонна дайындалыпты). Бауырсақ патиді өткізу үшін ыдыс-аяқтарды жалға алу 130 мың теңгеге шығыпты. Бауырсақ пати шарасын орындаушы ЖК Тайбагаров Маулен Тулегенович (шарт № 190140019962/190051/00). Жалпы осы жеке кәсіпкер Тайбағаров 1 жыл ішінде Алматы облысының Рухани жаңғыру кеңсесі мен Алматы облысы ішкі саясат бөліміне 3 612 030 теңгеге қызметтер ұсынған.  Бұл жеке кәсіпкердің айналысатын шаралары да назар аударарлық. «Орбұлақ шайқасының тарихи реконструкциясы - 2019» іс-шарасына көмек көрсету үшін әртүрлі жұмысты атқаратын жұмысшылар қызметтеріне 690 000 теңге алған. Сән әлемімен де байланысы бар сияқты. Осы фестивальде кәсіпкер Тайбагаров Маулен Тулегенович "Ая Бапани жоғары сән көрсету коллекциясын өткізу" бойынша 1 200 000 теңгелік лотын алыпты (шарт номері  № 190140019962/190048/00). Қызықтысы коллекциясын өткізу, модельдердің сахнаға шығуын басқа кәсіпкер, модельдер Ая Бапанидің қатысуын ұйымдастыратын басқа кәсіпкер. Кутурье Ая Бапаниді жеткізген ЖК Кишон бұл қызметі үшін тағы да 1 200 000 теңге алған. Осынау дүрілдеген шарада картоннан жасалған батырлар бейнесіне дейін бюджетке салмақ түсіретінін атап өту керек. Мәселен, картоннан жасалған хан мүсіні 929 мың, жауынгер мүсіні 600 мың тұрады.

Бұл материалда халыққа мұндай рухани жаңғыру керек пе жоқ па деген сұрақты қоймаймын. Тек осы болашаққа бағдар жасағанда оның бюджетіне де назар аудартпақ едік.

"The Qazaq Times"