Англиялық «Арсенал» клубының ойыншысы Месут Озил мен Қытай билігі арасындағы конфликт әлем саясатын бей-жай қалдырмады. «Тегім – түрік, дінім – ислам» деп жиі айтатын Озил Шыңжаңдағы мұсылмандарды «қуғын-сүргінге қарсы тұрып жатқан батырлар» деп атап, Қытай саясатын және «аузын ашпай отырған мұсылмандарды» сынға алды. Саяси астары бар жағдайды ашық жеткізіп, Қытай геноцидін айыптаған Месут Озил кім? Футболшының бұл мәлімдемесіне халықаралық ұйымдар, «Арсенал» клубы және Қытай билігі қандай реакция білдірді? Сараптап көрелік.

13 желтоқсанда Озил Twitter және Instagram парақшасында: «Олар (Қытай) Құранды өртеп, мешіттер мен мектептерді жауып, діни тұлғаларды өлтіріп келеді. Ер адамдарды діннен аластату үшін лагерьлерге жіберіп отыр. Қыздарды мәжбүрлеп, күштеп қытайлықтармен үйлендіріп жатыр. Бірақ мұсылмандар әлемі үнсіз. Олар мүлде шу шығармайды. Сонда олар жазықсыз қудалау, гонения жасауға рұқсат берудің өзі – гонения екенін білмей ме?», – деп жазды. Футболшының бұл мәлімдемесінен кейін яғни 20 желтоқсанда Стамбулда наразылық шерулері өтті. Мыңдаған демонстранттар Қытайдағы «сырты бүтін, іші түтін» лагерьлердегі түркітілдес халықтарға бостандық беруді талап ете отырып, ҚХР-дың мұсылман азшылыққа қатысты саясатын сынаған Озилге қолдау білдірді. Олар қолына «Қатігездікті тоқтатыңдар!», «Қытай жауыздары, Шығыс Түркістаннан кетіңдер!», «Шығыс Түркістан жалғыз емес!» деген плакаттар алып, Бейжіңге қарсы ұрандатты.

Қытай мен «Арсенал» реакциясы

Бұл жағдайда Қытай билігі, әдеттегідей, «судан таза» сүттен ақ» шығуға тырысып бақты: үкіметтегі ресми өкілдер Озилдің мәлімдемесін жоққа шығарса, қытайлық ағылшын тілді «The Global Times» басылымы да футболшының бұл пікірін «қате» деп жазды. Қытай Сыртқы істер министрлігінің өкілі: «Озил мырза Шыңжаңды өз көзімен көрді ме, көрмеді ме, білмеймін. Бірақ, ол жалған, фейк ақпараттардың жетегінде кеткен. Егер Озил мырзаның мүмкіндігі болса, біз оған Шыңжаңды көрсетуге дайынбыз», – деп мәлімдеді.

Мұнымен қатар, Озилдің Қытайдағы жанкүйерлері оның бұл пікірін «жаға ұстатарлық» деп, футболшының суреттерін өртеді. Озилдің атынан ашылған фан-парақшалар блокталды. Мемлекеттік телеарна саналатын CCTV 15 желтоқсанда өтетін «Арсенал» мен «Манчестер Сити» ойынын тікелей эфирден алып тастады. Негізінен телеарна тарапынан мұндай жағдай бірінші рет орын алып отырған жоқ. Былтыр қазанда НБА клубының бас директоры Хьюстон Рокетс Гонконгтағы жағдайда Қытай билігінің кінәлі екенін ашық айтқаны үшін CCTV бұл құраманың матчын да көрсетуден бас тартқан.

Ал «Арсенал» клубы Озилдің бұл мәлімдемесіне ресми пікір білдіруден бас тартып, «бұл ойыншының жеке өз пікірі, сөз бостандығы бүкіл әлемде бар» деген уәж айтты.

Түрік жастары танымал футболшы Озилдің пікірін қолдайды. 20 желтоқсан. Фото: Reuters ХАА

Месут Озил кім?

Месут Озил 1988 жылы Германияның Гельзенкирхен қаласында туған. Әкесі Мұстафа Озил 20 жасында Түркиядан Германияға көшкен. Озил Германияның «Вердер», Испанияның «Реал» командаларында ойнаған. Қазір Англияның «Арсенал» клубының ойыншысы.

Германия құрамасында тоғыз жылда тоқсаннан астам ойын өткізіп, 23 гол салған. Германия құрамасы сапында 2014 жылы әлем чемпионы атанған. Футболдан Германия, Испания және Англия чемпионы.

Шетелдік БАҚ соңғы жылдары Озил саяси астары бар жағдайларда бой көрсетіп келеді дейді. 2018 жылы 14 мамырда Месут Озил мен тағы бір Германия құрамасының ойыншысы, ұлты түрік Илкай Гюндоган Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен кездесіп, суретке түскен. Гюндоган өзі ойнайтын «Манчестер Сити» футбол клубының жейдесін Ердоғанға сыйға тартқан. Жейдеде түрікше «Менің құрметті президентіме» деп жазылған еді. Фотоны сол уақытта Ердоғанмен бірге сайлауға дайындалып жатқан «Әділет және даму партиясының» Instagram парақшасында жариялады.

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен жүздесу Месут Озилдің Германия құрамасынан кетуіне түрткі болды. Фото: ВВС

Осыдан кейін Германияда жанкүйерлер Озил мен Гюндоганның Ердоғанмен кездесуін жаппай сынай бастады: Германия футбол федерациясының президенті Райнхард Гриндель Ердоғанды «құндылықтарға бей-жай қарады» және «екі футболшыны өзінің сайлауалды үгіт-насихатына пайдаланды» деп айыптады. Ал «Германияға альтернатива» партиясы екі футболшыны ұлттық құрамадан шектеуді ұсынды. Озил Германияның бұл әрекетін «расизм және кемсітушілік» деп бағалап, құрамадан кетті.

Фото: АРР

Қытай саясатын әшкерелеу

Қытай Шыңжаңда лагерьлер ашып, оған ұйғырлар, қазақтар және басқа да мұсылмандарды қамап жатқаны жайлы ақпарат 2017 жылы тарай бастаған. Бастапқыда ресми Бейжің лагерьлердің барын жоққа шығарып, кейін бұл жерлерді «терроризм мен экстремизммен күресетін және кәсіп үйрететін орталық» деп сипаттаған. Қытайдың бұл жауабына күмәнмен қараған БҰҰ «Шыңжаңдағы лагерьлерде бір миллионға жуық ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылман отырғанын» хабарлады. Кейіннен Америкалық «New York Times» басылымы Қытай билігіне тиесілі құжаттарды жариялаған. Қытай билігінің «сақтаулы құпиясын» әшкере еткен құжатта мұсылмандар тұратын аудандарды ұдайы тексеру қажеттігі айтылды. Сонымен қатар, отбасы мен туыстары лагерьлерге қамалған, өздері шетелде және ішкі Қытайда оқитын студенттерге шенеуніктердің не деп жауап беру керегі де көрсетілген. Ал америкалық «Washington Post» басылымы былай деп жазды: «аймақта діни орталықтарға тыйым алынған, кей мұылмандарға күштеп доңыз етін жегізді деген хабарлар да бар».

Стамбұл тұрғындары Қытай лагерлерінде қыспаққа ұшыраған түркі тілдес ұлттарды босатуды талап етіп, митинг өткізді. 20 желтоқсан. Фото: Reuters ХАА |

2018 жылдың қыркүйегінде «Нumans Rights Watch» (адам құқықтарының сақталуын қадағалайтын үкіметтік емес ұйым) Қытайдағы мұсылман халқының қудалануы, жазықсыз жапа шеккені туралы баяндама жариялады. Шыңжаңдағы жағдайды журналистердің халықаралық зерттеу консорциумы (ICIJ) да жазды. Олар Қытай билігіне тиесілі «Телеграмма» деп аталатын құпия құжатта Бейжіңнің Шыңжаңдағы лагерьлерге қамалатын адамдарды анықтау жолы, саяси тәрбиелеу орталықтарының қалай басқарылатынын жария етті.

Аталған құжатта «Лагерьдегілер қашып кетпеуі тиіс. Сондықтан олардың әр қадамын тәулік бойы видеокамерамен бақылау керек. Оларды жататын жерде, сабақ өтетін сыныпта, тіпті түскі ас кезінде де бақылауда ұстау қажет. Қытай тілін меңгеру – басты талап» деп жазылған.

Түйін

Озил өз мәлімдемесі арқылы Қытай саясатындағы озбырлықты ғана емес, Түркия билігінің және өзге де елдердегі мұсылман халықтарының Шыңжаңдағы аз ұлт өкілдеріне көрсетіліп отырған қысымды тоқтатуға күш салмайтынын айтқысы келгендей. Осыған  дейін Түркия Сыртқы істер министрлігі Қытайдағы «қайта тәрбиелеу орталықтары» жөнінде «бұл – адамзат тарихындағы өте ұят, жат әрекет» деп мәлімдеген. Дегенмен, күні бүгінге дейін БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесіне Түркия да Қытайдағы мұсылмандарға араша түсу жөнінде хат жолдамаған. Бірақ ел президенті Ердоған қазіргі уақытта экономикалық мүдделер мен халық наразылығы арасындағы тепе-теңдікті сақтауды мақсат етіп отыр. Себебі дәл қазір миграциялық мәселелер қыспаққа алған жағдайда Түркия үшін Қытай санкциясынан қорғану және халық тыныштығын сақтау күн тәртібінде тұр.

"The Qazaq Times"