Ұлыбританияда мерзімінен бұрын парламенттік сайлау мәресіне жетті. Exit poll нәтижесі бойынша, ел премьер-министрі Борис Джонсон бастаған Консерваторлар партиясы жеңіске жеткен.

Sky News телеарнасының мәліметінше, консерваторлар 368 орынға ие болған. Демек, оппозицияға қарасты Лейбористік партия ірі жеңіліске ұшыруы мүмкін. Қазіргі уақытта Лейбористердің 198 мандаты бар. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 54 мандатқа аз. Үшінші орынды Шотланд ұлттық партиясы (45 мандат), одан кейін «Либералды демократтар» партиясы (8 мандат) иеленген.

Бірікен Корольдікте соңғы бес жылда үш рет мерзімінен тыс парламенттік сайлау өткізілді. Биыл науқан кезінде таңғы жетіден түнгі онға дейін Англия, Уэльс, Шотландия және Солтүстік Ирландияның 650 округінде учаскелер жұмыс істеді.

Сайлаудың алдын ала қорытындысы мәлім болғаннан кейін, АҚШ президенті Дональд Трамп Twitter парақшасында Британия премьер-минитсрі Борис Джонсонды құттықтады. Басқарушы билік толығымен жеңіске жетсе, 31 қаңтарда Ұлыбритания Brexit келісімі бойынша Еуропалық одақ құрамынен шығады.

"The Qazaq Times"