12 желтоқсан Талғат Рысқұлбеков, Гүлбахрам Жүніс, Болат Құрымбаев, Гүлмира Мұстафина бастаған белсенділер қазнетте желдей ескен баспасөз мәслихатын өткізді. Жиын кезінде желтоқсан құрбаны Қайрат Рысқұлбековтің туысы Талғат Рысқұлбеков «16-шы желтоқсан күні алаңға шыққан азаматтардың аяғын сындырып, кекілін қайырып, жағын айыратындығын» айтқан болатын.

Әлеуметтік желі қолданушылары азаматтық қоғамда «радикалды діни ағымның өкілі» деп жиі сыналатын Талғат Рысқұлбековтың сөзін айыптап, оның «жеке ескертуін» демократиялық принциптерге жатпайтынын айтып талқылауда. Соның ішінде Демократиялық партия ұйымдастырушыларының  бірі, қоғамдық белсенді, журналист Жанболат Мамай өзінің facebook парағында «өткір қайтарым» жазбасын жариялады.

"Желтоқсан қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің інісі Талғат «16 желтоқсан күні митингіге шыққандардың аяғын сындырып, жағын айырамын» деп мәлімдепті.
Осыған байланысты Талғат Рысқұлбековке мынаны айтар едім.
Біріншіден, халық қай күні митингіге шықса да, биліктің саясатына қашан наразылығын танытса да, бұл қалың жұртшылықтың еркі. 16-17 желтоқсан күні шыға ма, әлде басқа кезде алаңдарға бара ма, — оны халық шешеді. Егер ондаған мың адам Желтоқсан мен Жаңаөзен құрбандарын еске аламыз, рухына тағзым етеміз, құран бағыштаймыз деп шықса — қайсібірінің «жағын айырып» жүрер екен Талғат?
Екіншіден, Талғат мырза «аяқ сындырғыш, жақ айырғыш» болса, 2011 жылы 16-желтоқсан күні билік Жаңаөзенде қанды қырғын жасап, бейбіт мұнайшыларды атып жатқанда қайда қалды? «Оңбаған билік, Желтоқсан боздақтарын еске алып жатқанда, қан төккендерің қалай? Халыққа неге оқ атасыңдар? Бейбіт мұнайшылардың мәселесін шешудің орнына оларды неге жазықсыз қырасыңдар?!» деп биліктің шындықпен неге «жағын айырмады»?! Сол кездегі ішкі істер министрі Қасымов «Ақтауда халық көшеге шықса, тағы да оқ атуға бұйрық беремін!» дегенде «аяқ сындырғыш» «батырлар» қайда қалыпты? Сонда биліктің қантөгіс жасап, ресми деректер бойынша, 17 адамның Желтоқсан құрбандарын еске алатын күні қаза болуы — «жақ айырғыштарды» ашуландырмайтын мәселе ме еді?
Үшіншіден, Желтоқсан қаһармандары мен боздақтары Алматы алаңына шығып, Колбиннің кетуін талап етіп, ұлттық мүддені қорғап шықпағанда, қазіргі күніміз қалай болар еді? Олардың алаңға, БЕЙБІТ МИТИНГІГЕ шығуы Қазақстанның тәуелсіздігін жақындатып, ұлттық рухымызды серпілтіп тастаған жоқ па еді? Сол кезде биліктің айтақтауымен «дружинниктер» шығып, арматуралар алып, бейбіт қазақ жастарының «аяғын сындырғандар» аз болған жоқ. Бірақ, қазақ жастары бұдан да қорықпай, өз талаптарын көтеріп тұрып алды. Желтоқсанның рухы — батылдықтың, ерліктің, Отансүйгіштіктің символы! Қазіргі «желтоқсандықтар» «аяқ сындырып, жақ айырғаны» сол кездегі нағыз Желтоқсан батырларының ерлігіне қайшы емес пе?
Төртіншіден, «аяқ сындырамын» деп қорқыту — озбыр басқыншы билікке тән әрекет. 1986 жылғы Желтоқсанның ызғарлы күндері қаншама қазақ жастарын ұрды-соқты, азаптады, қинады, аяғын да сындырды, басын да жарды, көзін де шығарды. Қаншама қазақ жастары қаза болды! «Метель» операциясы ұйымдастырылып, жастарды қырып салған жоқ па? Қайрат бастаған батырлар кейіннен сол озбыр биліктің қылмысынан абақтыда қаза болды! Бұл оңбағандықты басқыншы билік, Кремль жасады дейік. Ал «аяқ сындырамын» деп қоқан-лоқы көрсетіп отырған бүгінгі Талғаттардың сол озбырлардан қай жері артық сонда?! Меккеде «жамбастан тебеді» деп Тазабеков шықты. Сонда бұлар халықты «ұрып-соғып», азаптап, қандай ұшпаққа шықпақ?!
Бесіншіден, 16-17 желтоқсан күндері неге ең жоғары лауазым иелері халықпен бірге алаңға шығып, Тәуелсіздік қарлығаштары мен Жаңаөзен құрбандарының алдында бас имейді? 16 желтоқсан — Ұлттық аза тұту күні болып жариялану керек! Керек десеңіз, бұл ұлттық бірлік күні болуы керек. Президентінен бастап қарапайым азаматына дейін алаңға барып, боздақтарға құран бағыштап, рухтарына тағзым ету қажет! Желтоқсан мен Жаңаөзен құрбандарын мәңгі ұмытпаймыз деп келуі керек бәрі. «Барлық билік өкілдері алаңға шықсын. Есімов те сол күні туған күнін тойламай алаңға келсін, әйтпесе, ақиқатпен жақтарыңды айырамын» десе, бір сәрі, Талғаттың. Ал Желтоқсан мен Жаңаөзенді еске аламыз деген халыққа доңайбат шегуіне жол болсын!
Меніңше, 16-желтоқсан — ұлттық қасірет күні. Бұл күні барлығымыз Желтоқсан мен Жаңаөзен құрбандарын еске алып, құран оқып, батырларымызды ардақтайтын күн! Бұл күні теледидардағы барлық ойын-сауық тоқтатылып, арзан күлкі емес, халыққа боздақтарымыз туралы көрсетіліп, айтылуы керек. Осыны түсінетін, білетін кез жетті ғой?!"

"The Qazaq Times"