Тоқаев Германияға жұмыс сапары қарсаңында Deutsche Welle неміс телерадиокомпаниясының тілшісі Жанна Немцоваға сұхбат берді.

Немцовамен сұхбат барысында президент Украинада болып жатқан жағдайлардан жасқанбайтынын, Қазақстанда жеке басына табынушылық жоқ екенін және елді «антиқытайлық майданның аумағына» айналдырғысы келмейтіні айтқан. Сонымен қатар Тоқаев елдегі митингілерде полиция наразыларға күш қолданбағанын айтты. Өткен айда Германия-Қазақстан арасындағы экономикалық байланыстың әлсіреуін тоқтатып, ары қарай дамыту мақсатында 5-6 желтоқсан күндері Тоқаевтың Берлинге мемлекеттік жұмыс сапарымен баратыны жарияланған еді.

Сіз биыл Нұрсұлтан Назарбаевтың мерзімінен бұрын кетуіне байланысты президент болдыңыз. Биліктің бұл ауысуы Ресейде 2008 жылы Дмитрий Медведев президент болып сайланған кезде, Владимир Путин елеулі ықпалын сақтауымен салыстыруға бола ма?

Ресейдегі биліктің ауысуы туралы ештеңе айта алмаймын, өйткені ол басқа мемлекет. Қазақстанға келетін болсақ, бұл жаңа саяси инновация болды. Нұрсұлтан Назарбаевты біз Қазақстан Республикасының негізін қалаушы ретінде, үлкен құрметке лайық адам ретінде, ұлт көшбасшысы ретінде көреміз. Ал мен заңды түрде сайланған президент, мемлекет басшысы, жоғарғы қолбасшымын. Біздің арамызда ешқандай қайшылықтар жоқ. Кейде баспасөз бұл тақырыпты асыра сілтеп айтқанды ұнатады. Мен бір-бірімізбен ақылдасатынымызды жасырмаймын. Кейде мен одан кеңес сұраймын. Бізде қос билік те, тандем де жоқ. Өйткені заңды түрде сайланған президент бар.

– Президент мырза, ел астанасын Нұр-Сұлтан деп өзгерту туралы бастаманы сіз ұсынғаныңызды білемін. Сонымен қатар, мен бірінші президенттің есімімен аталған әуежайға ұшып келдім және қаланың басты алаңында Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткіші тұр. Оған қоса, 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті күні. Менің ойымша бұл жеке тұлғаға табыну. Сіз бұнымен келісесіз бе?

Жоқ, келіспеймін. Сіздер білесіздер ме, Шолохов (Михаил Шолохов ) «Жеке тұлғаға табыну болды ма?» деген сұраққа жауап бергенде, ол: «жеке тұлға болды» деп жауап берген. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев - ірі тарихи тұлға. Ол елдің негізін қалаушылардың бірі. Сондықтан, біз оның еңбегіне лайықты, құрметпен қарауымыз керек.

Тұңғыш президентті сынауға бола ма?

Қазақстан азаматтары тұңғыш президентті сынайды. Мұны тоқтату мүмкін емес, өйткені әлеуметтік желілер мен интернет жұмыс істеп тұр. Жалпы ғаламтор біздің өмірімізді түбегейлі өзгертті.

– Бұл жақсы өзгеріс пе?

Менің ойымша, бұл ғылыми-техникалық прогресс, оны тоқтата алмайсыз.

Ал бұл үшін қандайда бір жаза қолданылмай ма? Әлеуметтік желілердегі сынға немесе наразылық акциясына қатысқаны үшін, немесе жалғыз пикеттер үшін?

Қазір елде бір адамдық пикетке шыққандарды ешкім жазаламайды. Елде наразылық шаралары болған кезде, назар аударыңыз, полиция арнайы құралдармен күш қолданған жоқ. Мен оларға ескерттім. Арандатушыларды қолымен ұстады. Керісінше, полицейлер наразылардың қолынан зардап шекті. Он шақты полицей ауруханаға түсті. Еуропамен салыстырыңыз. Онда суатқыштар мен қол шоқпар қолданады. Барлығын теледидардан көріп отырмыз.

Қазақстан үкіметі Украинадағы оқиғалардан, атап айтқанда Қырымды аннексиялау мен елдің шығысындағы соғыстан қорықпай ма?

Біріншіден, біз Қырымда болған оқиғалары аннексия деп атамаймыз. Болған іс болды. Аннексия бұл Қырымға қатысты тым ауыр сөз. Екіншіден, сіз айтқандай, қорқыныш болмады, өйткені біз жоғарыда айтқанымдай Ресей Федерациясымен сенімді, тату қарым-қатынастамыз. Минск келіссөздері Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша жүзеге асқанын еске салғым келеді. Бүгінгі таңда Минск келісімдері, Украинадағы қақтығыстың реттелуіне көмектесетін жалғыз заңды құжат болып табылады.

Сіз жақында Германияға ресми сапармен келесіз. Онда Германия канцлері Ангела Меркельмен кездесесіз. Әңгімелеріңіз не туралы болмақ?

Германия үшін Қазақстан Еуропаның негізгі серіктесі. Германияның Орталық Азиямен саудасының 86%-ы Қазақстанға тиесілі. Сапар барысында шамамен екі миллиард долларға жуық бағаланатын меморандумға қол қойылатын болады.

Елдің Қытайдың Синьцзян провинциясымен ортақ шекарасы бар. Көптеген ақпарат құралдары Қытайда ұйғырлар мен қазақтарды саяси тәрбилейтін лагерлер бар деп жазды. Бұл мәселе бойынша Қытай басшылығымен келіссөздер бар ма?

Біріншіден, Қытай Халық Республикасының азаматтары Шыңжаңда тұрады. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары ұсынған көптеген хабарламалар шындыққа жанаспайды. Қалай болғанда да, этникалық қазақтарға қатысты осы тақырып төңірегінде ушығулар бар. Біз бұл геосаясаттың бір бөлігі екенін білеміз. Өйткені Қытай мен АҚШ саудасы арасында қақтығыс бар. Қытайға қарсы санкциялар жойыла ма, жоқ па, уақыт көрсетеді. Бірақ Қазақстан жаһандық антиқытай майданының аумағына айналмауы керек.

"The Qazaq Times"