НАТО ұйымындағы ұстанымдарына байланысты Түркия мен Франция арасында алауыздық өршіп тұр. Екі ел арасындағы дау Франция президенті Эммануэль Макронның Сүрияның солтүстік-шығыс аймағында жүргізген Түркияның әскери әрекеттеріне қарсы сын-пікірінен басталған. Президент Макрон бұл турасында АҚШ пен Түркияның бірдей сынға алып, НАТО ішіндегі үйлесімділікті бұзды деген еді.

Франция президенті Макрон Түркия мен АҚШ-тың НАТО ұйымындағы ұстанымдарына қарсы пікірін қазан айында ортаға салған еді. Онда ол АҚШ-тың аталмыш қорғаныс-қауіпсіздік ұйымындағы міндеттерін орындамай отырғанын, соған қарамастан Еуропа елдері АҚШ-қа иек сүйегісі келетінін айта келіп, бұл жағдай ауқымды ұйымдағы «талма ауыруымен бірдей» деп бағалаған болатын. Сонымен бірге, Түркияның Сүриядағы әскери операцияларын басқыншылық ретінде бағалаған. Президент Макрон сөзінде: «АҚШ пен НАТО-ға мүше өзге елдер арасында стратегиялық шешімдерде ешқандай да үйлесімділік жоқ. Біз НАТО-ның бір мүшесі саналатын Түркияның ұйымның ортақ стратегиясымен үйлеспейтін және біздің мүддемізге қатер төндіретін шапқыншылық әрекеттеріне куә болдық», – деген.

Франция тарабы Түркияның Сүриядағы әскери қимылдарына байланысты түсініп беруін талап етті. Анкара бұған дер кезінде жауап бермеді. Француз лидерінің сөзі Анкара мен Уашингтонның ашуына бірдей тиді. Ердоған өз кезегінде сөзден есе жіберген жоқ. Ол бұдан 4 күн бұрын Франция президентіне қарата: « Сіз өзінің талма ауруына ұшыраған жоқсыз ба, тексеріп көріңіз», – деген. Париж билігі президент Ердоғанның сөзі дипломатиялық қарым-қатынасқа сай келмейтін жөнсіз пікір ретінде қабылдады. Тіпті, Франциядағы Түркия елшісін түсініп беруге шақырды.

Франция билігі Түркияның Сүрия жеріндегі әскери қадамы НАТО мүддесіне сай емес деп санайды. Бұған қоса көптеген сарапшылар түрік армиясының сүриялық күрд қарулы күштеріне жасаған әрекетіне АҚШ президенті Дональд Трамп рұқсат берді деп санайды. Осыған байланысты француз билігі АҚШ-тың да кейбір стратегиялық шешімдерін сынға ала бастады. Уашингтон да өз кезегінде Францияны НАТО ұйымынан бөлек дербес қауіпсіздік шараларына қарай бет түзеген әрекеттерін сынға алған.

Осы апта Лондонда НАТО басшыларының саммиті өтеді. Ұйым ішіндегі бірлікті нығайтуды мақсат еткен отырыс, Франция мен Түркия арасындағы және АҚШ факторына байланысты көздеулі нысанаға жете алмай қалуы мүмкін деген болжам күшті. Бірақ, кейбір шетелдік басылымдардың пікіріне қарағанда, Құрама Штаттар тарабы Франция мен Түркия арасындағы кикілжіңді ұйымдағы өз мүддесіне қарай пайдаланғысы келіп отырғанын айтады. АҚШ президенті Трамп Францияның жас лидері Макронның Еуропаға тән тәуелсіз қорғаныс құрылымын қалыптастыруға күш салған әрекеттерін көп ірет сынаған. Оның өзі де НАТО-ның ішкі үйлесімділігін әлсіретіп отыр.

“The Qazaq Times”