Бүгін таңғы 11:00-де ел астанасында ондаған белсенді Еуропа Одағының Қазақстандағы өкілдігі ғимаратының алдына жиналып, ЕО дипломаттарынан өз наразылықтарына назар аударуын сұрады.  

Оқиға куәгері Азаттықтың хабарлауынша, екінші күн шеруге шыққандар дипломаттарға шағым-талаптарын жеткізгісі келеді. Наразылар Қазақстанда азаматтардың негізгі құқықтары тапталып жатқанын, билік оларды қуғындап, митинг өткізуге рұқсат бермейтінін айтады.

Кешегі, қарашаның 26-сы өткен жиын шамамен үш сағатқа созылған. Бірақ өкілдіктен ешкім шықпаған.

Қарсылық акциясына қатысушылар «Саяси тұтқындарға бостандық!», «Қытай экспансиясына жол жоқ» деп ұрандасып, айқайлады. Сонымен қатар Шыңжаңнан қашып, пана сұрап келген этникалық қазақтарды Қытайға қайтармау қажеттігі сөз болды. Олар адам құқығы және азаматтық бостандық бұзылып жатқан тұста Қазақстанмен әріптестік орнатуға болмайды дейді. Өкілдіктен бүгін де ешкім шықпаған.

Қазақстандағы ЕО өкілдігінің баспасөз қызметінің таратқан мәлімдемесіне сәйкес, Еуропа кеңесінің Шығыс Еуропа және Орталық Азия жөніндегі жұмыс тобының Қазақстанға сапары аясында олар үкімет, парламент депутаттары және бас прокуратура өкілдерімен кездескен.

Өкілдік сайтында жарияланған мәліметке сәйкес, Нұр-Сұлтандағы кездесу кезінде Еуропа Одағы Қазақстанда бейбіт шеруге шыққан адамдардың ұсталу мәселесіне алаңдап, Қазақстанды "құқық қорғаушылар, журналистер мен үкіметтік емес ұйым өкілдерінің еркін жұмыс істеуіне әрі қарай да мүмкіндік беруге" шақырған.

ЕО өкілдігі қарашаның 19-ы елде «бейбіт шеруге шыққан азаматтардың еш негзсіз тұтқындалуы бойынша алаңдаушылығын білдіріп, Қазақстанды заңгерлер, журналистер және үкіметтік емес ұйымдардың жұмысы үшін қолайлы ортаны қалыптастыру бойынша іс-қимылдарды жалғастыруға шақырған».

"The Qazaq Times"