Атаулы әлеуметтік көмек тағайындалғанда оған өтініш берген адам өз табысын жасырса, мемлекеттік жәрдемақы заңсыз тағайындалған болып саналады және ақша мемлекетке қайтарылуы тиіс. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мәлімдеді.

Заңсыз алынған қаржыны мемлекетке қайтарудан бас тартса, тиесілі сома сот арқылы өндіріледі. Нұрымбетов сөзінде: «Он бес облысқа барып келдім. Ешкім ақшаны қайтарудан бас тартып жатқан жоқ, яғни, ақшаны сот арқылы төлетуге ешқандай негіз жоқ. Кесте жасап, 3-4 мың теңгеден бір-екі жыл қайтарсын. Себебі атаулы әлеуметтік көмекке жүгінген адамның оны қайтаратын табысы да көп емес. Білместікпен бірдеңе жасырған шығар, кей кезде қазақтың пендешілікке салынып, ақыры беріп жатқасын, ала салайық, мынаны көрсетпейік дейтіні де бар. Бірақ ол адамның табысы көп емес. Сондықтан оны қазір қинап, қайтаруды талап етпейміз», – деді.

Тағы бір жайт, егер 6 айға атаулы әлеуметтік көмекті алатын азамат төртінші-бесінші айында жұмысқа орналасып, табысы көбейіп жатса және ол табыс атаулы әлеуметтік көмекті алу құқығын жоятын болса, оның төлемдері тек сол табыс пайда болған күннен тоқтатылады.

"The Qazaq Times"